ЖАСТАР АЛАШ АРЫСТАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ

31-мамыр ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, сол бір зұлматқа толы тарихи оқиғаны жастар арасында талқылап, дәріптеу мақсатында «Астана» қонақ үйінің мәжіліс залында Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жастар Үні» ЖҚБ «Көзқарас» жобасы аясында «Мен сенемін жастарға!» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Шараға мемлекеттік құрылым мен қоғамдық кеңес өкілдері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары және жас тарихшы-ғалымдар, магистранттар және студенттер қауымы қатысып, мәселені кеңінен талқылады. Елнұр Бейсенбаев тізгінін ұстаған бұл жиында белгілі саясаттанушы Дос Көшім, Еуропа ғылым академиясының академигі Жанұзақ Әкім, М.Тынышпаевтың жиен қарындасы Нұршакен Жүнісова, танымал кинорежиссер Еркін Рақышев, саясаттанушы Расул Жұмалы, «Жастар Үні» ЖҚБ «Көзқарас» жобасының жетекшісі Талғат Жанысбай, ақын Мұратхан Шохан, ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Самбетбай қатысып өз пікірлерін ортаға салды. Алаш арыстарының сонау қиын-қыстау заманда бастан кешкендерін бүгінгі жастарға үлгі-өнеге қылып, тарқатып айтып берді. – Шындығын айтқанда біз Алаш қозғалысының 100 жылдығын шын көңілмен тойлап жатқан жоқ сияқтымыз. Өйткені, біздің елде ұлттық мәселенің бір жағы ашылады да екінші жағы жабулы күйінде қалып қояды. Біз қаһармандарды ұлықтаймыз. Бірақ біздің елде осы кісілерді жасаушылар мен жазалаушылар жоқ сияқты әсерде боламыз. Желтоқсан оқиғасында келгенде де дәл осындай жағдай орын алып жатады – деді белгілі саясаттанушы Дос Көшім. – Кез-келген жағдайда адамның жасаған жұмысының жамандығынан жақсылығы көп болса демек оның кейбір кемшілігін сөз етудің қажеті жоқ. Алаштықтар ақтар жағына немесе қызылдар жағына кетіп қалыпты деген әңгімелер болмауы керек. Біз ең бастысы арда азаматтарымыздың ұлт үшін еткен ерен ерліктерін естен шығармауымыз керек. Олардың барлық іс-әрекетін қазбалай берудің қажеті шамалы», – деп түйіндеді сөзін. Гүлмира Садық qazaquni.kz