Астанада отандық тарихшылардың IV конгресі өтті

Бүгін  Л.Н Гумилев атындағы  Еуразия  ұлттық университетінде «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ  ЖӘНЕ  ТАРИХ  ҒЫЛЫМЫНЫҢ  ЖАҢА  МІНДЕТТЕРІ» атты отандық  тарихшылардың  IV  конгресі  өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ұлттық порталы.

Конгреске Қазақстанның барлық облыстарынан республикаға  танымал  тарих- гуманитарлық ғылым мен білім  саласының  көрінекті өкілдері,  ҚР Парламентінің депутаттары, сонымен қатар шетелдік қонақтар келіп  қатысты.

Конгресті өткізудің басты мақсаты Елбасының қоғамдық  сананы және рухани   өрлеуді жаңғырту бағытындағы жаңа бастамасына қолдау көрсету. Сондай-ақ  отандық  тарих ғылымы мен  білім беру саласының  өзекті  мәселелерін  талқылау мен мектеп  пен  жоғары оқу орындарының мазмұндық жағдайын жақсартуға жете мән беру.

Осы  конгрестің  өтуіне  мұрындық  болып,  алғаш сөз алған  ЕҰУ ректоры  Е.Сыдықов мырза  «Қазақстан Республикасы  қазіргі таңда рухани жаңғыруға бетбұрыс жасап отыр. Бұл орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, еліміздің  тарихы мен дәстүрі,  әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуға бағытталған жаңа бастамаларды көтерді. Елбасы өз мақаласында «Мен  халқымның тағылымы мол тарихы мен  ықылым заманнан арқауы үзілмеген  ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік  діңі  ете  отырып, әр бір  қадамын  нық  басуын,  болашаққа  сеніммен бет  алуын  қалаймын» деп атап көрсеткен болатын», - деді.

Конгресте шетелдік  және  қазақстандық  ғалымдар  «Отандық тарих ғылымы мен білімінің өзекті мәселелері», «Латын әліпбиіне көшу рухани жаңғырудың  негізгі элементі ретінде», «Ұлттық код мәдени белгілер мен құндылықтар жүйесі ретінде»  секілді алуан  түрлі  тақырыптар төңірегінде өз  ойларын  ортаға  салатын болады.