Cексендегі сері

Қазақ өнерінің абызы, көрнекті актер, режиссер, Қазақстан және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов 80 жасқа келді. Аты аңызға айналған тұлғаның дүбірлі тойы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында дүрілдеп өтті. Азамат Сатыбалды, Зарина Карменова, Ақберген Жұмабай және Жәнел Мақажанова сынды театрдың талантты артистері тізгінін ұстаған бұл шара «Салтанат» би ансамблінің мың бұралған биімен басталды. Бұдан соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтой иесіне жолдаған Құрмет грамотасын оқып, салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықовалардың құттықтау хаттарын тапсырды. Ал, А.Мәжит, С.Бақаева, Ә.Байлин сынды Әуезов театры өнерпаздарының Құрманғазы атындағы Қазақ­тың Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орында­ған Бекежан, Жібек, Шегенің арияларынан шырқаған үзіндісі кеш шырайын кіргізе түсті. Жиын барысында сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Аса қадірлі Ас-аға 80 жасқа толған мерейлі мерекеңіз құтты болсын! Сіз қазақ өнерінің жауһары саналатын «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сынды кинофильмдердегі рөлдеріңіз арқылы нағыз актерлік шеберліктің үлгісін көрсетіп, қазақ киносын әлемдік деңгейге көтеруге орасан зор үлес қостыңыз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз бүгінгі мынау өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Тойыңыз тойға ұласа берсін!» – деп жүрекжарды лебізін білдірді. Арман Жүдебаевтың бас дирижерлігімен Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің орындаған «Сарыарқа» күйі, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры ұжымымен бірге осы өнер ордасының солисті Дархан Жолдыбайдың әуелете шырқаған «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері өнерсүйер қауымның көңілін көкке көтерді. Бұл күні қазақ өнерінің қарашаңырағына алыстан ат терлетіп келген қонақтардың да қарасы көп болды. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты, мемлекет қайраткері Бірғаным Әйтімова ҚР Сенатының төрағасы Қасым Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жетікізіп, қазақтың салтымен той иесіне зерлі шапан жапты. Ақ тілектер ағылған осынау күні Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы – Қайрат Мәмидің, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаттарын жеткізді. Сондай-ақ, ел өміріндегі атаулы тойда өз тілегін білдірген Нұрлан Мырқасымұлы: «Асеке, Сізді көріп тұрып мен қазақ болып туғаныма қуанамын. Сіздің бүгінгі бет-бейнеңізді, жүріс тұрысыңызды көріп тұрып, өнердің баламасы халық екеніне тағы да бір көз жеткіздім. Халық – біздің тамырымыз. Халық – біздің тағдырымыз. Халық – біздің Тәңіріміз. Мына үш сөз сіздің бойыңыздан табылады. Сіз сексен деген жасқа тірілердің тізгінін ұстап, арамызда жоқ өнер тарландарының көзіндей болып келіп отырсыз. Қазақтың тамыры болған қастерлі өнерді біз Сізге қарап бағалаймыз, бағамдаймыз. Өзіңіздей өнердің өз өкілімен қазақтың өнері мәңгі өлмесі анық. Аман жүріңіз!» деп лебіз білдірді. Сондай-ақ, кеш жүргізушілері бүгінде аты әлемге мәшһүр Асанәлі Әшімовтің торқалы тойына алыс-жақын шетелдегі әріптестері КСРО Халық артисі, Ресей мемлекеттік сыйлықтарының иегері, актер, режиссер – Олег Табаков, КСРО Халық артисі, Армения мемлекеттік сыйлықтарының иегері – Армен Джигарханян жолдаған құттықтау хаттарын оқып, иесіне тапсырды. Асанәлі Әшімовтың ұстазы Асқар Тоқпановтан бастап, өнердегі аға-апалары мен қатарластарын еске алған монологы жиылған жұрттың жан жүрегін тебірентті. Шара аясында Қалибек Қуанышбаев театрының «Дон Жуанның думаны» спек­таклінен қойған үзіндісі Ас-ағаның өткен шағына бір саяхат жасағандай болды. Ал, осы күні сахнаның сәнін кіргізген кішкентай Асанәлінің көрсеткен өнері көпшілікті айрықша тәнті еткені сөзсіз. Кеш соңында Асанәлі Әшімұлы өнерге деген шынайы ықылас-ниеті мен қамқорлығы үшін жиылған халыққа алғысын білдірді. Бұл дүбірлі тойдың бас­тамасы ғана. Алдағы уақытта тұғырлы тұлғаның торқалы тойы Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік «ЭКСПО – 2017» көрмесінде өз жалғасын табатын болады. Әлем көз тіккен бұл шара аясында Асанәлі Әшімов атындағы Дүниежүзілік театр фестивалі ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары өз өнерлерін ортаға салмақ. Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz