Мұхтар ТАЙЖАН - Қазіргі жастар ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді үйренуі керек

Картинки по запросу қазақстан халқы ассамблеясы

Танымал қоғам белсендісі, экономист Мұхтар Тайжан Қазақстан халқы ассамблеясының қазіргі қазақ қоғамына қажеті жоқ деп санайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында маңызды болған бұл институт бүгінде театрландырылған қойылымға ұқсап барады, - деп жазды Тайжан өзінің Facebook парақшасында.

«Бұл институт бізге 25-20-15 жыл бұрын қажет болса болған шығар. Ол кезде қазақтардың елдегі үлес салмағы 38-50 пайыз аралығында еді. Ал, қазір демографиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты (қазақтардың саны 77 пайызды құрайды) ҚХА жасандылыққа бой алдырып барады. Турасын айтайық, біздің елде 140 ұлттың өкілі тұрмайды.

Әрине, әр ұлттың өкілі өзінің ұлттық киімін киіп жүруге құқылы. Бірақ, сол ұлттардың өкілдерін мектептерден, ауылдар мен қалалардан таппасақ, оның ұлттық киімін қазақ баласына кигізудің не қажеті бар? Бұл барып тұрған мазақ қой. Қазақстанда мемлекетті қалыптастырушы бір ғана ұлт бар, ол - 13 миллионға жетіп қалған қазақ халқы. Кез келген өзге мемлекеттердегі секілді бізде де диаспоралар бар, олар өз тілін, дінін, мәдениеті мен дәстүрін сақтауға құқылы. Бірақ, қазіргі жастар ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді үйренуі керек, қазақша сөйлеуі керек. Мемлекет соған міндеттеуі тиіс.

Біз еуропалық үлгіде ұлттық-демократиялық құқықтық мемлекет қалыптастыруымыз қажет», - деп жазды экономист өзінің парақшасында.

Айта кетейік, кеше Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясы өтіп, оған еліміздің әр аймағынан келген 1,5 мыңнан астам адам қатысты.