САЛЫ СУҒА КЕТКЕН ТӨТЕНШЕЛІКТЕР КІМГЕ ҚОРҒАН БОЛМАҚ?

Көктемгі егіс, күзгі орақ науқаны деген секілді, күн жылынысымен көптеген аймақтарды су басу да бізде тұрақты «науқанға» айналды. Жыл сайын қайталанатын бұл қауіпке қарсы қыс бойы жаттығу жасап, «Биыл су тасқынын қайтсек те тізгіндейміз!» деп айқайлап, білектерін сыбанған төтеншеліктер тағы да қауқарсыз болып шықты. Биыл да көптеген елді мекендер су астында қалды. Ақтөбе су қоймасынан кеткен тасқын су екі күннің ішінде қала маңындағы 600 -ге жуық тұрғын үйді шайып өткен. Мыңнан аса тұрғын баспанасынан айырылып, қазір жалаң аяқ, жалаң бас далада қалғандар уақытша мектептерге көшірілген. «Оқулық жоғалтсақ, қанша төлейтінімізді ескертіп айтқан. Неге сонша қинай береді? Көмектесер болса, құм алып келуі керек еді. Үйді тиындап ақша жинап салған едік, су шайып кетті. Суға кетіп жатырмыз. Неге көмек жылдам келмеді? Әкемнің жүрегі ауырады, дәрігерлік есепте тұрады. Адамдарды аямайсыздар!» – деп әкімдерге жылап тұрып арыз айтқан Ақтөбенің №36 мектебінің төртінші сынып оқушысы Махаббат Ешімованың бейнесі әлеуметтік желіде көрсетіліп, жұрттың жағасын ұстатып, көздеріне жас алғызды. Шынында да бүлдіршіннің көз жасын көрген адамның тамағына тас тығылғандай тынысы тарылмауы мүмкін емес. Неге біз өз адамдарымызды аямаймыз? Апат болғалы бірнеше күн өтсе де Атбасардағы жағдай да әлі ушығып тұр. Мұнда су басқан 200-ден астам үйден 450 адам көшіріліпті. Далада қалған жұртты мектепке көшіріп жүргенде, 1100 оқушыға арналған мектептің іші де суға толды. Өткен жылдарда да Атбасар судың астында қалған болатын, бірақ одан ешқандай қорытынды шығарылмағаны көрініп тұр. Ағын су республикалық маңызы бар тасжолды басып, қатынас та тоқтаған. 200 миллион теңгеге салынған бөгеттің жарылуына оның дұрыс пайдаланылмауы мүмкін деген Ішкі істер министрлігі осындай баппен қылмыстық іс қозғап, тексеруді де бастап кетті. Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбіштің айтуынша су тасқынына қарсы тұрғызылған бұл бөгеттің бұзылуына су жинау алаңын дұрыс есептемеу себеп болуы мүмкін екен. Атбасардың астан-кестеңін шығарған Жабай өзені Сандықтаудағы жұртты да сергелдеңге салды. Мұнда 40 үй белуардан суда тұр. Тасқын төтеннен келгенде тұрғындар тек қара бастарын әрең алып шыққан. Үйінен шығып үлгірмеген 60 жастағы Науша Сұрағанова жертөледегі суға тұншығып өлген. Күннің күрт жылуынан Солтүстікте небәрі екі тәулікте ғана жеті ауылға су басып кірді. Бір метрге дейін жеткен су үш жүзге тарта үйді басып қалды. Қатты тасқынның ағысын бұру үшін Жезқазған-Қызылжар тас жолын арнайы техниканың көмегімен биыл тағы да бұзып, топан судың бетін бұруға тура келді. Бұл елімізде тасқын суға қатысты орын алған кейбір деректер ғана. Бұдан кейін ысқырығы жер жарған Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар саласының салы суға кетті деп қай мағынасында да айтуға болады. Тасқынға төтеп бере алмаған төтеншеліктер сонда кімге қорған болмақ? Биылғы көктемде де бірқатар облыста халықтың топан судан зардап шегетінін Үкімет мүшелері алдын ала білген-ді. Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында аймақтардағы 27 бөгеттің апаттық жағдайда тұрғаны сонау қыстың ортасында айтылған болатын. Бірақ одан не пайда? Ешқандай алдын алу жұмыстары жүргізілмеді. Ал, қыс бойы қыруар ақша жұмсап төтеншеліктердің өткізген жаттығулары жас баланың ойынымен бірдей болып шықты. Үкіметтің кезекті отырысында Ішкі істер министрі бұл төтенше жағдайды қыста қардың қалың болуымен байланыстырды. Қардың қалың жауғанын алыс ауылдағы қарапайым адам да біледі, оған қарсы нәтижелі қимыл қайда? – Айтады ғой, «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп. «Баяғы жартас сол жартас», қанша айтсақ та тағы да келеңсіз жағдайға әкеліп отыр,- деді жыл сайын қайталана беретін тасқынға биыл да бөгет бола алмағандарына ұялған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев. Әдеттегідей тасқын суға төтеп бере алмағандар кінәлі адамдар мен мекемелерді де іздей бастады. Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов өзен арналарына тұрғын үй тұрғызғандықтан су басты деп ақталды. «Енді шынында да ол жерлерде жер учаскелері мақсатына сәйкес, жеке тұрғын үй құжаттары рәсімделген. Бірақ биыл судың тасқыны жылдағыдай болған жоқ»-дейді амалсыздықтан алақанын жайған «Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ бөлім басшысы Ұшқын Мыңбаев. Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазгидромет мекемесінің Гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы Қазақстанда су тасқынын болжайтын бекеттер тапшы екендігін жеткізді. Айта кетейік, бұның алдында ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин Қазгидромет биылғы су тасқынын дұрыс болжай алмағандығын сынаған болатын. Шексіз шығын әкелген мына жағдайға жауапкершіліктен әркім өз әлінше жалтаруда. Дидар Жәнібекұлының айтуынша, Қазгидромет жыл басынан бері Қазақстанның 11 су қоймасында жағдай ушығатынын алдынала хабарлаған. Департамент басшысының сөзінше, елімізде 328 гидрологиялық бекет бар. Ал Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның жасаған зерттеуі бойынша, Қазақстанда ол бекеттердің саны кемінде 800 болуы тиіс екен. Не керек, ақырында бәріне қалың қар мен ауа райы кінәлі болып шықты. Лауазымдылардың оған ешқандай қатысы жоқ екен, қысқасы ешкім ештеңеге жауап бермейді. Таң қалатындай емес, сол біздегі қалыпты жағдай. Ал, миллиардтаған халық қаржысы тағы да топан судың астында қалды. Ол шығынды кім өтейді? Енді не істеуіміз керек? Жылда осылай жұртты шулатып отыра береміз бе? Бұл - бүгінгі күннің басты сұрағы. Бұған жауапты қарапайым халықтың өзі айтып отыр. Көнекөз қариялар өткен ғасырдың 50-60 жылдары қыс бұдан әлдеқайда қатты, қар қазіргіден екі есе көп жауатын дейді. Бірақ, көктемде бір үйді де су басып көрген емес. Өйткені көрінген жерге құрылыс салмайтын. Олар судың табиғи арнасын зерттеп, соған қарай қимылдайтын. Ешқандай «гидрометтің» де қажеті жоқ болатын. Жоғары білім дегеннің не екенін білмейтін біздің аталарымыз бен әкелеріміз қандай ақылды болған десеңізші! Қазіргі қалтасында табақтай дипломы бар әкімдер, сәулетшілер мен жер бөліміндегі мамандар олардың қасында жіп есе алмайды. Жоқ, олар да бәрін біледі. Жерді сатып, ережеге сай емес құрылысқа рұқсат беріп ақша табады. Халықтың ертең судың астында қалатыны оларды алаңдатпайды, тек қана қалтасының қамын ойлайды, өзгелердің басын қатерге тігеді. Бұл - қып-қызыл қылмыс, ал, қылмыс үшін әрбір адам жауап беруге міндетті. Сондықтан барлық шығындарды сол жергілікті әкімдер, сәулетшілер мен жерге рұқсат берген мамандар төлеуі керек. Бұл жерде жылда зардап шегіп отырған қарапайым халықтың түк те кінәсі жоқ. Соңғы он жылда тасқын суға қарсы шараларға бөлінген қаржыға оңтүстіктегі «Көк сарай» су қоймасындағы сияқты темір-бетоннан мықты бөгеттер салуға болатын еді ғой. Жоқ, оған біз бармаймыз. Себебі сылтау тауып мемлекеттен ақша бөлгізіп, оны жұлмалап жеуге әбден машықтанып алғанбыз. Мықты бөгеттер салсақ елді мекендерді су баспайды, су баспаса қаржы да бөлінбейді. Қаржы болмаса жемқорлар қалай өмір сүрмекші? Міне, мәселе қайда?! Осыған байланысты Мәжіліс отырысында үлкен әңгіме болды. Әрине, бұл да бірінші рет емес, жылдағы айтылатын жырдың жалғасы. Бәріміз атажауымыздай көріп, қырын қарайтын коммунистердің өкілі Владимир Косарев тасқын суды тізгіндейтін мем­лекеттік бағдарлама қабылдау керектігін айтып, Үкімет басшысына сұрау салды. «Қыс бойы Үкімет тарапынан жиналыстар мен селекторлық кеңестер өткізгенін байқадық, онда өңір басшылары су тасқынына қарсы шараларға толықтай дайын екендігін, сондай-ақ шығарылған қардың көлемі бойынша, су қоймаларын нығайту жұмыстары тұрғысында баяндап жатты. Алайда көктем келісімен, барлығы қалқып шыға бастады», - деп шындықты айтты депутат. Сол сияқты жыл сайын Парламентте республикалық бюджетті талқылау барысында осы мақсатта қомақты қаржы бөлініп жатқандығын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеге кешенді түрде барлық тәуекелдерге талдау жасап, жыл сайын қайталанатын проблемаларға жол бермейтіндей нақты әрі дұрыс шешім қабылдау қажет. Осы орайда көктемгі су тасқынына төтеп беретін іргесі берік бөгеттер мен су қоймаларды салуға байланысты бөлек мемлекеттік бағдарламаны қабылдауды ұсынып отыр. Бұл туралы қарапайым халық жылдар бойы айтып келеді, тыңдайтын жан болмады. Коммунист болса да Косарев құлақ асқан секілді. Жергілікті тұрғындар қай жерге қанша қар түсетінін, көктемде қанша қар суы жиналатынын гидрометсіз-ақ көзін жұмып, жатқа айтып береді. Өз пайдасын ғана ойлайтын әкімдер мен сәулетшілердің сандырағының да қажеті жоқ. Ең бастысы халыққа жаны ашитын, еліміздің болашағын ойлайтын таза ниет қана керек. Өкінішке орай, дәп осы жағы бізде мүлдем жетіспей жатыр... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz