Әлихан бейнесі – қазақ символы

  «Жақсы кітап – жан азығы» деген сөз бар. Жақында белгілі әдебиеттанушы-ғалым, ф.ғ.д., профессор С.Жұмағұлдың «Әдебиеттегі Әлихан Бөкейхан бейнесі» деп аталған еңбегі жарық көрді. Расында, бұл еңбек –  мысалға келтірілген тәмсілдің толық мәнін ашатын-ақ жинақ екен. Оқып шыққан соң, мынадай пікірге келдік: бұл еңбектің құндылығы –  көркем әдеби туындыларға арқау болған ХХ ғасыр басындағы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басшысы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тұлғалық қырының жан-жақты ашылып, халықтық сипатқа, ұлт мақтанышы деңгейіне көтерілгендігінде. Ал, ғалымның бұл еңбегін Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің 100 жылдық мерейтойына жасаған тартуы деп түсініңіз,  қадірлі әлеумет! Ғалым Сағымбай Ботпайұлы Әлихан Бөкейханның тұлғалық қыры суреттелген әдеби шығармаларды жіті қарастырып, тұлға туралы жазылған дүниелерді хрестоматия қылып,  бір арнаға жинастырған. Мәселен, бұл жинақта Ш.Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі», М.Көпейұлының «Сөз шықты біздің қазақ баласына», Ә.Тәңірбергенұлының «М.Дулатұлы мен Ә.Бөкейханұлына!» және т.с.с. өлең-жыр, пьеса, проза үлгісінде жазылған әдеби туындылар бас құрапты. Алаш зиялысы Шәкәрімнен бастап  бүгінгі үлкен жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайға дейінгі аралықтағы қазақ ақын-жазушыларының ұлт көсеміне арналған шығармаларындағы тұлғаның көркем бейнесі ашық әрі шынайы көрсетілген этюдтер мен детальдар, үзік сырлар қамтылып, еңбектің ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытып тұр! Алашын сүйер, Алаш мұрасын танимын деген оқырманның сұранысын орындап, оның Алашқа деген дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастыратын бұл хрестоматиялық жинақтың алғысөзінде құрастырушы: «Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі алты Алашқа көзінің тірісінде аңыз болып тарады. Ерін ардақтаған қалың қазағы оның отаршылдық қорлықтағы елін азаттық пен рухани жаңғыруға бастаған кемел тұлғасын адалдық пен әділдіктің, қайсарлық пен өрліктің кіршіксіз бейнесі ретінде қастерледі», - деп әдеби тұрғыдан әділ бағасын берген екен. Меніңше, бұл еңбек арқылы біз Әлихан Бөкейханның бейнесі – қазақ деген сөздің символы екенін ұғынатын сияқтымыз! Өйткені: Әлихан – қазақ, қазақ – Әлихан болатын Автордың бұл бастамасын әдебиеттану соның ішінде, әлихантану саласындағы жаңалық деп қабылдап, оның шығармашылығына сәттілік тілей отырып, осы тараптағы еңбегін ғылыми-зерттеу нысанына айналдырып, әрбір әдеби туындыдағы Әлихан бейнесіне сипаттама беріп, арнайы зерттеу еңбек жазуын сұраймыз. Егер автор ұсынысымызды қабыл алып, жазатын болса, жетпіс жыл бойы социалистік кері идеологияның зардабын шеккен қара халық ұлт тарихын жаңаша танып, Алашына деген ынта-ықыласы арта түсер еді. Алдағы уақытта профессор С.Жұмағұл осы жинақтың  «Естеліктердегі Әлихан Бөкейхан бейнесі» деп аталатын екінші кітабын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Оқырманға айтарымыз: бұл – ғылыми-зерттеу еңбегі емес, әдеби туындылардың хрестоматиялық жинағы. Бұл кітапты тек оқуымыз керек! Жасөспірімі, жасы және жасамысы, жалпы қазақ баласы оқыса, Алаш көсемінің өмір жолы арқылы ұлтқа адал қызмет етудің озық үлгісін сезіп, Отан алдындағы азамат парызының зор екенін түсінер еді.   Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы. qazaquni.kz