Назарбаев күтпеген жерден Астананы аралауға шықты

Мемлекет басшысы жоспардан тыс жұмыс сапары барысында елорданың оң жағалауындағы теміржол вокзалының қызметімен танысып, вокзал маңындағы алаңда қала қонақтарымен, тұрғындармен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Назарбаев күтпеген жерден Астананы аралауға шықтыҚазақстан президенті қаланың қысқы маусымнан кейінгі жағдайының жақсы екеніне тоқталып, шаһардың қызмет көрсету мекемелері жұмысының нәтижелерін және елорданы абаттандыру, тазалықты сақтау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы автомобиль жолдарындағы кептеліс проблемалары мен көлік қоятын орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.

"Жолдарда көлік өте көп. Қала басшылығы бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыруы керек. Қажет болған жағдайда, шетелдік тәжірибе зерттелуге тиіс. Сонымен қатар түрлі ғимараттардың, сауда үйлері мен дүкендердің иелері әріптестерімен бірлесіп, өз аумағындағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуі қажет", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне уақтылы дайындығының маңыздылығын айтып, барлық тұрғындарды елорданы көгалдандыру ісіне белсене атсалысуға шақырды.