Қанат Исламның келесі қарсыласы анықталды

© vk.com/kanatislamteam

Бірінші орта салмақта WBO Intercontinental және WBA Fedelatin белбеулерінің иегері қазақстандық боксшы Қанат Исламның (23-0, 19 КО) кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Vesti.kz.

Осыған дейін Қанат Ислам рингке мамырда АҚШ-та оралатынын айтқан еді. Енді жекпе-жектің нақты уақыты мен қарсыласы және өтетін орны анықталып отыр.  Келесі жекпе-жегін қазақстандық 26 мамырда Флоридада өткізеді. Оған мексикалық Норберто Гонсалес қарсылық көрсетеді. Мексикалық боксшы кәсіпқой бокста 31 жекпе-жек өткізіп, 23-інде жеңіске жеткен (12 КО) және сегізінде жеңіліске ұшыраған.

Боксшылар WBO NABA және WBA intercontinental титулдарын сарапқа салады. Ал осы жекпе-жектен кейін Қанат Исламның Астанада қыркүйекте өтетін титулға талас жекпе-жегінде кіммен жұдырықтасатыны белгілі болады. Осы бокс кешінің аясында ауыр салмақта WBA чемпионы Бейбіт Шүменов шаршы алаңға шығады деп күтіледі.