Димаш қайда жүрсе де 100 пайыз қазақ тілінде ғана сұхбат береді - PR-менеджері

31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасына сұхбат берген Димаштың досы әрі PR-менеджері Алпамыс Шәрімов әншінің тойдан алатын гонорарының аспанға шарықтап кеткенін жоққа шығарды.

«Той ұйымдастырушылары, басқа да адамдар біз үшін ойлап қойыпты. Димаштың тойға шығуға уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Жұмыс кестесі өте тығыз… Димаштың гонорары туралы айтып жатқан адамдарды түсінбейміз және бұл сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Себебі өзіміз білмейміз, өзіміз ойланған жоқпыз», – деді Алпамыс Шәрімов.

Оның айтуынша, әзірге Димаш тойға шығатын ойы жоқ. Себебі алға қойған жоспарлары көп. Оның жұмыс кестесі алдағы бір жылға толық жоспарланып қойыпты. Әрі әншінің досы Димаштың орысша сөйлемейтінін сынға алушыларға да мардымды жауап қайтарды.

«Димаш – Қазақстанда дүниеге келген қазақ ұлтының баласы. Ол өз елінің тілін, мәртебесін, туын биікке көтеремін деген ұл болмаса қазақ тілінде ән айтпас еді, 100 пайыз қазақ тілінде сұхбат бермес еді. Кей жерлерде «Димаш басқа тілді білмегендіктен тек қазақ тілінде сөйлейді» деп жазып жатыр екен. Олай емес. Димаштың орысшасы өте керемет. Ағылшын тілінде 100 пайыз жақсы сөйлейді дей алмаймын, бірақ өз ойын жеткізе алады және түсінеді. Бірақ Димаштың қазақ тілінде сөйлеуі, қазақтың киімімен шығып, Құрманғазының «Адай» күйін орындауы, «Дайдидауды» орындауы, жүрген жерінде барлық фанаттарына қазақ тілін үйретуі, «Абай жолын», қазақ ақындарының өлеңдерінің насихаттауы – қазақ ұлтының сүйетінінің белгісі. Осыны көріп тұрып, сұрақ қоятын адам болса, онда ол кісінің өзінен сұрау керек шығар», – деп түсіндірді Алпамыс.

qasym.kz