Шымкенттік құрылысшы тауып алған 2 миллион теңгені иесіне қайтарып берді

Қуаныш Нақыпбеков. © Алтай Айнабек / Facebook

Шымкентте құрылысшы тауып алған 2 миллион теңгені иесіне қайтарып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы Алтай Айнабек Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, оқиға кеше, 21 сәуірде болған.

"Кеше кешке, жұмыс уақытынан кейін, біздің компанияның Сайрам мөлтек ауданындағы тұрғын-үй құрылысынан кештетіп жұмыстан қайтып бара жатып, компаниямыздың қойма меңгерушісі Қуаныш Нақыпбеков, жолдан бір барсетка тауып алды. Барсетканы ашса, ішінде 2 миллиондай теңге, төлқұжаттар, ұсақ-түйек нәрселер бар екен. Бірден егелерін іздестіре бастаған Қуаныш, қасындағы дүкендерге барады, табылған төлқұжаттар арқылы жоғалтқан адамдарды іздестіре бастап, ақыры табады. Ақшаны, төлқұжаттарды, барлық ұсақ-түйегімен егелеріне табыстапты", - деп әңгімеледі ол.

Сонымен қатар, ол бұл жаңалықты естіген соң қатты қуанғанын айтты.

"Шынымды айтсам осындай адал, иманды, мықты жігіттермен бірге жұмыс істейтініме қатты ризы болдым. Респект! "Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, дегендей, меніңше, Қуаныш Нақыпбеков осы күннің нағыз қаһарманы, ел тануға әбден лайықты, келісесіздер ме?", - деп жазды Алтай Айнабек.