Валюта бағамы USD : 314.4 | EUR : 343.83 | CNY : 45.6

МӘЖІЛІСМЕНДЕР МӘЗ, ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ШЕ?..

Жақында депутаттардың айлық жалақысының алдыңғы қатары 1 миллион теңгеге дейін өсіп, енді осы көрсеткіш бойынша министрлердің тура өзімен иық тірестіретін болды. Бұл жаңалық мәжілісмендерді мәз-майрам еткенмен қоғам мүшелері арасында түрлі пікірлер туғызып, қызу талқыланып жатыр.

Депутаттардың жалақысы көтерілгені жайлы хабар ақпарат құралдарында жылт ете қалысымен журналистер мәжілісмендерді құттықтап, қалтасы қалыңдаған халық қалаулыларының жүйкесін жұқарта бастады. Өйтпеске тағы болмайтын-ды. Өйткені мұны естіген қарапайым халық: «Жалақымыз көтерілді деп далбалақтаған депутаттардың мына қуанышы – қай қуаныш? Олар алдымен халық қамын қарастырмай ма? Тегін пәтер, тегін қызметтік жеңілдіктерді пайдаланып, ұялмастан тағы да айлықтарын көтеріп отыр. Қарапайым тұрғындардың 50-70 мың теңге жалақымен жанын бағып отырғанын білмей ме?» деген ащы сұрағын бірден алға тартты. Әлемді дағдарыс жаулап, жыртығымызды жамай алмай жатқанда депутаттардың онсыз да жоғары жалақысын аспандату адамдардың ашу-ызасын тудыруын түсінуге болады. Енді осыған байланысты, қалтасы қалыңдап, көңілдері көтеріңкі жүрген халық қалаулыларының БАҚ өкілдеріне берген сүйінші-сұхбатына назар аударып көрелік. Бәлкім соған қарап кімнің кім екенін аңдауға болатын шығар. «Айлықтарыңыз көтеріліпті, құтты болсын! Мұны естігенде қуанған боларсыз?» деген сыңайлы жалпылама сұраққа кім не деп жауап берді екен?
Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әрбір адам қуанады ғой. Министрлер­дікімен бірдей жалақы қойып жатыр!..
(Депутат өзін бір сәтте болса да министрдей сезінген болуы керек. Бірақ министрдің шын мәнінде қанша пайда табатынын халық қалаулысы білмейтін сияқты.)
Серік Сапиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Әрине қуаныштымын. Жұмысымыз ауыр, күніне 300 бет заң жобасын оқимыз, еңбегіміз бар деп ойлаймын.
(Жаңа депутат бұл жұмыстың «қыр-сырын» әлі де меңгере алмай жатқанын байқауға болады. Біраз тәжірибе жинақтаған соң заң жобасын толықтай оқып зорықпай, көзмайын тауыспай-ақ «кнопканы» басып қойып отыра беретін болады.)
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісі­нің депутаты:
– Беріліп жатқан жалақы лайықты болса, еңбегіне байланысты болса, кім одан қашады?!
(Бұл белсенді депутатымыз нанды тегін жеп жүрмегенін білеміз. Өзге көптеген әріптестеріне қарағанда дауысын жиі естиміз, бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп жүр. Сол үшін сайлаушылар оған дән риза. Жұрт жапа-тармағай жоғары жалақы алып жатқанда Бақытбек қалай бас тартсын?.. Жаңа жалақыңыз жұғымды болсын, Бәке!)
Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
– Саяси қызметкерлер арасында жалақысы соңғы боп өскен осы депутаттар. Негізі бұл шешім осыдан 4 жыл бұрын қабылданып қойылған. Министрліктер мен өзге де ведомстволардағы жалақыны біртіндеп өсіремін дегенше 4 жыл өтіп кетті. Міне, енді біздің кезегіміз келді. Депутаттар мен министрдің орынбасарының жалақысы теңесті. Мен қазір бұрынғыдан ақшаны әлдеқайда аз алып жүрмін.
(Вице-спикердің өкінетіндей ештеңесі жоқ, төрт жыл кешіксе де жалақылары бірден 40 пайызға бір-ақ көтерілді емес пе? Қанағат деген болу керек қой. Әлде бұрын материалдық жағдайларын жасап бизнесмен, әкім болып келіп депутаттық креслоға жайғасқан мырзалар соңғы бір үзім нанын жеп отыр ма? Божконың «бұрынғы» дегенін министр болып жырғаған кезі деп түсіну керек шығар. Сөз саптауына қарағанда сол орынтақтан әлі де дәмесі барға ұқсайды. Әрине, бір жағынан Божконы да түсінуге болады, жоғары айлығы мен бағалы шайлығы бар министр болғанға не жетсін. Бірақ, министр болып жүргенде миллион теңгеден аса айлықты не үшін алып жатырмын деп ойланып көрді ме екен? Төтеншенің төресі болған кезде елді мекендерді таптап кеткен көктемгі тасқын суға төтеп бере алмай абыройдан жұрдай болғанын есіне де алмайды-ау! Бұрынғыдан 500 мың теңге аз аламын дегеніне қарағанда Божконы бұл жаңалық аса қуанта қоймаған секілді.)
Ольга Шишигина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бір жағынан қуанышты жаңалық. Екінші жағынан, жалақысын көтеруге болатын басқа да мұқтаж адамдар бар ғой. Мәселен, дәрігерлер мен мұғалімдер…
(Айта кетуіміз керек, түрлі басылымдар мен телеарналарға шағын сұхбат беріп, қуаныштарымен бөліскен депутаттардың арасында Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина ғана қарапайым халықты еске алған екен. Бұл депутаттың өзіне үміт артқан сайлаушыларын ұмытпағанын білдіреді. Ал, қалғандары ше?..)
Енді мына бір пікірге назар аударып көрелік. Бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсар болса, экономикамыз қиын жағдайда тұрғанда, депутаттардың қалтасын қалыңдату, халықтың жағдайын ойлайтын Үкіметтің жоқтығын көрсетеді дейді. Өйткені, Парламенттегі 150-ден астам депутатты «бағу» мемлекетке қып-қызыл шығын екен. Халық қалаулылары Астананың қақ ортасындағы «Нұр Сая» кешеніндегі жайлы пәтерде тегін тұрады, қызметтік көлік және медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Оның үстіне, әр мереке сайын айлық көлемінде, яғни 1 миллион теңге төңірегінде сыйақы алатыны тағы бар деген экс-депутат Парламент мұндай құрметке лайық емес деп есептейді.
Айтпақшы, Мәжілістегі айтыс-тартыстың алдында жүретін, аттылыға жол, ауыздыға сөз бермейтін белсенді депутатымыз Бекболат Тілеухан да өз ойын білдіріпті. «Депутаттар да мемлекеттік қызметкер. Халықтың мұңын айту керек. Олардың мойнына артқан жауапкершілік көп. Жауапкершілігіне орай өзінің еңбекақысын алу керек деп ойлаймын. Жалақысы көбейсе қуанбайтын адам бола ма?! Біз де пендеміз, біздің де бала-шағамыз бар, бізде де қажеттілік бар» – деп ағынан жарылыпты депутат Бекболат Тілеухан.
Депутат Бекболат Тілеуханның «халықтың мұңы», «жауапкершілік» дегенінен шығады. Қарапайым халықтың мұңын біз қағазға тізіп берсек депутаттардың Серік Сапиев айтқандай күніне 300 емес, 600 бет арыз оқуларына тура келетін еді. Бірақ, оқылған әр бетке орай жалақы төленіп жатса, онда депутаттардың айлығын тағы да екі есе өсіруге мәжбүр боламыз ғой. Сондықтан оны қысқаша ғана қайырып, көпшіліктің талап-тілегінің мыңнан бірін ғана айтып, халық қалаулыларының есіне сала кетейік: Тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер ететін, күнде қалағанынша көтеріліп жатқан баға мәселесі қашан шешіледі? Су, жарық, жылу, газ, жанармай тарататын компаниялар неге бағаны негізсіз көтереді? Жеке кәсіпкерлер мол пайда тауып отырса да жұмысшыларына неге мардымсыз жалақы төлейді? Құрлысшыларына айлап айлық төлемей зарлатқан компания басшыларына неге шара қолданбайсыздар? Айлықтары жоғары болса да жемқорлыққа салынған шенеуніктерге қашан тоқтау болады? Еліміздегі халықтың жалақысы орташа алғанда 250-300 мың теңге деген ресми дерек қып-қызыл өтірік, ешқандай шындыққа жанаспайды. «Байдың асын жарлы қызғанады дегенге жорып жүрмесін, заң бойынша шенеуніктермен тең құқығы бар қарапайым адамдардың айлығын сол депутаттар мен министрлердің жалақысының тым болмаса төрттен біріне неге жеткізбейді біздің Үкімет? Әлде кеңседе отырған депутаттар мен министрлердің жұмысы жеті қабат жер астында көмір, кен қазып, экономикамызға зор үлес қосып жатқан кеншілерден де ауыр болып кетті ме? Медицина саласында қашан тәртіп орнатасыздар, қырылып бітетін болдық қой?.. Әзірге осы да жетер. Аталған мәселелерді шешіп берсеңіздер Бекболат Тілеухан айтқандай жауапкершіліктеріңіздің жоғары екеніне халық көз жеткізетін болады. Депутаттардың қалай ойлайтынын кім білсін, біздің түсінуімізше халық алдындағы жауапкершілік деген – сайлаушылардың талап-тілегін орындау.
Айлықтарын қанша рет көтерсек те мемлекеттік бағдарламаларды орындай алмаған, жемқорлықтан көз ашпаған шенеуніктер мен пайдасы жоқ депутаттардан әбден күдер үзгендер мынадай ұсыныс жасап жатыр. Олардың айлықтарын 50-60 мың теңгеге түсіру керек дейді. Сонда халыққа шынайы қызмет ететіндер қалады да, ақша, байлық үшін жүргендер өздері-ақ кетеді биліктен. Ал, билікке бүйрегі бұрып, депутаттарға жаны ашып тұратын біреулер былай дейді:
– Жалақымыз өсті деп жалпақ әлемге жар салып нелеріңіз бар еді? Үкіметтегілер сияқты үндемей қалағандарыңызша айлық тағайындап алып, тойған қозыдай томпиып жүре бермедіңіздер ме? Жоғары жақтың құпиясына қол сұғып жатқан ешкім жоқ, ол жақ­тың қазаны қашан да жабулы, сонда аз жалақымен әупірімдеп өмір сүріп жатқан адамдардың аузы қышымас еді, құлақта­рыңыз да тыныш болатын еді. Немесе өздеріңіз­ге берілген көптеген жеңілдіктер мен жалақы­ны өсіруден бірден бас тарту керек еді.
Несі бар, бұл да депутаттар мен министрлер үшін ойлануға тұрарлық мәселе. Бірақ, билік басындағылар жеке пайдасынан бас тарта қояды дегенге сенім тым аз…

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz





4 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Ғасыр ғұламасы 19 Сәуір, 2017, 15:08

    Пікір жазуға тұрмайды

    Жауап жазу
  2. Ажар 19 Сәуір, 2017, 15:51

    150 ден астам депутаттарды бір ай карапайым халыктын күйін кештиру керек жогарыда отыргандардын баринин сонда тусинер халыктын не айткысы келетинин 1миллон емес 1тенгени курмет тутатын болар

    Жауап жазу
    • Қолқоюсыз 19 Сәуір, 2017, 17:09

      1 ай емес 1-2 жыл 1 айлық күн көріс айлығымен оларға өмір сүргізу керек. Сыртарынан қарап отырсаң. олар Халықтың жағдайын емес өздерінің жағдайларын ойлап отырған адамдар ғой.

      Жауап жазу
  3. жақан 21 Сәуір, 2017, 13:59

    Жалпы халық өз алдына, билік өз алдына бөлек ғаламда өмір сүріп жатқанға қатты ұқсайды. Халықты олар көзіне ілмейді. Олардың қалай күн көріп жатқаны қызықтырмайды. Бұл дұрыс емес, олар да осы халықтан шықты емес пе?

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*