Financial Times: Орыс тілі бұрынғы беделінен айырылып қалды

Соңғы 20 жылда  пост кеңестік елдерде орыс тілі жүйелі түрде өзінің беделінен айырылып жатыр. Бұған себеп бұрынғы кеңестік тәуелсіз республикалардың тілдік егемендігін нығайтуға деген ынтасы деп жазады Financial Times басылымына сілтеме жасап NUR.KZ.

Материал авторы Стив Джонсонның  пікірінше, орыс тілі әсерінің азаюы Ресей президенті Владимир Путиннің державалық статусын сақтау мақсатындағы қарулы агрессиясына қарамастан Мәскеудің ықпалының әлсіреуін білдіреді.

Орыс тілін қолдану аясы ең бірінші кезекте Қазақстанда тарылған. Бұл елде 2016 жылғы дерек бойынша 20,7 пайыз тұрғын үйінде орысша сөйлейтінін айтса, 1994 жылы бұл көрсеткіш 33,7 пайыз болған.

Эстония мен Латвияда жағдай осыған ұқсас. Бұл жақтарда орыс тілділердің саны 1994 жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайып кеткен.

Украинада орыстілділердің саны 1994 жылы 33,9 пайыз болса, былтыр 24,4 пайызға дейін азайған.

2008 жылы Ресеймен соғысқан Грузияда орыстілділердің саны 6,4 пайыздан 1,1 пайызға қысқарған.

Тек Беларусияда орыс тілді қолданып жүргендердің саны елдегі халықтың жартысынан асып түскен. Мұнда былтыр елдің 71 пайызы орыс тілін үздіксіз пайдаланатын болып шықты.

Financial Times басылымы біріккен ұлттар ұйымының деректері мен Euromonitor International зерттеу ұйымы жинаған ұлттық халық санағына сүйеніп отыр.