"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Мұхтар Шерім – КҮЛКІГЕ КӨМІЛДІК…

Рахаттанып күлген қандай керемет! Күлген жақсы, күлкінің адам денсаулығына пайдасы көп екенін білген жақсы… Бірақ қытықтап күлдіргеннен гөрі риясыз, шын пейіліңізбен, шын ниетіңізбен, ақ жарқын күлгенге не жетсін! Біреу сізді күлдіріп жатса, ауызды ашып күлесіз бе, жоқ әлде ауызды алақанмен басып күлесіз бе, бұл сіздің ықтиярыңызда. Күлкіде кеден бекеті болмайды. Американсыз ба, ағылшынсыз ба, жоқ әлде қытайсыз ба, түріксіз бе, бәрібір, күлдірушінің қимыл әрекетін түсіне қалсаңыз, әуелі жымиып салып, сосын ой бір рахаттанып күлесіз. Солай ғой?

Бірақ күлкінің бәрі адамдарға ой сала бермейді. Бос қылжақ, жеңіл күлкі, анайы, жабайы әзілдер адам жанын жабырқатып, көңілді көлеңкеге сүйрейді. Сондықтан ғой, бүгінде күлкі арзандап, оның билеті қымбаттап кетті… Теледидардың түймесін басып қалсаң күлкі, бірақ көңілге түрпі… Киелі Түркістанда өтетін халықаралық «Күлкі жәрмеңкесінің» дүбірі естілгеннен, осындай ойлар мазалай бастаған еді. Қателесіппін. Менің мазасыздана-тынымдай бар. «Күлкі жәрмеңкесі» деген сөз мен үшін өте ыстық, мен үшін қасиетті. Сіздерге «шәй ішіп отырып», шынымды айтайын, 1986 жылы көктемде күлкінің көжесін ішкім келіп, «әпитетім» ашылып кетті. Облыста тұңғыш әзіл-оспақ театрын ашпақ болдым. Бірақ қалай? Бір иіс келді. Күлкінің иісі… Иіскедім де, атын «Күлкі жәрмеңкесі» деп атадым. Күлкінің базарында, жәрмеңкесінде жүргендей күй кештім. Ол кезде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын–сықақ бөлімін жүргіземін. Құстай ұшып, облыстық пария комитетінде нұсқаушы қызметін атқарып жүрген Байдулла Қонысбеков ағама жетейін. «Осылай да осылай, бір күліп алыңыз шошымай. «Күлкі жәрмеңкесіне» көмектесіңіз!» дедім. Байдулла ағамыз аңқылдап күліп алды да, облыстық мәдениет басқармасына жұмсады. Сол күннен бастап, мәдениет басқармасы басшыларының пәрменімен күлкі күніне дайындық басталып кетті. Ғажап! Күлкінің құдыреті үшін, сатираға ғашық болғаным үшін осылай тегін жұмыстар атқара бастадым. Мәдениет басқармасының бастығы Тәліп Әлжанав та әдемі күледі екен. Күлкіні жақсы көретін болып шықты. Ал, Халық шығармашылығы орталығының бұрынғы бастығы, марқұм Құрекең, Құрбан Мәмеков те күлкінің түбін түсіретін, күлкіден ыстық күлше пісіретін болып шықты. «Күлкі жәрмеңкесі» атты кітапшалар шығардық. Қуанышымда шек жоқ, езуім құлағымның түбіне байланып қалған… 1 сәуір – күлкі күні Шымкенттегі бұрынғы «Машина жасаушылар» мәдениет сарайында (қазір опера және балет театры) «Күлкі жәрмеңкесінің» тұсауы кесілді! Көрермен күлкінің қымызын рахаттана ішіп, ой бір серпіліп қалды! Ақиық айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова жырдан шашу шашып, сәт сапар тіледі. Күлкі сыңғыры келер жылы Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында жалғасын тапты. Қазығұрт аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері, «Балкон» фильмінде пошташы ролін сомдаушы, талантты актер, марқұм Тілеу Аханбаев бастаған әзілкештер «Күлкі жәрмеңкесінің» көрігін қыздырған еді. Тарихсыз, өткенсіз бүгін жоқ. «Түрксой» халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасына қарасты сатира және әзіл-сықақ театрының ұйымдастыруымен 7 сәуір күні Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түкістан қаласында халықаралық «Күлкі жәрмеңкесі» дүркіреп өтіп, күлкінің «бомбасы» жарылғанда, оңтүстік күлкісінің өткен тарихы еріксіз еске оралған еді…

Дәстүрлі өтіп келе жатқан «Күлкі жәрмеңкесінің» биылғы күлкісі қандай деген сұрақ санамызды сығалағаны рас. Кішкентайлар тілімен: «Нанға жаққан майдай!» деп құрғақ айта салғым келмей тұр. Биылғы күлкінің күбірі қасымыздан, дүбірі алыстан естілді. Қасымыздан– дейтініміз, облысымыздың маңдайына біткен бірегей сатира және әзіл-сықақ театрының директоры Қайрат Қарғабаев, орынбасары Марат Оразымбетов, режиссер Мақсат Айтжанов, халық шығармашылығы орталығының директоры Нұрлан Әділханов пен орынбасары Берік Жорабеков, «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтар әуелі күбір-күбір, сыбыр-сыбыр сөйлесіп, ақылдасып алды да, ойларын облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжановқа салды. Дүбірі алыстан естіліп жатты дегенім–Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Қытай жақтан «Қытық, қытық, қытық»» деген дауыстар шығып, әлем әзілдері естіліп жатты. Осы елдердің әзілкештері «Күлкі жәрмеңкесіне» қатысып, көрерменге күлкі шашуын сыйлады. Басында ойлаған едім, түркі тілдес елдердің әзілкештері сахналық қойылымдарды қай тілде орындайды? Олардың тілін түсіне аламыз ба? Күлкі кешіне режиссерлік еткен сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ағасы, белгілі әзілкеш әртіс Уәлибек Әбдірайымов қонақтарды қазақша сайратты. Олар қазақ тілін бір кісідей, қазақ лүпілін мың кісідей білетін болып шықты. Тілдерінің ұшында сәл–пәл «акцент» бар демесеңіз, «ойпырмай, қазір қайтер екен?» деп уайым жемесеңіз, бәрі –бәрі заманауй, ағылшын тілімен айтсақ: «Окей» болды. Сахна шымылдығы ашылғаннан, түркі тілдес халықтар достығының, олардын ынтымақ, бірлігінің, біздің поликонфессиялық сасатымыздың лебі есіп тұрды. Түркия әзілкеші, режиссер, әртіс Айдемир Гултекин өзіміздің қара домалақ баламыз іспетті. «Өзіміздің» деп өрік пен мейіз жеп жатқанымыз: ол Түркістандағы Ясауй университетінде оқып, тіпті осында еңбек еткен екен. Сахнадан тыс сөйлескенімізде: «Қазақстан жері, оның ішінде түркі тілдес елдердің рухани астанасы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласы мен үшін ерекше, оқуды тәмамдап, еліме кетерде көз жасымды бір сығып алдым, осында жұмыс сапармен келген сайын көңіл шіркіннің «гәйкілері» босап кетіп, тағы да жылап аламын!» дейді. Қуаныштан, сағынғаннан жылайды да… Әйтпесе адам деген бекеден-бекер «тегін» жыламайды ғой? Айдемир әзілдері шымыр, айтар ойы салмақты. Түрік сатирасының, әлемнің классигі Әзиз Несин әзілдерінің исі аңқиды. Көз алдымызға Әзизді елестеттік. Ал, Өзбекстан атынан келген, сол елге жиі қатынап, өз өнерін паш етіп жүретін, бүгінде Сайрамдағы өзбек театрының труппа жетекшсі Улыгбек Насыров мырза әзілдің әрін, сатираның сәнін келтіреді екен. «Өзбекстанда «Неге ажырастық?» деген мұңлы ән бар, тойларда сол әнге былай билеп жатады: «Жаным, неге ажырастық? Ажыраспайықшы, жаныыым?» . Ән мұңлы, билері көңілді, ал тойларда билеген ерлі– зайыпты құдалар «Неге ажырастық? «деп бір-бірінен сұрап жатқандай!» деп әзіл құмалақтарын шашып жібергенде, көрермен күлкінің тиегін ағытты. Өзбекстен мен Қазақстандағы МАЙ инспекторлары туралы сатирасы ішек-сілемізді қатырды. Айта кеткен жөн, Сайрам ауданындағы өзбек театрының бір топ әртістері орындаған «Сайрамда базар бар, сонда барайық!» деп келетін әзіл әндері де тымырайып отырғандардың өзіне шаттық сыйлады. (Күлмейтін бастықтар да бар ғой…) Ой, айтпақшы, Әзербайжан елі атынан әзіл орындаған Махамед Әлиевті ұмытып кетпейін! Махамедті бұрыннан танимын, керемет әнші. Кезінде өзім ұйымдастырған «Күлейікші Мұхтар!» әзіл–оспақ театрымен талай елді–мекендерді бірге аралаған едік. Әнші ретінде білетінмін. Сөйтсем, менің Махамедім де әзілкеш екен. Әзілдері тастай, тегеурінді, нысанасын «тіліп» түсіп отырды. Өмірдің өзі анекдот демекші, осы жолы мынадай қызық оқиға болыпты. Түркістан ауданының әкімі әзілкештермен танысып, рахметін айтып жатпайды ма? Кезек менің Махамедіме келгенде, әкім құлағына сыбырлап: «Әзербайжан елінен қош келдіңіз! Мен Бакуде «служить» еткен едім!» депті. Ал, менің Махамедім Шымкент төңірегіндегі «Қайтпас» елді мекенінде тұрады, жұмған аузын ашпаған ғой. Тек ішінен: «Кешіріңіз, мен… Мен Қайтпаста тұрамын!» депті. Міне, өмірдің өзі тұнған күлкі! Әзірбайжан елінен арнайы әзілкештер келмесе де, олардың орнын жоқтатпаған менің Махамедіме қол соғып қойыңыздаршы! Ал, Қарақалпақстаннан келген әзілкештердің орны бір төбе. Бердақ атындағы мемлекеттік музыкалы акедемиялық театрының әртістері Құрбанбай Календаров, Марқабай Үсенов, Сағынбай Айымбетовтер сахнаға шыға келгенде, күлкі кептерлері пыр–пырлап ұша жөнелгендей болды. Түрлерінің өзі қызық, әзілге «Әпше!», күлкіге «Көке!» деп тұрғандай… Сомдаған кейіпкерлерін Құдай қос қолдап ұрғандай… Қазаққа ұқсаған қарақалпақ бауырларымыз! Сахнада образдарының ішіне кіріп, қайтып шықпай қалады екен! Ойындары «ойпырмай!» дегізетіндей! Әзілдері «Күлкі салатынан» жегізетіндей… «Уәлиге рахмет, бізді елеп шақырғанда, қуанғанымыздан құлап қалдық!» деп әзілдеп қояды өздері. Айыр қалпақ қырғыз бауырларымыз Әбду Кадирматов пен Жиде Мұратқызы да Бішкек әзілдерін алдымызға тартты. Қырғызстаннан арнайы келген әзілкештер әзілдің түбін түсіреді екен. Бүгінгі күн тақырыбына арналған әзілдерін көрермен қауым жылы қабылдап, риясыз шапалақ ұрып отырды. Жаса, қырғыз әзілкештері!

Қытай халық республикасынан әзілдерін әзірлеп, сатираларын сайлай келген Жеңісхан Жайдар, Манат Жанат, Смағұл Дөлебай, Өркен Нұрғазы, Ілесбек Серік күлкінің күбісін қанша піскенімен, қойылымдары сәл-пәл солғындау шықты. Алайда, күлкі шашуларының арасында «сәл–пәлдері» білінбей де қалды. Сондай–ақ, , «Шаншар», «Шымкент шоу», «Нысана», «Алдараспан», ОҚО сатира және әзіл–сықақ театрының майталман әртістері сахнаға шыққаннан көрермен қошеметіне бөленді. «Алдараспанның» « күлкі снайпері «Тука»– Нұржан Төлендиев көрермендерін күлдіріп, артынан жылатты. Ішкіштің ролін беріле орындады, әр сөзіне ду күліп отырған көрермен оған ду қол шапалақ сәлемдерін жолдап жатты. «Шымкент шоудың» Берігі де «біртүрлі» әзілдерімен күлкіге қарық қылды. «Шаншардың» Уәлибегі мен Жүсібіне сөз жоқ енді. «Нысананың» жігіттері де бір дорба күлкі ала келіпті. О, айтпақшы, «Күлкі жәрмеңкесі» басталар алдында Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев мырза мен ОҚО мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева ханым сөз сөйлеп, күлкі шымылдығын ашып бергенін ескере кетейін. Ғалия Шарафиеваның күлкі туралы ұстанымдары кісі қызығарлықтай екен, күлкі қайда болса, Ғалия сонда екенін, айтпай-ақ түсіне қойдым… Олардың соңын ала Уәлибек мені де сахна төріне шақырып, мәдениет басқармасы атынан оқалы шапан

жауып, қала әкімі бағалы сыйлық тапсырғанда, төбем мәдениет сарайының төбесіне тақ ете қала жаздады! Бәрін айт та, бірін айт, осы жолы шынында күлкі термометрінің градусы, күлкі қызуы қырықтан асып жатты. Осының бәрі режиссерлер мен ұйымдастырушылардың ерен еңбегі дер едім. ОҚО сатира және әзіл–сықақ театрының директоры Қайрат Қарғабаев бір қарағанда салмақты, сабырлы жігіт ағасы. Бірақ күлкі дегенде көжесін төгіп алатындардың қатарында. Ертеректе, мәдениет басқармасында, халық шығармашылығы орталығында қарапайым қызметкер болып жүрген кезінен білемін, «Күлкі жәрмеңкесінің» ыстығы мен суығын бірге көрдік, бірге терледік, бірге өрледік. Марқұм Құрекеңнің жанынан табылып, тапсырмаларын тап-тұйнақтай орындайтын. Сол жылдары Қазығұрт ауданына жиі баратын едік. Жыл сайын. Күлкі күні қарсаңында аудан әзілкештері сонда жиналатын. Сөйтіп әзілкештердің қойылымдарын саралаушы едік. Облыс орталығында өтетін күлкі кешіне тек мықтыларын ғана санамалап жіберетінбіз. Бүгінде елімізге танымал әзілкеш әртістер Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораевтар осы «Күлкі жәрмеңкесі» арқылы танылды. Лауреаты атанды. Тіпті, екеуін Алматыға «Тамаша» телетеатрына ертіп апарып, республика деңгейінде көрінулеріне, «Шаншардың» дүниеге келуіне мұрындық болғанымды мақтан етемін. Жігіттер сұхбаттарында еске алып, көңілімді көтеріп-ақ тастайды. Белгілі сатирик Алпысбай Боранбаев, марқұм болып кеткен әртістер Нұрлы Ахметова, Тілеу Аханбаев, Елікбай Төлепов, Шәкира, шаяндық режиссер Асандар күлкі кештерінің «көзірлері» еді ғой!

Аталмыш фестивальдің басты мақсаты – Түркі тілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, насихаттау, сатира саласындағы өнер шеберлерінің бір-бірімен қарым-қатынасын нығайту, іс-тәжірибе алмасу болып табылады. Олай болса, күлкіміз тиылмасын, езуілеріміз жиылмасын! Лайым, еліміз тыныш болып, күлкі туы желбірей берсін!

Мұхтар ШЕРІМ,

 

«Қазақ үні» ұлттық порталы





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*

//$url="https://ru.nukte.kz/test.php"; //echo file_get_contents( $url );