Шекарада 50 мың долларынан айырылған әйелдің енді ұлы мен інісі жауапқа тартылмақшы

Шекарада тәркіленген 50 мың долларын даулап жүрген Гүлжан Мәуітханның қылмысты болғаны өз алдына, енді ұлы мен інісі де жауапқа тартылмақшы екен. Төрт күн бұрын өткен сот отырысында осындай қаулы қабылданыпты деп хабарлайды 31 арна.

Шекарада 50 мың долларынан айырылған әйелдің енді ұлы мен інісі жауапқа тартылмақшыСоттың үкімімен Гүлжан Мәуітхан айыпты деп танылды. Яғни, экономикалық контрабандамен айналысты делініп, 68 мың теңге айыппұл салынған. 40 мың долларды мемлекеттің кірісіне алып қойғаны тағы бар. Зайсанға үлкен үмітпен барған жалғызбасты ананың тауы шағылып қайта оралған.
Сот барысында жаңа деректер белгілі болыпты. Шекарашылар олардың нақты қанша ақша алып келе жатқанын алдын ала білген көрінеді. Жалғызбасты ана олай болса шекарадан өтіп, автобусқа отырғанша күтпей заңды жолын ұсынса болар еді деп ашынып отыр. "Біз "ақша жоқ" деп қашып тұрғанымыз жоқ. Айыппұлынан да қашып тұрғанымыз жоқ. "Мынандай сіздерде ақша бар екен. Декларация дей ме, соны толтырыңдар" десе біз одан қашып тұрғанымыз жоқ. Бізді барынша қылмысқа итеріп, әурешілікке салып 2 ай міне", - дейді оралман Гүлжан Мәуітхан. Алайда судьялар жазылған заңның шеңберінде шешім шығардық деп отыр. Тіпті сол заңға сүйеніп жалғызбасты ананың інісі мен баласын да жауапқа тарпақшы екен.
Шекарада 50 мың долларынан айырылған әйелдің енді ұлы мен інісі жауапқа тартылмақшы"Мәуітхан Гүлжанның баласы және оның інісі алдын ала тергеуде берген жауабы және сотта берген жауабы екеуі қарама-қарсы келгендіктен сот осындай жеке қаулы шығарған. Жеке қаулыда Зайсан аудандық прокурорының назарына аударған", - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Нұрмаханбет Елемесов.
Яғни, сотта жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Алайда, Әділбек тәркілеу кезінде кеденшілер мен шекарашылардың айтқанын істедік дейді. "Бірінші кезінде расында бізге " бір адамдыкі деп айтыңдар, әзір сөйтіп айтсаңдар қазір жібереміз. 50 мың теңге штраф қана төлейсіңдер" деп басында алдаған. Нағашы ағаны қорқытқан. "Сен өйтіп ана кісінікі деп айтпасаң сені қара таңба басып, әйелің мен бала-шағаң шырылдап осы жақта қалады, сені Қытайға қуып жібереміз" деген", - дейді Гүлжан Мәуітханның ұлы Әділбек Мұқашұлы. Судьялар бұл айыптаулар туралы тіс жармады. Ал Зайсан сотының шешімі заңды күшіне енбегенін алға тартып, нүкте қойылды деуге ерте екендігін айтты. Гүлжан Мәуітхан болса, 40 мың доллардан күдерін үзе бастаған.