Алматының жолдарын жөндеуге 7 миллиард теңге бөлінді

Қай заманда да қала салудың көрінісі көшесін айқындап, жолын төсеуден бай­қалған. Тарих қойнауынан табылған, талай ғасыр бұрынғы тарихтың куәсі болған шаһарларды топырақтан аршып, қазба жұмыстарын жасағанда бірінші болып көшелері бедерленіп, осы жерде қала болған деп тұрады. Жаһанның басқа жағын айтпай-ақ, өзіміздің сайын даламызда Тараз, Сарайшық, Түркістан, т.б. шаһар­ларды айтсақ та жетеді. Ал мың жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының бойын­дағы көне Алмалық шаһарының ізі – бүгінгі Алматы қаласы. Талай тарихты басынан көшірген Алматы жиырма бірінші ғасырда әлемнің айтулы мегаполисте­рінің қатары­нан көрінгісі келеді.

Бауыржан Байбек   көш­пе­лі жиын бары­сында аудан­дар әкімдері мен басқар­­малар басшыларының  наза­рын екі маңызды  мәселеге – жұмыс­тың сапасы мен уақ­тылы   орындалуына   аударды.

Биылғы жылы  120 шақы­рымнан астам жол орташа жөнделіп, 85 мың шаршы метр тротуарлар мен 130 аялдама  алаңдары  салынады деп жос­парланған. Жол-жөндеу жұмыс­тарына 7 млрд. теңге, оның ішінде кезекті жөндеуге 1 млрд. теңге,  тротуарлар мен аялдама орындарын  ретке келтіруге 500 млн. теңге,  орташа жөндеуге 5,5 млрд. теңге бөлінген.

– Бірінші кезекте жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын 34 көшеге, соның ішінде, 12 магистральды көше мен 23  аудан­дық маңызы бар көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап өтерлік жәйт, ұзындығы 31 шақырым болатын 19 көшеге де орташа жөндеу жүргізудің сметалық құжаттары жасалды. Қала көшелеріндегі ақауларды тауып әрі жөндеу үшін 4 мер­дігерлік ұйым мен 12 бригада жұмыс істеу­де,  осы аптаның ішінде бұлардың саны 28-ге  артатын болады, – дейді Жо­лаушылар көлігі және автомобиль  жол­дары бас­қармасының басшысы Мақсұт Исахов.

Басқарма басшысы Саин көшесінен Жандосов көшесінің бойымен Таусамалы  поселкесіне дейін күрделі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын айтты. Жөнделетін аумақтың жалпы ұзындығы 2,08 шақырым. Жоба құны – 1 134,0 миллион теңге. Жөндеу жұмыстары бары­сында жолдың көлік қозғалысы бөлігі 4 жолаққа дейін кеңейеді, Қарғалы өзенінің бойындағы  көпір қайта жасалады, вело­жолдар мен тротуарлар салынады.

Атап өтерлік жәйт, жолдарды жөндеу жұмыстарында заманауи техника пайда­ла­­нылады. Асфальт  төсейтін   жаңа ма­шина 8 тонна асфальт дайын­дап, оның темпера­турасын 180 градуста сақтай алады.  Бұл техни­каның  ерек­шелігі – ол қыс кезінде  де жолдарды жөн­дей береді. Бұл  техника  Қа­зақстанда біреу ғана. Бола­шақта  осын­дай бірнеше тех­ни­ка сатып алу жоспар­лануда.

Өзінің кезекті жұмыс сапары бары­сында Бауыржан Байбек қалалық инженер­лік коммуникацияларды жаңарту жұмыстарын да тексеріп көрді. Энергетика және коммуналды шаруашылық басқар­масының басшысы Ермек Үсенбаев биылғы жылы 172 қазу жұмы­сының жүргізілетінін баян­дады. Жұмыстардың барлығы тұтынушыларды электрден, жылудан, судан ажыратпай, жүзеге асы­рылады.  Бақылауға  алынған 66  қазылған  ордың жыл қоры­тындысы бойынша 40-ы  бұрынғы  қалпы­на келтірілді, 26-сы өтпелі. Арнайы құрыл­ған жұмысшы  тобы 30 нысаннан ақау тапты. Мердігерлерге сәуір айының соңына дейін барлық ақауларды  жою туралы тапсырма берілді.

Нұрлан СҮЙІН, "Алматы ақшамы"