Валюта бағамы USD : 326.88 | EUR : 364.9 | CNY : 47.85

"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Алашорданың насихатталмауына БАҚ-тардың да кінәсі бар – Тұрсын Жұртбай

Астанада Алашорданың 100 жылдығына және Қазақстанда Қуғын-сүргіннің 80 жылдығына орай баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.kz.

Баспасөз кеңесіне алаштанушы ғалымдар мен алашорданың іргесін қалаған арыстардың ұрпақтары мен журналистер, студенттер қатысты.

Осы конференция барысында сөз алған ғалымдар кешегі Елбасы мақаласының Алашорданың 100 жылдығы қарсаңында жариялануы тегіннен тегін емес деген пікірде.

«Кешегі Елбасы мақаласы біздің ойымызда, біздің санамызда жүрген дүниенің қозғаушы күші деп есептеймін. Себебі, БАҚ қоғамды қалай бағыттаса, қоғамға қандай ой саламыз және ол қоғамның қалай жұмыс істеуге мәжбүр етеміз, алаштың тағдыры да соған байланысты. Бүгін де алашорданың 100 жылдығына арналған баспасөз конференциясына саусақпен санарлық қана адамдар жиналып отырмыз. Менен жаңа біреу сұрайды, неге осынша немқұрайды аталып өтіп жатыр деп. Мен айтар едім, бұған БАҚ-тың да қатысы бар. Себебі солар бұл мәселені қоғамның құлағына жеткізу керек» – дейді танымал ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай.

Мұнан соң танымал ғалым кеше ғана жарық көрген Елбасы мақаласындағы алаш тарихына, алаш идеясына тікелей қатысы бар ерекше үш жағдайға тоқталды.

«Осы ретте Алашорданың 100 жылдығына, Алаш партиясының 100 жылдығына мен өзім ойламаған тосын бір мақала шықты. Ол – кешегі Елбасының мақаласы. Осы мақаладағы үш пікірге мен ерекше назар аударар едім.

Біріншісі: Жер мәселесі. «Біз жер туралы пікіріміздің қадірін кетір алған сияқтымыз. Жер мәселесі біздің басты құндылықтарымыздың бірі» деген мағынадағы сөз бар. Бұл сөз Президенттің аузынан бекер шықпайды. Демек жегісіне жеткеміз. Мен күтпеген едім мұндай пікірді. Бірақ бүгінгі қоғам осы мәселеге ерекше назар аударуы керектігін талап етіп отырғандығын, бұрын тілейтін, түсінгенім. Бүгінгі өзі басқарып отырған елдің құзырлы орындарына жер, жер, жер, тағы да жер. Отан – экономика, «жер – біздің тіршілік көзіміз, жер – қазақ халқының емін-еркін жүретін, өзін өзі сезінетін ұлттық кеңістігі» деген Әлихан Бөкейханов ұсынған Алаш идеясының ең басты талабы. Міне, осы мәселеге де біздің бүгінгі қазақ қоғамы, қазақ мемлекеті, Президент ерекше назар аударып отыр. Біз үшін ең маңызды сөз осы болуы керек.

Демек, БАҚ осы жер мәселесін, біртұтас Алаш идеясымен тұтастыра отырып, жаңадан ойлы, нақты проблема көтеретіндей мүмкіндік туды деп ойлаймын.

Екіншісі: Мақалада «Біздің рухани тәуелсіздігіміз» деген сөз бар. Рухани тәуелсіз болмаған ұлт – ұлт болып қалыптаспаған ұлт. Біз рухани тәуелсіздікке жетпесек біздің тәуелсіздігіміздің құны бес тиын. Бұл – «құл болып тәрбиелендік, құлша өмір сүреміз» деген сөз. Ал Елбасының «рухани тәуелсіздік», «рухани құндылық» деген сөзге ерекше маңыз бергені бұрынғы көршімен тату болайық деген сөздің жеріне жеткендігін байқатады. Әлихан құрастырған біртұтас Алаш идеясының төртінші бабында да осы рухни тәуелсіздік жайлы айтылады. Сондағы ең бірінші айтылғанындай Елбасы да «Біз тіліміздің қадірін кетіріп алдық» деп отырғаны да осы. Тіл туралы 25 жыл бойы айтылып келеді. Алйда, дәл осындай сөз бұған дейін айтылмаған еді.

Үшіншісі: Экономикалық тәуелсіздік. Бұл енді айтпаса да түсінікті ең басты мәселе.

Осы үш мәселе сіздердің бүгінгі білейін деп отырған, назар аударғыларыңыз келіп отырған Алаш қозғалысы туралы мәселеге тікелей қатысы бар.

Ал енді осы Алаштың 100 жылдығына не істеу керек деген деген сауалға менің ойымша, Қазақстан Республикасының барлық мемлекеттік құрылымы – мемлекеттік хатшыдан бастап, барлық саланың министрлері бірігіп отырып, шұғыл түрде, мамыр айының ішіне дейін «Президент мақаласын жүзеге асыруға орай» деп тұрып, Алаштың 100 жылдығын Қазақ хандығының 550 жылдығы, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау туралы қабылданған қаулылар секілді мемлекеттік бағдарлама жасап, мемлекеттік дәрежеде бекітілуі керек. Егер бұлай болмай, алаш тойы атаусыз қалар болса, өз анасынан жерінген жүгермек секілді боламыз» – дейді ғалым.

Дегенмен Тұрсын Жұртбай мемлекеттік деңгейде қаулы қабылданып, үкімет қолдау көрсетеді деп қол қусырып қарап отыруға болмайды дейді қоғам қайраткері Берік Әбдіғали.

«Біз «Үкімет бастауы керек, олар қаулы қабылдап, елге тапсырма беруі керек» деп қарап отырмауымыз керек. Кімнің қолынан не келеді, Алашорданы ұлықтауға, сол мүмкіндігін пайдаланып, қолынан келгенін жасай беруі керек. Сонда ғана біз алаш арыстарының жоғын түгендей аламыз» – дейді Берік Әбдіғали.

Дегенмен осы жиын барысында бір байқағанымыз, былайғы уақытта «алаш, алаш» «алаш арыстар», «біздің мемлекетіміздің негізін қалаған солар» деп көпіргенде көк езулерінен көбік шашырайтын зиялылар мен қоғам белсенділері төбе көрсетпеді. Баспасөз конференциясының өзіне отандық бақтардан саусақпен санарлықтайы ғана келді.

Осындайда Тұрсын Жұртбай ағамыздың «барлық кінә БАҚ-тарда» дейтінін еріксіз мойындайсың.

Баспасөз жиынының соңында Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай шыққан 15 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Құрастырып, баспаға әзірлеген Сұлтан-Хан Аққұлыұлы.





1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Қолқоюсыз 14 Сәуір, 2017, 20:11

    т. жұртбай білмей ме, әлде білгісі келмей ме. бак дегенде күнделікті өсек аяң жазғаннан басқа оқитын қазір не баспасөз қалды бізде. пайдаға асатын бір-екі тәуелсіз газет қана бар. оның өзі интернеттен көшірілген мақала пікірді басады. ал жергілікті бактар ортақ астаудан жем жеп үйренген. әкімдерді жазғаннан, жарнамалағаннан аспайды. қай бетін ашып қалсаң да сол әкім жүреді, соның жаз деген мәселесін, адамдарын мақтайды. әйтпесе «жемнен» қағылады. не меншікті редакциясы, тұрақты мекен, қаражаты. баспасы жоқ болып шығады. ал олар билікке жақпайтын мәселені көтеріп, қиғаш келіп қайтсін. өзгелердің мақаласын баспайды. т. жұртпай мықты болса осы мәселені түбірінен қозғасын. өтер шаралар әйтеуір өтеді.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*