Валюта бағамы USD : 314.4 | EUR : 343.83 | CNY : 45.6

Белгілі ақынның қазақ журналистеріне ескертуі

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Қазақстан» ҰТА Алматы филиалының бас редакторы Гүлнар Салықбай қазақ журналистерінің сөз қолданысындағы кейбір қателіктерді атап көрсетіп, өз пікірін білдіріпті.

Бұл туралы «Дала мен қала» басылымы хабарлады.

Бұл тек журналистер үшін емес, барша оқырман үшін де маңызды деп ойлаймыз. Жай оқып қана қоймай, күнделікті өмірімізде дұрыс сөйлеу, дұрыс жазуды өзімізден талап етейік.

І 

  1. Әр сөзді орнымен қолдану керек. Кейде сөздердің орны ауысып кеткендіктен немесе журналист айтар ойын дұрыс жеткізе алмағандықтан, сөйлемнің мағынасына нұқсан келіп жатады. Мысалы, «Қостанайда пара алған кеден бекетінің(?) басшысы ұсталды». Пара алған кеден бекеті ме, басшы ма? Дұрысында «Қостанайда кеден бекетінің пара алған басшысы ұсталды» болуы керек қой. «14 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы». Ауа райы болжамы қалай арналады? «14 желтоқсандағы ауа райына болжам» деген дұрыс.«Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектептерінің тәрбиеленушілері мерекелік датаны білдіретін(?) «25» деген санға сап түзеп(?),өзгеше акция өткізді». Дұрысы: «…Тәуелсіздік мерекесі құрметіне «25» санын бейнелеп, сап түзеп…».

    «Бірнеше мыңдаған адам өздерінің(?) парақшаларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы аясындағы фотосуреттерді орналастырды. Дұрысы: «Мыңдаған адам парақшаларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы аясында түскен фотосуреттерін салып қойды».«Қазақстандықтар да өз еліне деген сүйіспеншіліктерін білдіре отырып, желіде шағын мәтіндері мен роликтерін орналастыруда». Дұрысы:«Еліне деген сүйіспеншілігін білдіргісі келген қазақстандықтар да желілерде жылы лебіз білдіріп, роликтерін жариялап жатыр».

    2. «Ұлықтау» сөзі туралы. Біз Президенттің қызметке кірісуіне байланысты салтанатты рәсім – иннаугурацияны «ұлықтау» деп жүрміз. «Ұлықтау» «ардақ тұту», «құрмет көрсету», «қадір тұту» деген мағына білдіреді.Алайда бұл сөз қазір «еске алу», «дәріптеу», «құттықтау» деген мағынада да қолданылады. Бұл дұрыс емес. Мысалы «ұлттық нақышты ұлықтау», «ұлттық спортты ұлықтау», «ұлы мереке ұлықталды», «ұлттық валюта ұлықталды» деген тіркестер дұрыс емес. Бұл сөздің тек адамға қатысты айтылғаны дұрыс.

    3. Орыс тілінен ауысқан тағы бір жайсыздық – бастауышы да, баяндауышы да атау тұлғалы зат есімнен тұратын сөйлемдерге «ол» деген сөзді қыстыру. Мысалы, «Тәуелсіздік, ол – бақыт». «Независимость, это…» деген сияқты.

    4. Ана тіліміздегі «нәпақа», «пұшпақ» сияқты ежелден келе жатқан сөздерді, кейбір теңеулерді орынсыз қолдану. Мысалы, біреудің қайда жұмыс істейтіні туралы ақпарат бергенде «Ол базарда арба сүйреп, нәпақасын тауып жеп жүр» дейміз. Бұл көркем шығарма емес қой… «Нәпақа» – араб тілінен енген сөз (азық-түлік). «Базарда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүр» деуге болмай ма? Тағы бір мысалы: «Жас әнші жанына жақын саланың пұшпағын илеп, Алматы маңынан бизнес ашқысы келеді». «Илегендері бір терінің пұшпағы» деген тұрақты тіркес бар. Бұл жерде өте орынсыз қолданылған. «Бойлары сымға тартқандай түзу». «Сымдай тартылған» деуге болады, ал «сымға тартқандай» деген дұрыс емес. Сымға тартпайды.

    5. «Қайырлы күн», «қайырлы таң», «қайырлы түн» деп амандасу – кезінде Ресей фильмдерінің қазақша аудармасынан сіңіп қалған нәрсе. Қазақта «кеш жарық» деген бар. Меніңше, ұлттық арнадағы осы «қайырлыларды» тоқтату керек. Қазақша амандасайық.

    6. Қазір «алдымен, әуелі» деген сөздердің орнын «бірінші кезекте» деген тіркес біржола жаулап алды. Бұл да орыстың «в первую очередь» дегенінің аудармасы. Мысалы, «Негізінен бұл компаниялар, ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдау керектігі жөнінде аудан әкімімен келіскен». Біріншіден, бұл сөйлемде сөздердің орны ауысқан. «Негізінен», «керектігі» деген сөздер артық. Дұрысы: Бұл компаниялар жұмысқа ең алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдау жөнінде аудан әкімімен келіскен».

    7. «Жіберіп алмаңыз». Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «жіберу» сөзіне мынандай анықтама берілген: «Жіберу – біреуді бір жаққа жұмсау, аттандыру. «Жіберіп қалды» – қолындағыны лақтырды, ұрды». Ұлы сөзде ұяттық жоқ, «жіберіп қойды» деген де тіркес бар. Оның мағынасын айтып жату артық шығар. Сондықтан «жіберіп алмаңыз» дегенді тоқтатайық. Тым құрыса, «қапы қалмаңыз» дейік те.

    8. «Таңдау» деген сөз де орысша қолданылып жүр. «Мені таңдады» дегенді «таңдау маған түсті» деп айтамыз.

    9. «Иеленді» деген сөз бір нәрсеге өздігінен ие болып, меншіктеп алды» деген мағына береді. Біз болсақ, «бірінші орынды иеленді» дейміз. «Бірінші орынға ие болды» деу керек.

    10. Қазір «мұғалім» деген сөз қолданыстан шығып барады. Өйткені, оқытатын адамдардың бәрін «ұстаз» дейтін болдық.

    11. «Болып табылады, болып саналады». Екі сөйлем жазсақ, бірін осылай аяқтауды бұлжымас дәстүрге айналдырып алдық.

    «Астанадағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ең көп тараған түрі (?) өз қызметін асыра пайдалану, алаяқтық және пара алу(?) болып табылады» (Біздің жаңалықтардан). Дұрысы: «Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың ең көп тараған түрлері – алаяқтық пен парақорлық».

    12. «Барғансыз ба?», «барғансыздар ма?». «Сіз Францияға барғансыз ба?». Журналистер тілдерін бұрап, осындай сұрақ қояды. Дұрыс емес екені айтылуының қиындығынан-ақ білініп тұр ғой. Дұрысы: «Сіз Францияға барып па едіңіз?» немесе «Францияда болып па едіңіз?, «Францияда болдыңыз ба?»

    13. «Бешбармақ». Қазақта мұндай сөз жоқ. «Қазақша ет» деу керек. «Бешбармақ» – шетелдіктердің мазақтап айтқан сөзі.

    14. «Нәтижесінде», «айтуынша», «салдарынан». 

    «Индустрияландыру картасы аясында биылғы алты айдың өзінде жалпы құны 175 млрд теңге болатын 30 жоба қолға алынған. Нәтижесінде 4 мың жаңа жұмыс орны ашылды». Қазір осындай басы шолақ сөйлемдер көбейіп кетті. «Соның нәтижесінде» деуге ерініп, сөйлемді «нәтижесінде» деген жарты сөзбен бастаймыз.

    15. Жұмыс, жұмыс істеу, еңбек ету деген зат есімдер мен етістіктердің орнына еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана айтылатын (ОҚО, Жамбыл облыстары) «тірлік» деген зат есім мен «тірлік істеу» етістігін қолданатын журналистер де аз емес. Ұлттық арнаның журналистері жергілікті жердің шеңберінде қалмай, әдеби нормаға сай сөйлеуі керек. Мысалы, «Ал гүл өсіру жүйелі һәм тындырымды тірлікті талап етеді».

    «Мысалы, кейбір осы нағыз мықты, үлкеееен тірліктер бітіріп жүрген нәзік жандыларды көрем». («Бірге таңдайық» бағдарламасының жүргізушісі)

    16. Айтқан сөзіміздің тең жартысынан көбі «жаңағы». 

    17. Артық мадақ , ұлы «Өнерімен алты алашты тәнті еткен, асқан дарын иесі» деп, кім көрінгенді мадақтау. Мақтау мен мадақтың да орны бар. Қазір екінің біріне «ұлы», «кемеңгер», «данышпан» деген сияқты анықтауыштарды аямай үлестіре беретін болдық. Журналистер осыдан сақ болуы керек. Мысалы, мен сценарий қарағанда бір қазіргі замандағы белгілі жазушысының алдындағы «ұлы ойшыл, кемеңгер» деген сияқты анықтауыштарды алып тастадым. Сонда Әл-Фарабиді, Абайды кім дейміз?

    18. Көптік жалғауды бірде орынсыз қолдансақ, енді бірде қалдырып кетеміз.«Қой шаруашылығын дамыту жөніндегі жоба – соның бірі». Бұл арада «соның бірі» емес, «солардың бірі» болуы керек. Өйткені, алдындағы сөйлемде осындай бірнеше жоба бар екені айтылады. Бұл сөйлемде бастауыш екі сөзден тұрады. Бастауыш – «солардың бірі». Баяндауыш – «жоба».«Қой шаруашылығын дамыту жөніндегі» – анықтауыш (қандай?). Бастауыш («солардың бірі») сөйлемнің басында тұруы керек.

    19. Қазіргі сөйлемдердің түсініксіздігі сонша, бірнеше рет оқымасаң, ұқпайсың. Ал осы сөйлем теледидардан айтылса не болады? Көрермен: «Қане, не дедің, қайта айтшы?» , – деп сұрай алмайды ғой. Мысалы, «Ал қыста мал шаруашылығы жем-шөпке деген қажеттіліктің 60 пайызы деңгейінде ғана қамтылатын».Теледидар мен радиодан айтылған сөз құлаққа жеңіл, түсінікті болуға тиіс.

    20. Біріңғай мүшелерді жұптап айту да жиі кездесетін қателік. «Әсіресе агроном мен балық шаруашылығының маманы, зоотехник пен мал дәрігері жетіспейді». Бұл арада «мен» деген жалғаулық шылау қосып, екі-екіден жұптаудың қажеті жоқ.

    21. Күмпілдеген, бос сөзге үйірлік. Мысалы, «Уызға жарыған ұрпақ(?) бабалардан жалғасқан осы үрдісті жаһандану дәуірінде де жадынан шығарған жоқ». «Осы ұлы адамдар, тарихта есімі қалатын тұлғалар аянмен беріледі(?)деген таным (?) бар».

    22. «КСРО», «Қазақ КСР». Тарихта мұндай мемлекеттер болған жоқ. Барлық құжаттарда «СССР», «Қазақ ССР» деп жазылған. Ал «кеңес» кейін өзіміз аударып алған сөз. Сондықтан тек қана «СССР», «Қазақ ССР» деп айтқанымыз дұрыс.

ІІ

  1. «Пайдалы мәліметтермен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіремін!» немесе «Пайдалы кеңестеріңізбен бөліскеніңізге үлкен рахмет!» – бұл арада «бөліскеніңіз үшін» деген тіркестің қажеті жоқ, кеңесті бөліспейді. «Пайдалы кеңес бергеніңіз үшін рахмет!» , «пайдалы мәлімет бергеніңіз үшін рахмет», тіпті «пайдалы мәліметіңіз үшін рахмет» десе болды.
  2. «Тұтыну» сөзі. Қазір журналистер «қандай тамақ тұтынасыз?», «қандай киім-кешек тұтынасыз?» деп сұрақ қоятын болды. «Тұтыну» сөзінің де қолданылатын жері бар. Мысалы, «халық тұтынатын тауарлар» деген сияқты. Ал енді киім, тамақ, тағы басқаларға қатысты орынсыз қолдана берудің қажеті жоқ. «Қандай тамақ жейсіз?» деп, өзіміздің түсінікті тілімізде сөйлеуіміз керек.
  3. Бізде кейбір «көше сөздері» төрге шығып кетті. Мысалы, «Мәселенің мән-жайын майшаммен қарау үшін…» деген тіркесті алайық. Бұл – жай біреудің айта салған сөзі. Ешқандай мағынасы да жоқ. Осындай сөздерден аулақ болсақ.
  4. «Өз» есімдігін орынсыз қолдану. Қазір «өз» есімдігінің жүрмейтін жері жоқ, көз сүрінеді. «Жұмысыма бардым» дегеннің орнына «өзімнің жұмысыма бардым» дейміз. Жай ғана «анам» дегеннің орнына «өзімнің анам» дейміз.
  5. Сөздердің орнын ауыстырып, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын білмегендіктен, қате қолдану, артық ақпарат қосу, бос сөз қосып сөйлеу .

А) «Қазақ биін билеп, жоғарғы ұпайлардың бірі 48-ді алды». Бұл – біз сценарийде жөндеп жіберген бір сөйлем ғана. Жазып отырған адамның айтайын дегені – біреудің қазақ биін билегені үшін 48 ұпай алғаны. «Қазақ биін билегені үшін 48 ұпай жинады» десе болды ғой, ол 48-дің жоғары («жоғарғы» емес!) ұпай екені онсыз да белгілі емес пе.

Ә) Сөзді қате қолдану. Мысалы, «Буын ауруы 29 жастан кейін сыр бере бастайды» деген сөйлемді алайық. Бұл да – қаралған сценарийде жөнделген сөйлемдердің бірі. «Сыр берді» деген тіркестің бар екені рас. «Буындарым сыр беріп жүр» деуге болады («буындарым ауырып жүр»). «Қанша қиналып жүрсе де «сыр бермейді» деуге де болады (қиналғанын білдірмейді деген мағынада). Ал жоғарыдағы сөйлемде бұл тіркес мүлде орынсыз қолданылған. Дұрысы: «Буын ауруы 29 жастан асқан адамдарда кездеседі».

Б) Тұрақты сөздердің өңін айналдырып немесе орнын өзгертіп, қате қолдану. Қазақ тілінде «исі мұрнына бармайтын» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Мұндай тұрақты тіркестер толып жатыр. Бұл тек бір мысал ғана. Ал біз осы тіркесті шала-шарпы білгендіктен, былай жаза саламыз: «Бірақ археологияның исін білмейтін жандар ғана осылай ойлайды». Дұрысы: «Археологияның исі мұрнына бармайтын жандар». Немесе «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегенді «қуырдақтың көкесі түйенің еті» дей салатындар да бар.

В) Ойдан сәтсіз мақал құрастырып айту, мақалдарды орынсыз немесе қате қолдану. «Қазақта осындай бір тәмсіл бар» деп мақалдата жөнелу әдетке айналып кетті. Мақал-мәтелдер ғасырлар талқысынан өтіп, әбден қырналған, мінсіз сөздер ғой. Бір мақалды есіңізге түсіре алмасаңыз, ғаламтор бар, қараңыз, кітап та жетіп жатыр.

Мысалы, біздің бір журналист «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай артынан ереді» деген мақал шығарып алыпты.

  1. Сөйлемдерді ретті-ретсіз «дегім келеді», «деймін», «десе де артық айтқандық болмас еді», «десем де болады», «анық», «сөзсіз» деген сияқты сөз тіркестерімен аяқтауға құмарлық. Мысалы, «Мен ол адамды қатты сыйлаймын десем де болады». Бұл тіркестер сөйлемге ешқандай мағына үстемейді, керісінше, айтылар ойдың мәнін жоғалтып, дүдамалдық туғызуы мүмкін.
  2. Қазақ тілінде қалыптасқан тіркестер бар. Мысалы, домбыраны шертеді немесе тартады. Ал біз «домбырада ойнайды» дейміз. Бұл да – орыстың «играет не домбре» дегенінен алғанымыз. «Орамал тақты» дейміз. Орамал тартады, сырғаны тағады. «Темекі шекті, шылым тартты» дейміз. Темекіні тартады, шылымды шегеді. Қыздарды «үйленді» деп жатамыз. Қыздар тұрмысқа шығады, ер адамдар үйленеді.
  3. «Туылған» деген сөз. Бүгінде жаппай «туылған күнім», «туылған жылы» дейтін болдық. Бұл туралы жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин нақтылы дәлел келтіріп, пікірін айтқан болатын. Бала туады, ана табады.
  4. Қазір өткен шақтағы болымсыз етістік қате қолданылып жүр. Мысалы, «Ол шетелге бармады» дейді. Өткен шақтағы болымсыздық мән беретін етістік «-қан, -кен, -ған, -ген» жұрнақты есімшеге «жоқ» деген модаль сөз жалғану арқылы ғана қолданылады. Мысалы, «Ол шетелге барған жоқ».
  5. Құрмалас сөйлем. Құрмалас сөйлем екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіреді. Ол сөйлемдер мағыналық жағынан өзара байланысып тұруға тиіс. Ал біздің айтатын немесе жазатын құрмалас сөйлеміміз көбінесе екі толық, ой аяқталған сөйлемнен тұрады. Мысалы, «Ол базарға барды, бір қап ұн сатып алды» дейміз. Бұл – екі баяндауышы болғанмен, ортасына нүкте қойып, екінші сыңарын бас әріппен бастаса, әрқайсысы ой аяқталған жай сөйлемдер. Құрмалас сөйлем болу үшін «Ол базарға барып, бір қап ұн сатып алды» деу керек.
  6. Қазір бәріміздің ішімізде бір-бір орыс бұғып отыр. Білсек те, білмесек те орысша ойлайтын болдық. Сосын соның жаман аудармасы арқылы қазақша сөйлем құраймыз. Орыс тілінен тікелей аударылған тіркестердің бірі – «маңызды» деген сөзге байланысты. Егер «маңызды шаруа» десек, бұл сөз өз орнында тұр дейміз. Бірақ қазір екінің бірі: «Мен үшін бұл маңызды емес, маңыздысы сол…» деп сөйлеуді әдетке айналдырды. «Это не важно, важно то…» дегеннің тікелей аудармасы ғой. Қай қазақ «мен үшін маңызды» деп сөйлеуші еді. Контекске қарай басқаша айтуға болады ғой. Мысалы, «Мен үшін атақ маңызды емес, маңыздысы сол, жазғаным жұрттың көңілінен шықса болды» дегенше, «Атақ алсам деп армандамаймын, жазғаным жұрттың көңілінен шықса болды» десек, анағұрлым қазақша болмай ма.Қазақ тілінде сөйлем мүшелерінің орналасуы орыс тілінен мүлде бөлек. Бізде бастауыш көбінесе басында, баяндауыш соңында тұрады.Біз қазір ресми мәтіндердің өзінде де бастауышты немесе сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін сүйреп әкеліп, соңына қойып айтатын болдық. Мысалы, «Ресми сапармен Қытай Халық Республикасына аттанды премьер-министр» дей саламыз.
  7. Қазір «Сіз өзіңізді қалай сезінесіз?» деп хал сұрайтын болдық. Бұл да орыстың «Как вы себя чувствуете?» дегенінің аудармасы. «Жағдайыңыз қалай?» деген сөз ғой. «Өзімді бір түрлі сезініп тұрмын» дейтініміз де бар. «Бір түрлі болып тұрмын» демейміз.
  8. Жіктеу есімдігін орынсыз қолдану. Орыс тілінде жіктеу есімдігі қолданылмайтын сөйлем некен-саяқ. Ал бізде көбінесе жасырын тұрады. Яғни, «мен, сен, ол, біз» деп айта бермейміз. Орыс тілінен ауысқан тағы бір әдет – бір сөйлемде бірнеше рет, келсін, келмесін есімдіктерді ретсіз қолдана беретін болдық. Осындай сөйлемдерді қарап отырсам, сөздердің орналасу реті түп-түгел орысша болып келеді. Мысалы, «Мен бауырыммен ашық сөйлескім келіп еді, бірақ ол түсінбеді мені». «Бауырыммен ашық сөйлескім келіп еді, бірақ ол түсінбеді».
  9. Табыс септігін орынсыз қолданамыз. Қазақ тілінде табыс септігінің жалғаулары да көбінесе жасырын тұрады. Біз қазір «Қолыма қаламды алып, жазуға кірістім» дейміз. Дұрысы, «қолыма қалам алып, жазуға кірістім».
  10. «Мүмкіндікке ие». Қазір осы тіркестен көз сүрінеді. Мысалы, «Бұл кәсіпорын осындай үлкен мүмкіндіктерге ие» дейміз. Өте сәтсіз тіркес, айтсаң, тілің күрмеледі, жазсаң, үйлеспегендіктен көзге ұрып тұрады. Тым құрыса, «Бұл кәсіпорынның осындай үлкен мүмкіндіктері бар» немесе «мүмкіндігі зор» дейік те.
  11. Сериалдардан кірген «хош көрдік», «қолыңа дерт бермесін», «қолың дерт көрмесін» деген сөздер де біздің тілімізге дендеп еніп барады. Осыдан арылуымыз керек.
  12. «Толықтай келісем» деген дұрыс емес, «толық келісем» деу керек. Бұл да өте жиі кездесетін тіркес.
  13. «Еңсеру, бағындыру» деген сөздер де сәнге айналып кетті. Мысалы, «Соңғы 10 жылда Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржы көлемі 100 миллиард долларды еңсерді» дейді журналист. Дұрысы «Соңғы 10 жылда Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржы көлемі 100 миллиард долларға жетті» болуы керек. «Үлкен шаруаны еңсеріп тастады» десек бір жөн. Соңғы кезде «жетті» деген сөздің орнына «еңсеру» біржола орнығып алған сынды. «Бағындырды» деген сөз де орынсыз қолданылып жүр. «Эльбрус шыңын еңсерді», «Эльбрус шыңын бағындырды» дейміз. Шыңды қалай еңсеріп, қалай бағындыруға болады? Тағы да сол орыстың «покорять» деген сөзін аударып жүрміз.
  14. «10 метр /болады/» дегенді «10 метрді құрайды» дейміз.
  15. «Алға тартты» деген де бүгінде әбден жауыр болған, жасанды сөз. Ешқандай мағына бермейтін осы тіркестен аулақ болсақ жақсы болар еді.
  16. «Өз кезегінде» деген де – осындай жасанды тіркестердің бірі.




21 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Қолқоюсыз 13 Сәуір, 2017, 13:55

    Қазақша оқысам да,орысша ойлап,аударып сөйлеп,шатпырақтап бара жатқаныма,осы мақаланы оқығаннан соң,көзім жетті.Ал оорысша оқыған балаларымызға дұрыс сөйлеуді үйрететін үлкендер ойымызды дұрыстайық.

    Жауап жазу
  2. !! 13 Сәуір, 2017, 14:55

    балдыр-батпақтап сөйлейтін шенділер депутаттар,шұбарлап сөйлейтін əзілкештер осыны оқымайтын да шығар.Бір мезгіл сөйлеу мəдениетіне қарап ,жинақы ,түсінікті, жылдам сөйлейтін орта қалыпы керек -ақ.

    Жауап жазу
  3. н 13 Сәуір, 2017, 18:24

    Айту керексіз,бару керексіз,алу керексіз сияқты сөз тіркестері көбейіп кетті.

    Жауап жазу
  4. алшын атырау 13 Сәуір, 2017, 20:45

    гүлнар сұлудың ескертпесін еске, жадыларыңа сақтаңдар. ана тілімізді орынды қолданып, мәдениетті сөйлеп үйренейік. сөздік қорларыңызды жақсы, жылы сөздерге байытыңыздар, толтырыңыздар. «болады ма» емес, «бола ма», «көреді ме» емес, «көре ме» . «сүйеді ме» емес, «сүйе ме» т.с. уақыты жеткен, дер кезінде көтерілген мәселе.

    Жауап жазу
  5. Меруерт 14 Сәуір, 2017, 14:05

    Толық келісемін. Тек жігіттер де, қыздар да үйленеді деп айтамын.

    Жауап жазу
  6. Қолқоюсыз 15 Сәуір, 2017, 01:25

    үйленед деген не үйренед десейші, көкем.

    Жауап жазу
  7. Ғаббас Қабышұлы 16 Сәуір, 2017, 01:14

    Қадірлі қарындасым Гүлнәр, (редакциялық алғысөздегіше «Гүлнар» емес), ой-пікірлерің өте дұрыс! АНА тіліміздің тазалығын, ата-бабамыздан мұра болған сөйлеу мәдениетімізді сақтау, тілімізді орыс тіліне тели беруді тоқтату, Мемлекеттік тіл дәрежесін құрметтеу жөнінде соңғы 15 жылда 34 мақала жаздым. Билікке ашық та, пошта арқылы да жолдаған хаттарым және бар. О, бедірейген заман! Билік, оның не Білім, не Мәдениет министрліктері солардың ешқайсысын елеп-ескерген жоқ. Қаламдастарым да ауыз ашпады. Екі адам ғана қолдады: академик апайымыз Рәбиға Сыздықова қазақ тілінің ахуалына арнаған баяндамасында, мемлекет қайраткері Шәмшә Беркімбаева парламент депутаты кезінде тіліміздің тазалығын, қуатын сақтау жөнінде биік мінберден сөйлеген сөзінде еңбегімді әділ бағалады, ал құлақ қоюға тиістілер құлағын тығындап алған күйі отырды. Иә, біздің тіл орыс тілімен «ағайындасқан» қалпында, тіпті «ынтымағы» күшейіп те барады. Бұрынғы: «считается; является; слушай; понимаешь; это…» дейтіндеріне «составляет» қосылып, қазекем «құрайды» деп сайрап кетті: «50 теңге – 100 теңгенің жартысы» деуді «…жартысын құрайды» дейтін болды. «Это самый» дейтінін қазекем «жаңағы» деп жанығып жүр. Солай, қадірлі қарындасым, бұл ағаң «Айта-айта Алтайды Жамал апай қартайды» жағдайда. 1995-жылы Парижде болғанымда бірде оларда тіл мәселесі бар-жоғына көңіл бөліп, әңгіме өрбіттім. Сонда көзім жеткені: елдің Мәдениет министрлігі құзырында француз тілінің тазалығын қадағалайтын бөлім бар екен де, ол теле-радио, гәзет-журнал жүйесінде, кітап баспаларында тілді бұрмалағандарға шара қолданады екен. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» гәзеттеріне сол игі іс жайында жаздым, тиісті министрлікке ұсыныс айттым, – «Баяғы жартас – бір жартас…».

    Жауап жазу
  8. Қолқоюсыз 16 Сәуір, 2017, 01:44

    қиратқаның шамалы ғой, шал. айтарың болмаса қарындастың басын ауыртпай-ақ қоя қойсайшы. «жамал апай ұрсып жүрер» .

    Жауап жазу
    • Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 17 Сәуір, 2017, 09:45

      «Қолқоюсыз», сен бүркеншік аттың да азғын түрін қолданып сайрауды қойғын. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «қотанғатышар болма». Сенің биліктің итаршысы екенің осы «атыңнан» белгілі. Немесе, «Невада-Семей» қорының семейліктерге берілер миллиардтаған долларын өзара бөліске салуға жол беріп, машкевичтерді жарылқаған Олжас Сүлейменовтің табақтан алып: «Мә!» деп тастай салған қабырғасын қағып алып, мүжіп қарық болғандарының бірі шығарсың. Менің аузымды бағып, ізімді иіскелеп, шәуілдеп әлек болатындар – билік пен «ұлы» ақынның жалдамалары. Аман бол. Иманды ойлама, келесі табақтан жілік тиіп қалуы мүмкінді ойлап, армандап, тісіңді қайрай бер. Қақалып қалсаң, – обал да.

      Жауап жазу
  9. алшын 16 Сәуір, 2017, 02:44

    гүлнар – нарцисс гүлі деген сөз, шығыс қыздарының көбі осылай аталады. ерте көктемде гүлдейді, хош иісті, әдемі, нәзік гүл. азияға кең тараған. ақ нәркес (нарцисс) гүлді адалдық белгісі ретінде қыздарға сыйлайды. ал гүл, әрине қазаққа нәр – тағам, сусын емес екені белгілі ғой. қазақ болғанның жөні осы екен деп, өзің білмегеніңмен қоймай жастарды адастыру жөн емес.

    Жауап жазу
    • Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 17 Сәуір, 2017, 09:23

      «Алшын», басқа тілдерден енген сөздерді қазақ тіліне бейімдемей қабылдау болмағанын, болмайтынын білмеген сендейлерге не дауа? «Гүлнәр» нарциссіңнің нәрсіз хош иісті бола алмайтынын айтып тұрған жоқ па? Ал ол гүлдің қыздарға силанатынын мен «білмеуші» едім, шалдарға силайтын шығар деп жүруші едім, сенің «білгіштігіңнің» арқасында «сауатым ашылды». Енді «жастарды адастырмауға» оралсақ, мысалы, арабтың «Құран Каримін» қазақ «Кәрім» демеуі керек екен ғой? Артық ақылың – өзіңе.

      Жауап жазу
  10. Қолқоюсыз 17 Сәуір, 2017, 13:00

    Ғаббас Қабышұлы ағамызға тіл тигізіп отырған адам,тасада отырып,тас атқан көргенсіз,нақұрыстың бірі ғой.Аға,ондай адам бейнесіндегі хайуандарға көңіл бөлмеңіз.

    Жауап жазу
  11. Қолқоюсыз 18 Сәуір, 2017, 00:16

    ғаббас ақсақалдың сөз «байлығы» жақсы екен. «қотанға тышар,» ,итаршы», «азғын», «искелеп» «шәуілдеп» «қақалып»..»нақұрыс» «хайуан» т.т. сөз ләмі өзгерді. мұнымен қалай ел боламыз.

    Жауап жазу
  12. Қолқоюсыз 18 Сәуір, 2017, 00:35

    арабтар құранды қазақша » құран кәрім» деп жазған ба, әлде қазақтар қазақшаға бейімдеп алған ба.

    Жауап жазу
  13. алшын атырау 18 Сәуір, 2017, 01:58

    алланың 99 есімі бар, соның бірі – әл кариму, құрметті, ізгілік істеуші, оның рахымында шек жоқ, ізгілігі ешқашан таусылмас. Құранның қаншалықты ұлық кітап екендігін сөзбен жеткізе алмаймыз. құранның құраннан өзге есімдері мен сыйпаттары бар. құран арабша – «аоль». және әл китаб, нур. мубин, кәләм, тәнзил, уахи, адл, азиз, арза. хадая, уммул китаб. т.т. мұхаммед пайғамбар ғ.с.с. қайтқаннан кейін жинақталып шығарылғаны – мусхаф кітабы. латынға 1143 жылы, французға 1649 жылдары, түркілерге сол ғасырда аударылды. бізге өзбек тілінен жоғарыдағыдай алланың ұлық есімімен «әл- карим» болып аударылған. ақсақалдың орынсыз ашу шақыруы жөн емес. о. сүлейменов көрген адамым емес.

    Жауап жазу
  14. Қолқоюсыз 18 Сәуір, 2017, 04:04

    міне, білімдіден шыққан сөз . ақсақал бекер ашуланады. алла алдымен сабырлық берсін бәрімізге. және білмегенін сұрап алудың айыбы жоқ. қарттарға арналған нарцис гүлінің басқа түрі де бар, бірақ орысша ол сары түрінің аты жаман – *аза гүлі» . өзімшілдіктің символы. еуропалықтар көбіне бейіт басына қояды. нарцистің арғы түп отаны – европа екенін де білуі керек.

    Жауап жазу
  15. Кәмилә 19 Сәуір, 2017, 12:26

    Ғаббас Қабышұлына тіл тигізіп отырғандар! Әуелі сыпайылықты үйреніңіздер! Сен емес, сіз деп жазсаңыздар, тақтарыңыздан түсіп қалмайсыздар!

    Жауап жазу
  16. Қолқоюсыз 19 Сәуір, 2017, 17:13

    » сіз деген салқын сөзден тоңамын ғой, сен десең көіл қайта шалқыр еді» «ақмаңдайлым»

    Жауап жазу
  17. алшын 19 Сәуір, 2017, 18:07

    қасиетті құран аяттарында да «сіз» деген сөз жоқ. «ей, Раббым, біздерді Сенің ашу-ызаңа душар болмаған, адаспаған, тура жолдан таймаған пенделеріңе тарту еткен жолыңа жетектегін» фатиха сүресі. тағы «сендердегіні растаған халде Мен түсіргенге (құранға) иман келтіріңдер, оған бас болып қарсы келушілерден табылмаңдар, әрі Менің аяттарымды бағамсыз нәрселерге айырбастамаңдар және Менен қорқыңдар» бақара сүресі. тағы да «ей, момындар, егер ата-аналарың және аға-інілерің иманнан кәпірлікті артық деп білсе сендер оларды дос тұтпаңдар. Сендердің іштеріңде кімді-кім оларды дос тұтса, олар – залымдар.» тәубе сүресі.

    Жауап жазу
  18. Қолқоюсыз 19 Сәуір, 2017, 23:40

    «сіз» – «ваша благодарю» ақ патшаның аяғына бас ұрған құл мінезді қазақтардан қалған сарқыт. қазақтың асан қайғы, абай, махамбет, бұхар, жамбыл т.с. сөздік қорынан «сізді» таба алмайсыз.

    Жауап жазу
  19. Қолқоюсыз 19 Сәуір, 2017, 23:43

    есіміңіз қазақша ешқандай мағына бермейді. есіміңіздің французша, арабша мағынасын біліп қолданыңыз . ана қабшев деген кісіде шаруамыз жоқ, ғафу етіңіз.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*