МЫРЗАБИ ОҚИҒАСЫ – ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ АЙҒАҒЫ

Картинки по запросу мырзаби оқиғасы

Қазақ хандығының тарихында Ордабасы тауының алатын орыны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Өйткені бұл жерде Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама трагедиясын басынан өткерген халқымыздың жақсылары 1726 жылы бір тудың астында жиналып бас қосып, тізе біріктіріп жоңғар шапқыншыларына қарсы аттануға ант ішкен. Сол жолғы бас қосудың басты жемісі – ел басына күн туғанда қазақтардың жүзге, ру-руға бөлінбей жұмыла алатындығын көрсетіп, 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңістерге қол жеткізгені. Бүгіндері басқа өңірлердің қазақтары үшін Ордабасы тауының аты осы әйгілі жиынмен тікелей байланыста болса, күнгей қазақтары үшін бұл таудың маңыздылығы тағы да бір елеулі оқиғамен ерекшеленеді. Ол әйгілі Мырзаби оқиғасы.

Алғашқы Ордабасы жиынынан 132 жыл тастап, 1858 жылдың көктемінде Қотырбұлақ басында орын алған бұл оқиға Қазақстанның оңтүстік бөлігін алып жатқан Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Жетісу өңірлерінің ХІХ ғасырдың басынан Қоқан хандығының езгісіне ұшырап, елдігінен айрылып халықтың әл-ахуалы барынша төмендеп, әбден кедейленген кезімен тікелей байланысты. Алғашқыда көшпенді қазақтармен тіл табысып, олармен санаса жүріп билеген қоқан бектері біртіндеп елді қыспаққа алып, ойларына келген сансыз салықтармен матап тастап, ақыры кәмелетке келген қыздарға дейін «күйеуге тиер» деген салық көзін шығарып, кейбір зекетшілері тіпті бойжеткен қуалап нәпсінің жетегіне салынып кеткен соң қазақтың бетке ұстар азаматтары жаппай көтеріліске шығуға бел буады. Бұл әрекеттерін Кеңес дәуірінің зерттеушілері бір өңірден бастау алып, көп кешікпей бүкіл даланы шарпыған өртке теңеп, оған біртіндеп басқа да аймақтардың ашынған халқы қосылып, әркім әр жерде білген қимыл-әрекеттерін жасаған деп келді. Ал шындығына келгенде бұл 1858 жылғы көтерілісті нағыз ұлт-азаттық қозғалысы болған деп айтуға бүгіндері толық негіз бар. Себебі оны алдын-ала, ұзақ уақыт бойы, үлкен дайындықпен астыртын ұйымдастырылғаны жөнінде тарихи деректер табылып отыр. Рас, Әулие-ата өңірін мекендеген қазақ руларының көтерілісі мен Шымкент маңында қарулы топтың зекетші Мырзабиді өлтіргені, Әликен төрені хан көтерген ереуілшілердің Түркістан шаһарын қоршап, оны жаулап алмақ болғандары жөніндегі деректер сырт көзбен қарағанда бір-бірімен тікелей байланыста болмағандай әсер қалдырады. Мұны әрбір рудың көбінше өзінің ата қонысында бас көтергенімен және тиянақты бір орталық құрып, сол жерден бірегей басқару жүйесін құрмағандарымен түсіндірсе болады. Алайда, бұл жолы қазақтардың өз алдына ел болып, үлкен ұйымшылдықпен бас көтергендерін Әулие-ата жақтағы Құдайберген бидің қолында тұтқында болған қоқанның бір зекетшісінің естелік-қолжазбасындағы мәлімет айқандап берді. Онда:

«После вечерней молитвы [Худайберген] выступил вместе со своим илатие и отправился к русским и нас [сборщиков закята] также повел с собой. Настало утро. После этого он обратился ко мне и сказал: «О такой-то! Не один я совершил такое дело – все илатие от ташкентских ворот в эту сторону уже в течение двух лет договаривались об этом». Из-за несправедливостей этого «курносого» жестокого тирана [Мирзы Ахмада] мы оказались в тяжелом положении. …Одним словом, я в этот день задержал сборщиков закята. Знайте, что в тот день во всех илатие также задержали сборщиков закята, мы, все казахские старшины, договорились. Что таким способом мы или покончим с этим «курносым», или перекочуем к русским… Если бы мы знали, что, притесняя нас, он заберет все наше имущество, а нам останется [хотя бы] жизнь, то мы никогда бы не ушли к русским, отвернувшись от государства мусульман»,1 – деп жазылған екен.

Бұл үзінді Әбу-Убайдуллах деген сарттың «Хуласад әл-ахуал» атты қолжазбасынан алынып отыр. Оны А. Урунбаев деген өзбек ғалымы 2000 жылы тауып, аударып жария еткен. Осындағы «бұл істі мен жалғыз өзім жасап отырған жоқпын, біз бүкіл көшпенді елдер болып екі жыл келісіп дайындалдық» деген бір ауыз ғана сөзі бұл көтерілістің нағыз ұлт-азаттық қозғалыс екендігін ашып көрсете алады. Мұны жаужүрек ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы мен әйгілі шайыр Майлықожа Сұлтанқожаұлының өлеңдерінде осы Мырза би оқиғасына қатысты ауызға алынатын қазақ батырлары – жандар Мұсабек, жаныс Ырысқұлбек, құлшығаш Тәнен, алғи Байбақтардың есімдерінің қатар аталынатыны да растайды. Ал енді бұл айтылғанның барлығы ақиқатқа саятын болса, онда Мәделіқожаның «Мырзаби деген бек шықты» өлеңіндегі көтерілісшілердің құрған тұзағына түскен зекетшіні алдын ала өлімге кесілгеніне қатысты айтылған «Үш елдің ері бас қосып, Үкімін айтқан халық ұнап»2 деген сөзінің салмағы барынша ауырлап, мән-мағынасы тереңге кетеді.

Көтеріліске қазақ руларының жаппай көтерілгенін орыс әскери құжаттарында кездесетін деректер де барынша растайды. Тек бір ғана, 1858 жылдың 31 мамырында хатталған құжатта:

«При этом разным бесчинствам не было конца. Так, например, зякетчики свидетельствовали всех женщин и по грудям узнавали, замужем ли она или девица. Эти бесчинства, наконец, вывели из терпения киргиз. Они убили прежде всего Мурзабия, брата правителя Ташкенда, Муллу Маюсупа,4 пятисотенного начальника и других зякетчиев, после чего взбунтовались все киргизы на Алатауских горах, а именно, канличаклинцы, куклинцы, кутенчинцы, дулатцы, бистамгалинцы и киргизы киргизова рода, подступили к Аулие-Ата и другим соседним крепостям, как-то, Чулак, Аксаюта, Тукпак-Чилек и заставили правителя Ташкенда запереться в крепости.

В начале мая месяца и туркестанские киргизы, как-то, конградцы, найманцы, кипчаки, аргынцы возмутились против коканцев, конградцы назначили даже одного из кочевавших между ними султаном Джапекена своим ханом...

Приехавшие ко мне вчера вечером киргизы из Алатавских гор, которых я посылал для собрания сведений, объявили, между прочим, что киргизы конградского, кыпчакова, найманова и аргынского родов столпились все в Каратаусских горах, верстах во ста от Джулека и на совещании решились двумя партиями осадить Туркестан и Яны-Курган. Туркестан они думают взять, распрудив все плотины и затопив укрепление.

28 мая конградцы получили известие, что бистамгалинцы овладели крепостями Узаком и Чулеком»3 – деген сөздерді оқуға болады.

Бұл жерде аса көңіл аударатын жай – пансатбасы (бесжүзбасы) молда Майүсіп секілді ірі әскербасының өлтірілуі. Себебі ол жападан жалғыз жүруі мүмкін емес, кемінде қасында 200-300 сарбазы болуы керек. Ал оншама әскерге күйрете соққы беру үшін қазақ жасақшыларының да саны мен сапасы сайма-сай болмаса іс насырға шабар еді.

Оның үстіне Ордабасы тауының бөктеріндегі қантөгіс жай бір рудың ғана ішкі әрекеті болған болса, онда өзі санаулы қожалардың бірінің үйінде – Жәбек бидің шаңырағының астында Мырзабидің басын шауып алуға осы әулеттің жақсылары жол бермес еді. Тек, мәселе бүкіл халықтың мүддесіне тірелген соң ғана, артымда мұртым (мүриттерім) – қалың қазақ халқым, қоңыратым мен дулатым бар деп, Жәбек бидің әкесі атақты Асқар датқа шариғаттың шартын бұзған қоқанның зекетшілерін қырып салуға өзінің пірлік батасын берген. Егер бүкіл қазақтың көтерілісі жеңіліске ұшырайтын болса, онда Қоқанның ханы Құдиярдың бар қаһарын Мырзабидің өлігі шыққан үйге шашып, жауабын отау иесінен алатынын білсе де тайсалмаған. Ақыры, Қоқаннан шыққан жазалаушы әскерлердің қарасы көрінгенде көтерілісшілердің сүйегіне сіңген рулық сана-сезімдері сыр беріп, Алаштың алтауын алауыздық алып, ел елуге бөлініп бірі Сырдан асып орыстың қол астына, тағы біразы кәпірлерден сескеніп Бұқарға ауып кетуге мәжбүр болған. Сол жолы Мырзабиді өлтіруге атсалысқан небір батырлар мен жақсы-жайсаңдардың басынан бір тал шашы түспестен, тек, зекетшілерді қойдай қыруға бірауыздан келіскенде, «алда-жалда, іс насырға шапса елге араша болармын, сол себепті менің деп сыртта жүргенім дұрыс болар» деп оларға уәжін айтқан Асқар датқа ғана өлімге ұшыраған.

Қалай болғанда да 1858 жылы бас көтерген күнгей қазақтары еліміздің сана-сезімінен шыға бастаған, біртіндеп ұмытылып бара жатқан Ордабасы тауының қадір-қасиетін қайта өрлетіп, өздерінің ұлттық болмысын нақыштай түсе білгендігі біз үшін айдан анық.

Ералы Оспанұлы,

Қазақ үні

1 Сочинение «Хуласат ал-ахвал».[л.164б-165а]. Бұл қолжазбаның жалғыз ғана нұсқасы Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының сирек қолжазбалар қорында сақталған. Реттік саны №2084. Қолжазба хижра бойынша 1291 жылы (1874-75 жж)көшірілген. Көшірмені жазған адамның аты көрсетілмегенімен ондағы түсініктемелердің арқасында оны автордың өзі жазған деуге толық негіз бар. «Хуласат ал-ахвал» қолжазбасын тарихи құжат ретінде алғаш зерттеп «Неизвестная рукопись по истории Кокандского ханства» айдары астында жария еткен ғалым А. Урунбаев.
2 Мәделіқожа. Шығармалар. Оспанұлы Ә., Айнабекұлы Т. Алматы-2009, 19-бет
3 ЦГА КазССР, ф. 383, on. 1, д. 81, лл. 24-25 и об. Отпуск. (http://kitap.kz/book/1531-qazaq_ult_azattyq_qozhalysy_v_kitap/1531-qazaq_ult_azattyq_qozhalysy_v_kitap)
4 Мулла Маюсуп – Мәделіқожа Жүсіпқожаұлфына қатысты мәліметтердің ішінде осы бесжүзбасы (пансатбаши) Майүсіп молда туралы бір сирек дерек сақталған. Оны белгілі ғалым, академик Әлкей Марғұлан өзі жасаған бір экспедициясы барысында ел аузынан жазып алып Қазақ Ұлттық Академиясының сирек қолжазбалар қорына тапсырған екен. Онда бұл молданы Ташкенттің құсбегісі Мырза Ахмет Қаратаудың теріскейін мекендеген ошақты руының Тоқберген деген датқаның алым-салым төлегісі келмегені үшін Қоқан хандығына қайтадан мойынсындыруға көндіріп қайтуға жұмсайды. Бірақ бірден жауласпай қасына қоңырат, дулат, сіргелі руларының жақсыларын ертіп және қожадан Мәделіқожа батырды қосып барып алдымен бәтуаласуын өтінеді. Сонда жол бойы Майүсіп молда Мәделіқожаның ақындық өнері де бар екенін біліп әртүрлі жағдайларға қатысты өлең шығаруын өтініп отырады. Сөйтіп жаужүрек ақынды үш мәрте сынап көреді.
Бұл деректі әңгіме 2012 жылы «Түркістан кітапханасы – «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының 72-томы «Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы. Шығармалары» жинағында жарияланған (Алматы, «Нұрлы Әлем», 2012).