Су тасқынынан қаза тапқандарға қатысты ТЖД жауабы: БЫЛТЫР ДА АДАМДАР ӨЛГЕН...

Қарағанды облысында су тасқыны салдарынан үш адам қаза тапты, оның ішінде 13 жасар жеткіншек бар. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.

Сәуірдің 2-і күні Қарқаралы ауданының үш азаматы жылқыларын іздеп шығып, олардың ағайынды екеуі өзен суына ағып кеткен. Оларды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тасқыннан аман қалған Сұңғат Көпбалин Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында екі ағайындының өліміне қатысты мән-жайды айтып берді. 34 жастағы ер адамның айтуынша, ағайындылар қар суына батып кеткен. Судың деңгейі ол кезде 2 метрге дейін жеткен.

"Дархан мен оның ағасы Сайран менің көзімше суға кетті. Бұл сәт әлі көз алдымда тұр. Біз Дарханмен таңғы сағат 10-дарда жылқыларды іздеуге шықтық. Ешқандай да қауіп төнген жоқ. Қар суының деңгейі де орта болды. Содан қайтатын кезде су деңгейі көтеріліп кетті. 2-2,5 метрге дейін жетті. Содан біз ол жерден өз бетімізше шыға алмайтынымызды түсіндік. Айналмалы жол да болмады. Бүкіл жерді су басты. Кейін ауыл тұрғындарын көмекке шақырдық. Содан бізге Дарханның ағасы, Сайран және тағы бірнеше ер адам келді. Жылқыларды байлап тастадық. Содан суға бірінші Сайран, артынша Дархан кетті. Екеуі де сол күйі жоқ болып кетті. Тек 100 метрден аса жерде судан жылқылар шыға бастады", - дейді ол.

Содан қалған ер адамдардың біреуі де ағайындылардың артынан бармады. Олар ауыл тұрғындарына бұл жайлы телефонмен хабарлады. Ал Сұңғат болса соларға қарама-қарсы жағада қалып қоя берді. Оның айтуынша, кешкі уақытта оқиға орнына атқарушы орган өкілдері келді. Сұңғат осы уақыт бойы жылқылармен бірге сол жақта тұрған. Осылайша, су деңгейінің көтерілуіне байланысты Сұңғатқа құтқарушыларды күтуге тура келген.

"Түнде маған арқан лақтырды. Осы арқылы тамақ пен жылы киім бере алды. Құтқарушылар мені таңғы бесте алып шықты. Сүңгушілер өздеріне трос байлап, сүйреп шықты. Қазір үйдемін, жағдайым жақсы. Дархан мен Сайран үшін уайымдап отырмын. Олардың артында отбасылары қалды: Дарханның үш баласы бар, Сайранда екеу болу керек. Оларды әлі таппады", - дейді ер адам.

Ал Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов болса, су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарының өздерін кінәлап әлек. Оның пікірінше тасқын судың қауіптілігін біле тұра, жылқыларын іздеп кеткен ер адамдар суға батса, ол өздерінің кінәсі екен. Сірә, мал бағудан басқа кәсібі жоқ, айналып келгенде сол төрт түлігіне ғана қарап, жан бағып отырған ауыл тұрғындарының жағдайы аудан әкімі білмейтін секілді.

"Құтқарылған жігіт пен ағайындылардың бірін жол-жөнекей учаскелік қарсы алды", - дейді шенеунік. - "Өзен суы тасып жатыр, ол жаққа баруға қатаң түрде тыйым салынды" деді. Бірақ ол учаскелік кете салысымен су тасып жатқан аумаққа қарай кетіп қалды. Сол жерді жақсы білеміз деп ойлаған. Ал екінші ағайынды не болып жатқанын білген соң құтқаруға кірісті. Бірақ оларға Төтенше жағдайлар қызметіндегілерді күту керек еді. Мен олар жас болса, түсінер едім. Бірақ олардың бірінің жасы 44-те, ал екіншісі - 36 жаста".

Тағы бір атап өтерлік жайт.

Сәуірдің 3-і күні Қарағанды облыстың ТЖД су тасқынына байланысты брифинг өтті. Алайда, брифингке қатысқан спикерлер жағдайдың тұрақты және бақылауда екендігін айтып, қаза болғандар туралы айтқылары келмей, әңгіме өзге арнаға бұрып отырды.

Алайда, тілшілердің сұрақтарына жауап беруге тура келді.

Қарағанды облыстық ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қатпановтың жауабы, жоғарыдағы аудан әкімінің жауабынан алысқа кетпеген екен. Суға ағып кеткен екі адамның трагедиясына су тасқынының қатысы жоқ оның пікірінше.

- Олар малдарын іздеп шыққан. Толқынға шыдас бермей, екеуі суға ағып кетті. Қазір оларды тікұшақ арқылы іздеп жатырмыз. Мұндай жағдай былтыр да болған, өз қауіпсіздігіне көңіл бөлмегендер былтырғы су тасқынында да өлген, - деп жауап берді Қатпанов ratel.kz порталының тілшісіне.

Ал, Ақтоғай ауданының әкімі Қайрат Қошантаев болса "Қазір су тасқынына байланысты қауіпті аймақтардың барлығы бақылауға алынған. Елді-мекендерге ешқандай қауіп жоқ", - өз сөзіне сенімді отыр. Тасқын судың үйлерге дейін жетіп қалғанын әкім көрмесе керек. Әрине, өзі айтпақшы, су тасыған аймақты әкімнің 3 камазы мен 2 погрузчигі жұмыс жасап жатыр, өзі барып қайтеді. Бұл туралы сол өңірдегі orken-media.kz сайты хабарлады.

Су тасқыны күннен күнге күшейіп, адам шығыны ұлғайып келеді. Алайда, табиғаттың "тосын сыйына" дайын болмаған Қарағанды облысының шенеуніктері халықты қорғауға қарекет жасаудың орынына, қаза тапқандардың өздерін кінәлаумен келетін секілді. Әлде, шенеуніктер көктемде қардың еритінін, судың таситынын білмеген бе? Табиғаттың мұндай қылығы барын облыстық ТЖД енді ғана біліп отыр ма?

Су тасқынынан қаза тапқандарды "өздері кінәлі" деп, өздерінің қызметтері мен жылы орындарын ойлап берген жауаптарын қалай түсінеміз? Ай-күннің аманында суға ағып кеткен бес азаматтың қайғылы жағдайына су тасқынының қатысы жоқ деп жауап берген шенеуніктердің ақыл-есіне күмәнмен қарауға мәжбүрміз. Әлде, су тасқынынан бөлек ол жерде жер сілкініп пе еді? Айтпақшы, Шет ауданы Жаман Сарысу өзеніндегі көпірде су тасқыны салдарынан үлкен жарықтар пайда болған. Бәлкім, шенеуніктер шынымен жер сілкінген жеп ойлап қалған-ау осы...

Әрқайсысының артында отбасы, бала-шағалары қалды? Олардың тағдыры не болады? Осыған кім жауап береді? Адам өмірі шенеуніктер үшін көк тиын болғаны ма?

Қарқаралы ауданының әкімі мен Қарағанды облыстық ТЖД бұған жауап бермейді екен. Оны түсіндік. Бәлкім, су тасығанда тағайындалған Қарағанды облысының су жаңа әкімі Ерлан Қошанов жауап беретін шығар?!.

"Қазақ үні" ұлттық порталы