Тұрлықожа Жансеркеұлы

Нарынқол-Шарын приставы Александр Подварковқа Тұрлықожа туралы Айт болысы Рақымбай Солтанқұлов төмендегідей мәлімет жіберген: Жасы – 53-те Нәсілі – қазақ Губерниясы – Жетісу Уезі – Жаркент Тіркелген жері – Айт болысы Тұрақты мекен-жайы – көшпенді Туу заңдылығы – некелі Діні – мұсылман Сауаты – мұсылманша Отбасы – үйленген, 4 ұл, 3 қыз – 7 баласы бар. Кәсібі – мал шаруашылығы Мал-мүлік дәрежесі – бай Жылжымайтын мүлкі – жаздық үй және тағы басқалары Айрықша белгілері жоқ, сотталмаған Арақ ішпейді, әскери міндетті емес Үкімет наградасы – Үлкен алтын медаль, Бірінші дәрежелі шапан (Қ.М.О.А. 109 қор, 1-тізбе, 35-іс). Тұрлықожа 1916 жылы тамыз­дың 3-і күні рубасыларымен бірге тұтқынға алынып, осы айдың 10-күні Ұзақ батырдың ауылында болған жиыннан жансыз, Иванов болысының қазағы Бибатыр Жиенбаев жіпке тізгендей етіп мәлімет береді. Жиынға Албанның 16 болысынан өкілдер қатысады. Әңгіме мазмұны отаршыл орыстан көрген қорлық, майдан жұмысына бала бермеу, қарсылық көрсету, әскер келетін жолдардан күншілік жерлерден хабар алу, қарсылық көрсету, болмаған жағдайда көтеріліп Қытай ауып кету. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – ертеңгі ел тағдыры болатын. Бұл мәмілені көршілес жатқан Верный, Қапал уезінен келген өкілдер, жергілікті тараншылар, қарақолдық қырғыз-бұғылар да қостап, қолдарын қызыл қанға батырып, ант ішіп баталасқан болатын. Ұзақтың үйіндегі басқосу әншейін оншақты адамның жиыны емес, төңіректегі уездерден өкілдер қосылып, бір шешімге келген үлкен жиын еді. Сөйтіп, 11-шілдеде ел жәрмеңкеге жиналды. Жәмеңке мен Ұзақ бастаған ел жақсылары жәрмеңкенің оңтүстігіндегі өрге, Айттөбенің басына жиналды. Жан-жақтан жиылған мың қаралы адам ру басылардан түйінді шешім күтті. Қариялардың айтуынша, ертең ұлық алдында көптің тілегін жеткізу жеті атасынан билік үзілмеген үш әулеттің өкіліне тапсырылады. Олар – Қызылбөрік Ерсарыбайдан Серікбай Қанайұлы, Қожманбеттен Айтбай Дәркембайұлы, Айт-Жайнақтан Тұрлықожа Жансеркеұлы. «Қилы заманда» Мұхтар Әуезов те осы үшеуіне сөз береді. Б.Жиенбаевтың мәліметі: «11-июнь күні бастықтың кеңесінде топ арасынан суырылып шыққандар – Тұрлықожа Жансеркин, Серікбай Қанаев, Айтбай Дәркембаев.» (Т.Жұртбаев «Бейуақ» 87-бет). Байқап отырсақ, ауыл қарияларының әңгімесі, Жиенбаевтың мәліметі, Әуезовтің көркем шығармасы үшеуі үндесіп отыр. Тағы да мәліметтерге кезек берелік: «...Июльдің он бірінші дүйсенбі күні Албан Қарқараға жиналды. Кеңес – бала беру, бермеу. Көп бермеуге қаулы қылып келіп, Серікбай, Айтбай, Тұрлықожа үшеуі арқылы жауабын берді. Үшеуі келіп пристопқа айтты. Пристоп бір ауық ашуланды, бір ауық ақылын айтып, майдалады: «Қатты жазаға ұшырайсыңдар!» деді. Жұрт илікпей тұрып алысты. Аяғында пристоп елге: «Тарқа, не жауап болса, болыстарыңнан естисіңдер», – деді. (Ғылыми кітапхананың Сирек қолжазбалар қоры. 1022-бума. Жинаған – Жансүгіров Ілияс. Әңгімелеуші – Алдаберген Қойшыбекұлы (Қойшыбай). Қазақтан: «Үш кісі жауап береміз» деді. Пристоп: «Мақұл» деді. Жауап беруге бастапқы шақырылған Тұрлықожа, Айтбай, Серікбай үшеуі келді. Ел артынан ентелеп, жаяу сығылып, басып кетті. Полиция ұрып-соғып, қылыштарын жарқылдатып, әзер тоқтатып тұр. Мен дәл сол алдыңғы топтың ішінде бұғып тұрмын. ...Пристоп Подбарков, оның орынбасары Плотников, Қарақолдың пристопы Красненков, учаскебай судия Молчевский, слеубател Смернов, медицинский назрател Ананьев дегендер тұр еді. Слеубател Смерновтың қолында фотография жабдық бар, ол құрып, дайындалып жатыр. Бөркі қолында, Серікбай сөзді майдалап, ізектеп тұр: – Көп біледі, жұрттың ісі, жұртқа ауыр тиіп тұр, жұрт өз аузымен айтсын, бала бересіңдер ме? – дегенде, көп: – Жоқ, жоқ! – деп шу ете түсті. Үстінде көкала шыт шапаны бар Тұрлықожа: – Тоқта, олай емес, – деп сөзді алып кетті. – «Хан әділінен тайса, қарашасы бұзылады» деген, біз орысқа қарағанға елу жыл толған жоқ, елу жылға дейін солдат алмақшы емес еді, одан танды. Бір сом жиырма тиыннан артық түтіннен рамат алмақ емес еді, биыл 21-45-тің арасына келгеннен алым алды, артық алды. Жерді алды, қонысты алды, суды алды, аш орысты алып келді, өз жерімізді өзімізге сатты! – деп, тағы бір осындайларды «бір» деп, «екі» деп дауыстап өзі санап тұрды. Бітіп, айтып келіп: – Біз бала бере алмаймыз! Рас па? – деп еді, тұрған көп: «Рас, Рас!» деп айқайды аспанға шығарды. Көптің қозғалысы қозып кетті. Көптің ортасынан бір шал өгізін жетелеп келіп қалған екен: – Кім болса да, «бала берем» дегенді мен жарып өлтірем, – деп пышағын суырып алды. – Патша бала алмасын, мал алсын, бала алса, қолына жабдық берсін. Ұрыста ор қазып, шепке ұсталып, қойша қырылғанша, жастығын ала жататын болсын! Астына ат, қолына қару берілсін, жұрт осыны тілейді! – деді Тұрлықожа. Айтбай да кібіртіктеп, бірдемені айтты. Бірақ ду оның сөзін есіттірмеді. Намаздыгерде ел тарады («Қарқарадағы көтеріліс». Ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қоры. 1022-бума. Әңгімелеуші – белгілі қоғам қайраткері Әубәкір Жүнісұлы. Латын әрпінде машинкаға басылған. 46-59 беттер) «Сонымен шілденің 11-күні ереуілдің оты лап етіп жанған күн болды». (С.Тәнекеев. 1916 жыл. Қарқара-Албан көтерілісі) Иә, 11-шілдеде көтерілістің туы тігілді. Сол туды ұстағандардың бірі – Тұрлықожа Жансеркеұлы. Жаркент уезі, Нарынқол-Шарын участогының приставы А.Падварков уездік Жаркент келісім сотының 4-бөлімшесіне берген түсінігінде былай дейді: «Ертеңгі сағат 10-да кеңсе алдына мың қаралы адам жиналды. Олар жүз қадамдай жерде тұрды. Мен күзетшілерді жіберіп, әр болыстан бір-екі ықпалды адам жіберуін, мәселенің мән-жайын түсіндіруін сұрадым. (Қ.М.О.А. 109-қор. 1-тізбе, 35-іс). Осы күні Подварковтың қасында өзіне бағынышты солдаттар мен тілмаштар, жалпы тілеулес 47 адамы болса да халық қаһарынан қорқып, шарасыз қалды. Қарқара жәрмеңкесінің алдын­дағы 11-шілдедегі оқиғалардың өту барысына мұрағат деректері арқылы ой жүгіртуге болады. Тергеу протоколдары, болыс тілмаштарынан алынған жауаптар, тыңшылардың есебі, тергеу материалдары – бәрі сайрап тұр. Құрман болысының тілмашы Грибановский: «Патша бізді алдады. Біз Қытай жерінен келіп орналасқанымызда әскерге адам алмаймыз деп уәде берген болатын. Біздің балаларымыз қара жұмысқа үйренбеген. Бұл сөздерді айтқан ықпалды адамдар – Ат болысынан Тұрлықожа Жансеркин, Құрман болысынан Сыбанқұл Арғынов, Қожбанбет болысынан Айтбай Дәркембаев, Баянкөл болысынан Құдиярбек» (Қ.М.О.А. 109-қор. 1 – тізбе, 35-іс). Нарынқол – Шарын участогы­ның полиция күзетшісі Десятов: «Патша уәдесінен тайды. Олар (балалар) қара жұмысқа үйренбеген, еркімізбен адам бермейміз... Күшпен алып көріңдер деген ықпалды адамдардың арасынан менің танитындарым – Айт болысынан Тұрлықожа Жансеркин, Шелек болысынан Серікбай Қанаев. Бұларды жиналғандар қолдап отырды». (Қ.М.О.А. 109-қор. 1 – тізбе, 35-іс). Алжан болысының тілмашы Комаров: «Патша уәдеден тайған екен, біз де бағынудан бас тартамыз», – деді. Ықпалды адамдардың арасынан танитындарым: Тұрлықожа Жансеркин, – Айт болсынан, Саза Төпиев – Құрман болысынан, Әбдіхалық Байсүгіров – Құрман болысынан, Серікбай Қанаев – Шелек болысынан, Айтбай Дәркембаев – Қожабамбет болысынан». Айт болысының тілмашы Паршуков: «Ықпалды адамдар арасынан танитындарым: «Тұрлығожа Жансеркин, Жанғараш Манабаев, Құдиярбек, Серікбай Қанаев, Айтбай Дәркембаев». Текес шекара постының күзетшісі Горячинов: «Мен Қарақара жәрмеңкесінде таныс қырғызымды кездестірдім. Ол «қазақтар өлтіреді» деген сақтықпен өзін айтпауды өтінді де болған жайды баяндап берді. «Құрметті кісілер жиналып, адам бермейміз, Қытайға қашамыз десті де, соңынан орыстар аз, Қытайға қашпайық, қаруы бар адамдарды ұйымдастырып, қарсылық көрсетеміз. Сәтсіздікке ұшыраған жағдайда тауға, болмаса Қытай өтіп кетуге келісті. Бұл іске ұйтқы болып, ұйымдастырып жүрген құрметті адамдар ретінде мыналарды атады: Жәмеңке Мәмбетов, Тұрлықожа Жансеркин, Ұзақ Саурықов және Қазыбек Шорманов» (Қ.М.О.А. 109-қор. 1-тізбе, 35-іс). Енді Тұрлықожаның тергеу ісіне берген жауабына тоқталайық. «1916 жылдың 10-шілдесінде Қабан қарағайдағы Ұзақ Саурықовтың ауылындағы кеңесте басқа да адамдармен келісе отырып, Жоғары мәртебелінің 25-июнь жарлығына орай соғысып жатқан әскер маңына қатынас, қорғаныс салу жұмыстарына адам бермеуге және осы жылдың 11-шілдесінде осы уездің Қарқарадағы Нарынқол – Шарын бөлімшесінің приставы Подварковқа ревальвер, нагандармен қаруланған мың қаралы адамның жиынына қатысып, «адам бермейміз, кім беруге келісетін болса, – оны өлтіреміз – деп айттым. Сөз қысқа, адам бермейміз». ...Қарқараға кеңеске келген Иванов, Кеген, Баянкөл, Алжан, Құрман болыстарының тілмаштары Гудзалевский, Достовалов, Комаров, Грибановскилерден әскерге шақырылғандардың тізімін тартып алып, құртып жібердім» (Қ.М.О.А. 109-қор. 1-тізбе, 35-іс). Ары қарай тергеу жауабында кенет өзгеріс болады. Онда ешқайда бармағандығын, ешкімді көрмегендігі, ештеңе білмейтіндігі айтылған. Ұзақ, Жәмеңке, Әубәкір үшеуі ертерек қамалғандықтан, олардан басқа он адамның барлығының сөзі Тұрлықожаның берген жауабы үлгісінде толтырылған. Бұл тілмаш Әубәкір Жүнісовтің ел ағаларын аман алып қалу үшін жасаған «айласы» болатын. Кейін ол осы ісі үшін жұмыстан шығарылып, қамауға алынғанын осы тақырыпты терең зерттеген С.Тәнекеевтің «Қарқара-Албан көтерілісі» кітабында жан-жақты баяндалады. Сонымен тергеу қорытын­дысында Жаркент уезі келісім сотының 4-бөлімшесі, Ресей сот уставының 396-бабына сүйене отырып, 67 адам қылмысты деп танылады да, патша үкіметінің Қылмыстық кодексінің 13, 2, 265 және 266-бабымен 15 адам аса қауіпті қылмыскер ретінде ату жазасына бұйырылады. Олар: 1.Тұрлықожа Жансеркин – Айт болысы 2.Ұзақ Саурықов – Құрман болысы 3.Қазыбек Шорманов – Байынқол болысы 4.Жәмеңке Мәмбетов – Иванов болысы 5.Серікбай Қанаев – Шілік болысы 6.Айтбай Дәркембаев – Қожбамбет болысы... деп ары қарай кете береді. Үш топқа топқа бөлініп, барлығы 66 адам қылмысқа тартылған. 11-шілдедегі оқиғаны тергеу кезінде тыңшы-тілмаш біткеннің барлығы Тұрлықожаны ерекше белсенділік танытты деп көрсетіп, тергеу қорытындысында ол патшалық Ресей үшін атылуға бұйырылған 15 адамның ішінде «№1 аса қауіпті қылмыскер» деп танылады. М.Әуезовтің «Қилы заманында» және С.Тәнекеев «Қарқара-Албан көтерілісі» шығармаларында Қарақол түрмесінде Тұрлықожаны «жоғалтып» алады. Серікбаймен бірге «жолда атылды», – дей салады. Шын мәнінде, ол түрмеге қамалған. Қарақол түрмесіндегі қырғыннан төрт адам аман шығады. Олар Әубәкір Сұлтанбеков, Тұрлықожа Жансеркин, Біләл Разақов, Жайшыбек Бектенов. Енді Әубәкірдің естелігіне назар аударалық: «...Бізді айдаған Кенбай солдат қолындағы пәкетін беріп еді, бізді апарып абақтыға тығып жіберді. ...Түн ортасында абақтының есігі ашылып, үстімізге бірталай адам кіргізді. Олар Албаннан: Жәйшібек, Тұрлықожа, Бекдайыр, Қазыбек, Саза, Кәрібоз, Сыбанқұл, Құдиярбек, Нөке, Жәмпейіс, Құрман, Жаңабай, Біләл – барлығы он үш кісі, бұларды да Қарқараға шақырып алыпты да, жауапсыз кенбайлатып Қарақолға айдап әкеліпті. ...Намаз оқып болғанда әлгі үш солдат тағы келді. Бірінде бесатар, бірінде әміркен тапанша, енді бірінде бердіңке бар еді. Келе сала, темір есіктің тесігінен мылтықтың астына алды. Түтін тұман болды. Орнымнан «Алла-лап!» атып тұрып, қалпағымды кигенде, арқама екі оқ тиді. Қайта айналғанымда сүбемнен бір оқ тиді, үстелден ырғып түсіп, үлкен есіктің тасасына тығылдым. Оқ тиген алты кісі төрде аунап жатыр. Бұлар: Нөке, Саза, Құдиярбек, Жанпейіс, Қазыбек, Кәрібоз еді. Бұлар біріне-бірі қақтығып, жығылып жатыр. Мен аз тұрып, «ақыр өлдім» деп, шекпенімнің бір жеңін сыбанып алып, ырғып, есіктен атып тұрған бесатардың мойнынан шап етіп ұстап, солдаттың шинеліне шапшаң қолым тиді. Солдат бақырды, қасындағы екі солдат мылтықпен атуға дат қыла алмай, мен ұстаған мылтыққа үшеулеп таласты да, тартып алды. Солдаттың етегі менің қолымда қалды. Солдаттар қашып шыға берді. – Ал, жылдам абақтыны бұзалық! – дегенде, Ұзақ: – Өкшемнен оқ тиді, сонда да шығып өлелік, есікті бұзыңдар! – деді. Есікті ырғап тұрып бір тақтайын суырып алдым. Сол тақтаймен темір есікті түйміштегенімде төрт шегесі суырылып, есік сыртына қапсырылып қалды. Ішіндегілер дүркірей жөнелді. Сыбанқұл, Ұзақ, мен үшеуміз жұртты өткізіп артында қала бердік, Ұзақты және бес кісіні дауалдан лақытырып шығарып, өзім дауалға ырғып шыққанымда, Сыбанқұл менің етегімнен ұстай шықты. Қарғып жерге түсе бергенде, қарсы алдымыздағы үйдің бұрышынан мылтығын кезей берген солдатқа көзім түсті. Сыбанқұлға: «Қарғы» дедім, оған сол дауалдың үстінде оқ тиді. «Аһ!» деді. Мен дауалдың бұрышын айнала бердім, сол жерде шығарған әлгі бес қырғызды көрдім, мен Ұзақты қарап жүргенімде, абақтының қақпасының алдынан Жаңабайды атып, жалп еткізді. Көшеге мылтық толып кетті. Түтіні тұман сасыды. Мен қашып қаланың ішіндегі бір ноғайдікіне келдім. Ноғай қақпасынан сүйреп шығарып, қуып жіберді. Мешітке келсем, онда да ешкім жоқ. Терезесін талқандап шығып, молдалары қашып кетіпті. Мешіттің алдынан молданың тобылғы таяғын тауып, бір бұзылған ессіз қораға бекіндім.Ол қорада кешке шейін жаттым да, күн батқан соң қаладан шығып кетіп, жақын жердегі Қарабөлдек деген тауға жеттім». (Сұлтанбекұлы Әубәкірдің 16-ші жылғы басынан кешкен оқиғалары. ҒК. 1022-бума). Енді Тұрлықожаның Шорман ауылына келіп, Қазыбекке көңіл айта келгенде баласына айтқан естелігіне назар аударалық. «Бірден оқ тиген Құдиярбек, Жанпейіс, Жаңабай, Сыбанқұл және Құрмандар «Алла, Алла» деуге ғана шамасы келіп, камера ішінде сұлап түсті. Камераның іші көкала түтінге толып кетті. Біреуді-біреу біліп болмайды. Сол сәтте Ұзақтың: «Ұста мылтықтан, бұз есікті!» деп ақырған даусы шықты. Бәріміз есікке ұмтылдық. Ұзақ менің алдымда еді, ұмтыла беріп, «Ұһ» деп бір жанына қисая берді. Мен Ұзақты ұстай алдым. «Аяғыма оқ тиді» деп Ұзақ маған сүйене берді. Осы сәтте он шақты адам бар күшімен есікті итеріп шалқасынан түсірді. Ұзақты сүйемелдеп соңын ала абақтының алдына шыққанымда сенің әкең: – Қаш, қашыңдар, мен солдаттарды бөгеймін! – деді әкең бізге бұйыра ақырып. Опыр-топыр дуалға лап қойдық. Соның арасында, Бекдайыр да Ұзақтың бір жағынан сүйеп алды. Мен дуалдан асып түстім де, қалғандары сүйемелдеп дуалдан асырған Ұзақты тосып алдым. Артынша қалғандары опыр-топыр дуалдан асып жатқанда Кәрібоз бен Сазаға оқ тиді. Алдымен жеткенімен, қалған елді сүйемелдеп, дуалдан асырған Бекдайыр ең соңынан дуалға секіріп шыққанда көк желкесінен тиген оқ маңдайынан бір-ақ шығып мерт болды. Бір кезде, бір топ адам түрменің дарбазасын бұзып көшеге шыға берді. Сенің әкең алдында келеді екен. Алғаш еңкейіп келе жатыр еді, көшеге шыға бере қарсы беттегі солдатты атпақ болды ма екен, мылтығын кезене беріп, кескен теректей шалқасынан түсті... Әкеңе оқ тигенін көзімізбен көрген соң, біз тірі қалған Әубәкір, Біләл, Жәйшібек төртеуміз Ұзақты көтеріп әкетпек болып едік, ол «кетіңдер, мені көтеріп ұзай алмайсыңдар, мен мына тұрған таныс ұйғырымның үйіне паналаймын. Бәрімізді бірдей жасыра алмас» деп көнбеді де оқ тиген аяғын сүйретіп ұйғырының үйіне қарай жүре берді. Сөйткенше болған жоқ көшенің басынан 3-4 атты солдат шыға келді. Ұзақ батыр үйге жетіп қалған. Аттың дүбірінен секем алды ма, жарықтық, қораның бұрышындағы тандырға барып тығылды. Сол кезде үйдің иесі, Ұзақтың «танысым» дегені, көшеге шыға салып «Мұнда, мұнда!» деп айғайлағаны, пәтшағардың. Қылар айла-амалымыз жоқ, тілімізді тістеп тығылып жатырмыз. Солдаттарға, не айтқанын естімедік, олар бұрылып келіп, «Ұзақ батыр, Ұзақ батыр» деп келемеждеп күлгеніне қарағанда, танысы, Ұзақтың атын атап бергендей. Батыр намыстанды-ау деймін, тандырдан шыға берді. Осы сәт бір орыс қылышын суырып алып, атын тебіне ұмтылып Ұзақты дәл бастан шауып жіберді. Ұзақ батыр сылқ етіп, сұлап түсті... («Парыз». Тұрсын Сыбанқұлұлы Шормантегі). Түрмеден шыққанда Ұзақтың жаралы екендігі барлық деректерде айтылады. Ал оның қай жерде қалғаны, қалай атылғандығы туралы деректер әр түрлі. Көдек ақын «Үркін» дастанында былай дейді: Тұрлықожа, Әубәкiр, Бола жүрiп шерменде, Келiп жеттi бiр демде, Қарақолда тұратын, «Мұсылман» деп дүнгенге. Ақысын төлеп, қолма-қол, Жасырып тығып бергенге. Жарасын қарап дайында, Ат алып елден келгенде. Ал Әубәкір дуалдан қарғып түскеннен кейін қасындағы жаралы Ұзақ, Тұрлықожалар туралы айтпайды. Ары қарай жалғыз құтылғанын айтады. Көдек «Түнқатар қажының жоқтауында» тағы да былай дейді: «Ұрпақ үшiн шейттер, Ұмытар сiздi неге елiң. Әубәкiр, Бiләл, Жайыш пен Тұрлыкем аман кеп едiң. Бекдайырдың күшiнiң, көрген көмегiн»... Ақынның айтуынша, бұлар­дың аман құтылғаны Бекдайыр­дың арқасы болып отыр. Бұл жерде, әрине, «пәлендей» деп кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Біздің міндетіміз тек деректерді салыс­тыра отырып оқырманға ой тастау. Қарақол қырғынынан кейін Тұрлықожаның тағдыры не болды? Осы тұрғыда баспасөз беттерінде әр түрлі деректер жарияланып жүр. Бірде оның елмен бірге қаза болғандығы айтылады, енді бірде аман қалып, іле-шала қайта ұсталып, атылып кеткендігі сөз болады. Деректердің осылайша түрленіп кетуіне себепші жайттардың бірі Қарақол түрмесінің бастығы Хромыхтың 1916 жылы 31-тамызда берген рапорты болатын. Онда ол тұтқындардың бәрін «атылдыға» жатқызып қойған. Сонымен Тұрлықожа елге оралады. Оның кейінгі тағдырын сөз қылмастан бұрын тағы да мұрағат деректеріне жүгінелік. «Мировому Судьи 4 уч. Джаркенского уезда 25 октября 1916 года по делу о сопративлении оказанном киргизам на Каркаре затребованы сведение от Начальника Пржевальской тюрьмы, кто из заключенных по этому делу арестантов убить во время набега 12 августа с.г. Убиты по донесению Начальника тюрьмы от 31 августе с.г. № 758 в числе других арестанты Аубикорь Сулембеков (Әубәкәр Сұлтанбеков. Н.Ә.). Турлуходжа Жансеркин, Узак Шауруков (Ұзақ Саурықов) Сведения даставленная Начальником тюрмы воздает сомнения точности токавых». Постонавление №40 2 ноября, 1916 г. Джаркент. «Я, Начальник Джаркентского уезда подполковник Ступин, расматрев донисению по делу о бегства из Пржевальской тюрмы киргиза Айтовской волости Турлуходжу Джансеркина нашел, что он был заключен в тюрму мировой судьеей 4 уч. Джаркенского уезда, но во время мятежа кара киргизь он в числе других сбежал съ Пржевальской тюрмы а потому постановил: Киргиза Айтовской волости Турлуходжа Джансеркина заключить Джаркенскую тюрму и копию постановления с дознанией переправить мировому судью 4 уч. Джаркентского уезда и копию постонавления предоставить Прокурора Верненской Окружного суда. Іле-шала 16-күні тағы бір қаулы шығады. Постановление: 1916 г. 17-ого мировой судией 4 уч. Джаркенсткого уезда, принимая во внимание по сему делу киргиз Айтовской волости Турлуходжа Джансеркин, бежавший из Пржевальской тюрмы при поимке начальником Джаркентскую тюрму, запретить ему обшение посторонними лицами (Қ:М:О:А: 109 қор, 1-тізбе, 35 іс). Осы арқылы Тұрлықожаның Қарақол қырғынынан кейінгі өмірінен біраз деректер алуға болады. Ең алдымен оны абақты азабы, Қарақол қырғыны, үзеңгілес серіктерінің түгелге жуық опат болуы мойыта алмаған, қайта ширай түскенін байқаймыз. Суғарған сайын ширай түсетін шарболат секілді. Ол тауы шағылмай, патша үкіметіне қарсы күресін тоқтатпаған. Серіктерімен бірге Қытайға жұртты өткізбей тұрған шекара пос­тына шабуыл жасап, оны жойып жіберген. Қытай мұрағаттарындағы деректердің бірінде Іле қорғаныс командирі Ян Фишаға қарауыл бастығы Амри былай деп хабарлайды: «Тамыздың 28-інде Қалжатта Ресей қазақтарының мал-мүлкін Ресей солдаттары түк қалдырмай талан-таражылады және көп адамды атып өлтірді. Ойрат батальонының сол қанат бас басқармасының бастығы Нашүн батыр: «28-күні Ресейге қарасты қазақтар Ресейдің Албансу қарауындағы офицерлері мен олардың отбасындағы 21 адамды атып өлтірді. Сондай-ақ Қашын деген жерде қорғаныста тұрған Ресей офицерлері мен әскерлерін қырып салды» (Жетісу. 1916 жыл. Құжаттар мен материалдар жинағы. Құ­рас­тырушы: Тілеубаев Ш.Б. – Астана, «ЕлШежіре», «Астана полиграфия АҚ», 11-том). Біздегі мұрағаттарда шекарада, қорғанысында тұрған орыс солдаттарын көтерілісшілердің қырып салғандығы туралы дерек мардымсыз. Орыстардың шығыны туралы айтылмайды. Бұл дерек қытай офицерлерінің мәлімдемелерінен шығып отыр. Бұл туралы уез бастығы Ступин былай дейді: «Шекара постына шабуыл жасаған бандиттер шайқасының ішінде Тұрлықожа Жансеркин де бар» (Қ.М.О.А. 109-қор. 1—тізбе, 35-іс). «У толпы киргиз грабивших пост было более 40 ружей а там где она жила вооруженных киргиз собиралас большая партия и куда то уезжали и ...рили между собою что их зовет Турлуходжа. Вышли и дела с поста киргизы увезли сложили в копиу сена и сожгли». (ЦГА РК. Ф.109. Оп.1. Д.17). Осы деректен постқа шабуыл жасаған 40 мылтықты сарбаз бен олардың төңірегіндегі адамдарға Тұрлықожаның басшылық жасағанын аңғарамыз. Киргизы Турлуходжа Джансеркин, Телихмет Кочеганов, Байбул Акчолаков, Ортабай Кульджабаев, Аксакал Таударбеков, Алимджан Закирбаев, Сембай Сатыбалдиев предлагавшие калмыкам деньги за пропуск их через границу, кроме участие их в убистве и грабежах они были распорядителями и руководителями бунта в своих старшинствах как говарили мне об этом калмык, кроме вышепоименованных киргиз руководителей были еще старшина 4 аула Молдабай и народный судья 2 аула Ишпекбай (фам. их не знаю) а также почетный киргиз Джангараш Манабаев 2 аула Айтовской волости. (ЦГА РК. Ф.109. Оп.1. Д.17). Қабылбек Сауранбаев «Он алтыншы жыл» дастанында Қарақол қырғынынан кейін аз жасақпен патша әкімшілігіне қарсы күрескен батырлар туралы былай деп жазады: Ел бағып артта қалды отыз адам, Атақты бұл соғыста ерлік қылған. Алдын тосып солдаттың, елді бақты, Ел өтіп болғанынша шекарадан. Ішінде батыр Тайлақ, Құдайберсін, Шықса солдат жібермей Нарынқолдан. Бұл отыз, жаудан қайтпас ержүрек-ті, Жүзбасы боп басқарған басталғаннан. ...Қырғынға ұшырады талай солдат, Тірідей командирін байлап алған... Тұрлықожа халыққа ақыл салды, Ақыл таппай көпшілік естен танды. Қазақ, қырғыз адамын қасына алып, Қарға төрге алдына өзі барды: – Туысымыз бір еді қазақ, қалмақ, Естіп жатқан шығарсыз біздің халді. Патшадан кең етекті сіздің халық, Қорғауға көмек бергін, шыбын жанды? Кеңесіп көштің жолын ашпақ болды, Қарға төрге бұл айтқан сөзге нанды. Шақырып Қошқа, Мошқа шеріктерін, «Өткіз» деп шекарадан жолға салды: ...Кроме того мне лично известно что перед бунтом Турлуходжа Джансеркин и Узак Савруков имели переговори с проживающими в Китае Албанами и каракиргизами у которых просили принят участие в бунте, об чем мною было донесено начальнику Нарынкольско-Чарынского участка. (ЦГА РК. Ф.109. Оп.1. Д.17). Бұл деректің маңыздылығы сонда Ұзақ пен Тұрлықожа Қытайдағы қандастарынан осы көтеріліске қатысуын өтінген. Яғни, басшылар көтеріліс ауқымын барынша кеңейтуге күш салған. 1917 жылдың көктемінде Тұрлықожа жанына Айт ішінде Сүйіндіктен Әміре мерген мен Қалыбектен Байбосын ділмар ереді де Сүмбенің сағасымен Шартастың етегі, Қысаңның аузы арқылы тағы да Қытай асады. Осы сапар туралы Көдек ақын «Үркін» дастанында былай дейді: «Тұрлықожа жиып ап: «Ел болмайсың Қытайға Қашуды Албан қой! – дедi. Қалмақтан дүре жегенше, Өз жерiңде өл!» – дедi. ...Тұрлықожа жол шектi, «Елiмдi жиып алам – деп. Үрiккен жұртты қайтарып, Қонысына салам», – деп. Сүйдiн деген қалада, «Ерлiгiмдi көр» дедi. Сабап Төрге қалмақты, Айтқанына көндiрдi. Аударып алып бөрте атты, Жанына қауiп төндiрдi. Үсейiнбай қашқарлық, Ыңғайында ол жүрдi. Мың амбы, сiбе қалыс боп, Сөзiне сонда сендiрдi. Сексен түйе, сегiз ат Ел шығынын өндiрдi. Қас, Күнес, Текес, Жырғалаң Ердiң iсiн ел бiлдi. Бәрiн түгел аралап, Ақылға елдi көндiрдi. Қалжат, Қорғас, Нарынқол Шегарадан өткiзiп, Жерiне елдi қондырды. ...Опасы жоқ сұм ажал, Есiл ердiң қапыда, Оң сапарын сол қылды. Бармақ тiстеп, сан ұрып, Қалың Албан шулапты. «Ажал неден болды» деп, Шаңдатыпты тулақты. Қауіп қайдан демеңiз, Қалмақ деген қу халық. Қапысын тауып кетiптi, Үзеңгiге у жағып. ...Үш күн салып араға, Сүмбенiң өтiп суынан, Сол удан ер сұлапты. Жеткенiнде жұма күн, Жансеркенiң жанына, Ат жалын құшып құлапты. Сексеннен асып о дүниелік болған Райымбек ауданында тұрған Айтбай қарияның әңгімесіне кезек берелік: «1952 жылы мені басшылар хат беріп, Маңғұлкүреге жұмсады. Бұл Қытайдағы ашылып сайрау науқанының кезі болатын. Құрманжанның құлыбы жанында иінтірескен ел. Атақты қалмақ Молынға айып тағылып жатыр екен. Қолында таяғы бар, бір аяғы ақсақ, дембелше келген қара домалақ кісі екен. Сол тұста оған көптеген кінә тағылды. Жиналыс соңында сөз айыпталушыға берілді: – Ал, халайық, – деді ол, – бағанадан бері таққан кінәләрыңның бәрі өтірік. Менде бір-ақ айып бар. Оны таба алмадыңдар. Бала кезімде үлкендердің жұмсауымен «хасақтың ханы» Тұрлықожаның үзеңгісіне у жақтым. Кейін өлді деген хабар келді. Менің айыбым осы». Қалмақтар оны «хасақтың ханы» деп бекер атамаған екен. Мұрағат деректерін жүгінелік: ...Турлуходжа Джансеркин хотя в начале бунта не участвовал но освободившис из Пржевальской тюрьмы он послал двух киргиз Айтовской волости уезжавших к нему для свидания Мухамедия Байзакова и Молдаспана Хасенева с сообщением чтобы все Албановские волости начинали бунт об чем сами киргизы после разгрома пограничных постов разсказывали калмыкам и что Турлуходжа и Дикамбай провозгласили себя ханами. (ЦГА РК. Ф.109. Оп.1. Д) . Дерек тарихшы Р. Оразовтың жеке қорынан алынды). Албан ішінде Алжандар Диқанбай Жанпейісовті, Айттар Тұрлықожаны хан сайлаған екен. Бұл патша билігін мойындамай, өз алдына ел болу мақсатындағы талпыныс. Қалмақтар қазақтың екі адамы өлгенде той жасап, ат шаптырады. Бірі – Тұрлықожа, екіншісі – Құсық Мергенбай батыр. Осы көктемде уақытша үкімет орнап, көтерілісшілерге кешірім жарияланады. 1917 г. 17 марта – Рапорт Товарищ прокурора Верненского окружного суда Мировому судье 4-го участка Джаркентского уезда Сообщаю Вашему Высокоблагородию, что содержившися под стражей в Джаркентской тюрьме по делу Вашему №5 – 1917 г. обвиняемые Турлуходжа Джансеркин, Джайчибек Бектенев, Дикамбай Джанпейсов и Айтбай Даркенбаев прокурорским надзором на основ. Указа Временного Правительства от 6 марта сего года о политической амнистия из названной тюрьмы освобождены. Товарищ Прокурора [подпись неразборчива] (ЦГА РК. Ф.109. Оп.1. Д.10). Шын мәнінде, бұлардың ешқайсысы да түрмеге қамалған жоқ. Мәлімет 1916 жылдың қара күзіндегі уез бастығы Ступиннің шығарған Қаулысына сүйеніп жазылған. Егер күзде бұлар түрмеге қамалғанда ешқайсысы да тірі шықпаған болар еді. Тұрлықожа алдымен Ресей әкімшілігіне қызмет етіп, болыс болды. Бірте-бірте орыс озбырлығын көрді. Июнь жарлығы, Ұзақтың үйіндегі бата, Айттөбедегі ереуіл, ел басына төнген қайғының қара бұлты, зорлық-зомбылық, елдің бас көтерер азаматтарының құрбан болуы, мұздай қаруланған патша әскерімен ашық соғыс – бәрін басынан кешірген патша үкіметінің қас жауына айналды. 1917-жылдың мамыр айында қалмақтардың қастығынан 54 жасында дүниеден өтті. Нұрлан Әбдібеков, Журналистер одағы сыйлығының лауреты qazaquni.kz