Майлыбаевтың ісіне қатысты мәліметтер жарияланбайды - ҰҚК

Президент Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевты тергеуге қатысты мәліметтер жариялауға жатпайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу") сәйкес сотқа дейінгі тергеуге қатысты мәліметтерді жариялауға болмайды. Егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн. Тергеу мүддесіне байланысты мәліметтерді жариялауға болмайды", - делінген ҚР ҰҚК өкілдерінің Tengrinews.kz жолдаған сауалға берген жауабында.

Осыған дейін Бағлан Майлыбаев пен Николай Галихиннің қамау мерзімінің ұзартылғаны жайлы хабарланған еді. Еске сала кетейік, Бағлан Майлыбаев 16 қаңтарда қамауға алынған болатын. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Майлыбаевты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185-бабы 1, 3-бөлігінде көзделген ("Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету") қылмыстарды жасады деген күдікпен ұстаған еді.

Сондай-ақ, мемлекеттік құпияны жариялады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері Николай Галихин ұсталған болатын.