Жас ақын Әлия Іңкәрбектің жаңа кітабы оқырманға жол тартты

Фото Мөлдір Төлепбайқызы.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жас ақын Әлия Іңкәрбектің «Тасқын» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жас ақынның Тасқын» деп аталған бұл жинағына жастық жалынмен жазылған лирикалық өлеңдері еніп отыр.

Тұсаукесерге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жанат Әскербекқызы, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова, журналист - Болатбек Төлепберген, ақын Дәулеткерей Кәпұлы сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, жас ақынға жылы лебіздерін білдірді.

«Ол кітабын «Тасқын» деп атапты. Менің көз алдыма таудағы нөсер келді. Тау нөсері сұлу ғой, шіркін. Әсіресе, көктемде. Тұнықтығы қандай, суықтығы қандай! Тауда нөсер неліктен жиі жауатынын білесіз ғой, тау бұлттарды байлап тұрады. Оған күннің де көзі ерте түседі. Алтын буланып көтерілген су алысқа ұзай алмай, қайта тұнып, қайта бір төгіп жауып кетеді. Хан Тәңірінің бауырында өскен автор сол көріністі сан аңғарса керек, таңданса керек, ақыры өзі де сол құбылысқа ұқсап кетсе керек. Әйтпесе, «Тау қыраны секілді текті де едік» деп жазбайды ғой. Әкем дегені – тау шығар, тасқын дегені – сол нөсер суының таудан құлай аққаны болар. Тұңғыш жинағы «Тәңіртау» екен, ендігісінің «Тасқын» аталуы да содан» деп жазады кітаптың алғы сөзінде ақын Ерлан Жүніс.

Əлия Іңкәрбек 1997 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Жас ақын Әлия Іңкәрбек ХVІІ Халықаралық Шабыт фестивалінде "Әдебиет" аталымы бойынша Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы жүлде иеленген. Бірнеше Республикалық ақындар мүшайрасының жүлдегері. Өлеңдері «Алаштың жас тұлпары», «Жауқазын жылда гүлдейді» атты ұжымдық жинақтарға енген.