ДӘУІР ДАУЫСЫ

Тарихты тұлғалар жасайды. Сонда олар кімдер, қандай тұлғалар? Тұлға дегеніміз тек қана ел билеушілер ме? Олай болса, Қорқыт қайда қалады? Күлтегін не бітіріп жүр? Жүсіп Баласағұн, Жалайри, т.б. тарихтағы үлесін не дейміз? Жалпы, ел-жұрт, халықтың орнын қайда қоямыз?... Беріректі ойға алып, басқа қырынан келейікші... Кеңес одағының кезінде Алаш арыстарының күшімен шығып тұрған басылымдар неге ұзақ жылдар бойы жасырын ұсталып келді? «Дала уәлаяаты», «Түркістан уәлаяаты», «Қазақ» газеті – бұлардың бәрімен көпшілік жұрт Тәуелсіздік алар тұста ғана таныс бола бастады. Осы басылымдардың өзі біздің тұтас бір дәуіріміз тарихының қайнар көзі болатын...  Газет-журнал, тағы басқа бұқаралық ақпарат құралдары қазір де сол өзінің баяғы үрдісінен жаңылған жоқ, өткен замандармен бірге, бүгінгі күннің тарихын да қаттап келеді. Уақыт өтіп, ай-жылдар ескіре бастаған сайын оның сарғыш тартқан парақтарының қадір-қасиеті арта түспесе, ешқашан кемімек емес. Бұл басылымдардың басы-қасында да елге белгілі тұлғалар жүргені көп айтыла бермегенмен, рас нәрсе. Болашақтың қамын бүгін ойлаған қазіргі қаламгер журналис­терімізді, ақын-жазушыла­рымызды, жалпы бұқаралық ақпа­рат құралдары саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қағылез қайраткерлерімізді, жалпы баспасөзді көзден таса, назардан тыс қалдырудың өзі тарихымыз алдындағы кешірілмес күнә дер едік. Өйткені, олар біздің дәуіріміздің дауысы. Тарихымыз бен мәдениетіміздің ұйысқан бір-бір орталығына айналып келе жатқан БАҚ халқымыздың да бағына айналып отыр. Осы қырынан келгенде, тың тақырыпқа түрен салып, тамаша жобаның жолын ашқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі қаламгер Бауыржан Омаров ел-жұрт ерекше ықылас қойған таңданарлық туындыларды дүниеге әкеліп жатыр. Оның қалам қайраткерлері жайында жазған «11-ші қаламұш» атты кітабының қызығы әлі де басыла қоймаған еді. Таяуда осы «11-ші қаламұштың» заңды жалғасы болып табылатын оның «Төртінші билік» атты жаңа кітабы жарық көрді. Оны «ARNA-B» баспасы басып шығарып отыр. Аталған екі кітап та қазақ журна­листикасының алыптары мен тарландарының, қажыр­лы қайраткерлерінің жарқын бейне­лерін көрсететін үзік-үзік әдемі әңгіме, қызықты сыр-құпиялардан тұрады. Біз әңгімелегелі отырған «Төртінші билікте», мысалы, «Дәуір дәптері» деген атпен қазақ журналисти­касының қарт сарбазы болып өмірден өткен атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың, «Амандосов аудиториясы» тақырыбында тау тұлғалы Тауман Амандосовтың, қайталанбас тұлғалар – Жұмағали Ысмағұловтың, Шерхан Мұртаза­ның, Нұрмахан Оразбектің, Сұлтан Оразалиновтың, Қуаныш Сұлтановтың, Сауытбек Абдрах­мановтың, Уәлихан Қалижанның, Намазәлі Омаштың және басқа көрнекті қаламгерлер мен жүйрік журналистердің (тіпті, ең соңы осы жолдардың авторына дейін) сан алуан қырлары сөз болады. «Нұр Отан» партиясы төраға­сының бірінші орынбасары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Құл-Мұхаммед жазған «Төртінші билік тарландары» атты кітаптың алғысөзінде: «Автор әр кейіпкерінің шеберлік шыңына жету жолындағы өзі жетік білетін құпияларына терең бойлау арқылы қазақ баспасөзінің тұтас портреттер галереясын жасаған. Оның кейіпкерлерінің бәрі – оқырманның ықыласына, көрерменнің құрметіне бөленген жандар. Бауыржан солардың әрқайсысының өмірбаян деректерін тізбелеп, қоғамдық-саяси қызметін, ғылыми шығармашылығының ерекшеліктерін саралауды мақсат етпейді. Олардың бүкіл тіршілігін ақпарат әлемімен байланыстыра суреттейді. Қарапайым деректер мен мәліметтердің өзін шығар­машылық шеберлік арқылы ширатып, оқылымды етіп ұсынады. Сәт сайын сәтті деталь тауып, сөз ойната біледі», – деп бұл еңбектің негізгі мән-маңызы нақты айтылыпты. Рас, «Төртінші билік» кітабына кіруі тиіс тарландарымыз әлі де аз емес еді. Бұрындары да, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да еңбегімен елге танылып, бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасу, даму жолдарында жанкешті жұмыстар атқарған қарымды қаламгерлеріміз болды, бола да береді. Бұл орайда кітап соңында берілген өзінің «Жаз, жаз, қалам, тер қалам!» деген күрмеуінде: «Неге бұларды таңдадық? Ақпарат айдынында өшпес ізі қалған басқа да майталмандар бар емес пе?! Әрине! Жеткілікті. Бірақ кітап кейіпкерлерінің тыныс-тіршілігі, шығармашылық болмысы, жазу мәнері, ойлау дағдысы табиғатымызға жақындау болды-ау деймін. Сондықтан, мұны автордың журналистік антологиясы деп бағалаған жөн шығар. Жазам деген адамға кейіпкер жетеді. Жалпақ жұртқа кең танылған алымды ақпаратшылар баршылық. Қаламдастарымыз да өздерінің әріптестері туралы қалам тартсын. Сөйтіп, көпке танытқан кәсібімізді көкке көтерейік», – дейді автор. Бауыржан Омаровтың өзіндік тілі, жазу мәнері, оқиғаларды өрбіту, тарқату, беру әдістері, оның қайталанбас стилі, тіпті өзінің мінез-құлқына дейін – бәрі кітапта айшықтана көрініп тұр. Ойнақы. Жинақы. Көз алдыңызға кейіпкерлердің бейнелері сол табиғи қалыптарында елестей кететіні өз алдына, соның бәрін жаныңызда автордың өзі отырып алып, көзбе-көз әңгімелеп отырғандай күй кешесіз. Бәрінен бұрын, кітаптағы айтар сөз кейіпкерлер туралы болып тұрғанымен, белгілі бір дәрежеде сол уақыт, сол кезең тарихы мен мәдениеті де менмұндалайды. Тұтастай алғанда, уақыт пен заман жүгін арқалаған бұқаралық ақпарат құралдарының даму жолдары көрініс беріп, бастан-аяқ біздің дәуіріміздің дауысы шығып тұрғандай болады. Тарихты тұлғалар жасайтыны рас. Бірақ, соның бәрінде қалам қуаты күшті, ойы озық, аузы дуалы қаламгерлердің, өнер, жалпы мәдениет қайраткерлерінің өзіндік орны анық байқалып тұрады. Тіпті, тұлғалардың өзінің тұлғасын сомдайтын да солар. Бұл орайда бүкіл бір саланың жалпы келбетін сомдаған «Төртінші билік» кітабы оқырман қауым танымының көкжиегін кеңейте түсері сөзсіз. Әнуарбек ӘУЕЛБЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері. qazaquni.kz