Күләш Байсейітова қаза болғанда оның алтын бұйымдарын тонап кеткен кім?

[caption id="attachment_65349" align="aligncenter" width="480"]Күләш Байсейітова Күләш Байсейітова[/caption]

Сан мыңдаған концерттер. Дайындықтар. Гастрольдік сапарлар. Бұл – әншінің мойнына артылған үлкен жүк, міндет. Күләш Байсейітованың Мәскеуге барған сапары – соңғы гастроль болатынын кім білген?

Бұл туралы kazakh-tv хабарлайды.

Қазақ елінің бұлбұл әншісі, маңдайына біткен жарық жұлдызы Мәскеудегі қонақүй бөлмесінде жүрегі тоқтап қалып, мәңгілік сапарға аттанып кете барды…

Әншінің онсызда қан қысымы әрдайым бірде төмендеп, бірде басы ауырып, денсаулығы сыр беріп жүретін. Оған да көптеген себептер болды. Бір жағынан небары 22 жасында Қазақстанның Халық әртісі, ал 24 жасында КСРО Халық әртісі дәрежесін алған әнші ретінде өзге өнер иелерінің себепсіз жала жауып, қызғанышына себеп болса, екінші жағынан күйеуінің опасыздығы әншінінің уайымын одан сайын үдетті. Ал бір емес, екі баласының қайғылы өлімі әншіні есеңгіретіп жіберген еді. Осылайша, Күләштің өмірінде қиындық пен ажал бірінен соң бірі бола берді. Әйел адамның өзі табиғатынан нәзік жаратылыс қой. Еттен жаратылған жүрек бұл ауырлықтың жүгін бірдей көтере алмаған болар. Өмірі тым келте болды. Небары 45 жыл ғұмыр сүрсе де, одан ұзақ жасаған адамдардың жасамағанын жасады. Дарын иесінің жұлдызы тез жанып, тез сөнді. Бірақ, өнері мен өмірі – құпия мен сырға толы. Қарлығаш Байсейітова, Күләштің қызы: «Алыстан есепсіз адамның қарасы көрінді. Барлығы біздің үйге қарай қадамдап келе жатты… Анамның ең жақын достары, жанында көп жыл бірге жүрген Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Евгений Брусиловский бастаған бір топ адам қайғылы хабарды естірту үшін келген екен. Оны естіп баршамыз қайғырдық. Әсіресе, нағашы әжем мен әкеме ауыр тиді.»

Қаралы үй қайғырудан бас алмай жатса, белгісіз біреу Күләштің маңдай терімен тапқан алтын сағатын, қымбат әшекей-бұйымдарын, қыздарына тапсырыспен есімдері жазылған алтын жүзіктерімен қоса дымын қалдырмай тонаған. Бұл жағдай әншінің жетісі не қырқын беріп жатқанда орын алуы мүмкін. Туған-туыстары, әріптестері, өнердегі достары, ауылдастары, көршілерін қосқанда Күләштің өліміне жиналған қауымның қайсыбірінен көресің? Ізін іс-түссіз жоғалтқан ұрыны ешкім іздеген де жоқ. Іздеуге мұрша да болған жоқ…