Көшербаев: Байқоңырдағы оқушылар "Менің астанам - Мәскеу" деп оқып келген

Астанада өткен еркін кездесу барысында Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласының болашағы туралы айтты деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Ресей өзінде Ғарыш станцияларын орнатып, осы саланы дамытып жатқандықтан Байқоңырдың инженерлік инфрақұрлымын дамытуға мүдделі емес. Себебі, қазіргі Байқоңыр қаласының басшысына Ресей «айлық-жалақыдан басқа ақша болмайтынын» ескерткен. Демек Байқоңырды өзіміз қамқорлығымызға алып, өңірлік даму бойынша бөлінген қаржының құрамына енгізуіміз керек. Бұл жұмыс бойынша қазір арнайы бағдарламаларды іске асыруға келістік» - дейді Қырымбек Көшербаев.

Сонымен қатар, Қырымбек Елеуұлы Байқоңырда атқарылып жатқан істерге де тоқталды.

«Байқоңырдағы 6 мектепті қазақстандық білім беру жүйесіне көшірдік. Өйткені, олар ресейлік оқулықтарды қазақшаға аударған да, соны оқытқан. Қазақ мектептеріндегі оқушылар «Менің президентім – Путин», «Менің астанам – Мәскеу» деп оқып келген. Біз осыны түзетіп, Байқоңырдағы алты мектепті де қазақстандық білім стандартымен оқитындай еттік. Сонымен қатар, қалада мемлекеттік бюджетпен салынған перзентхана бар еді. 6 жылдан бері босқа тұрған болатын. Соны біз қазіргі таңда облыстық медициналық орталықтың бөлімшесі ретінде пайдалана бастадық» - дейді өңір басшысы.