Кәріс қызы: Қазақ тілі барлық қазақстандықтарға ортақ тіл болуы керек

[caption id="attachment_64829" align="aligncenter" width="598"]Роксолана Цой, Қазақ тілі, Мемлекеттік тіл, тіл саясаты Роксолана Цой[/caption]

Кәріс халқын "Төре" секілді "Коре" руы деп әзілдеп атайтындар баршылық. Өзін осындай рудың өкілі санайтын кәріс қызы әрі мектеп оқытушысы Роксолана Цой қазақ тіліне деген ерекше ықыласын жасырмады.

Бұл туралы NUR.KZ порталы "Экспресс К" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақ тілін еркін меңгерген Роксолана "Абай жолын" толық оқып шыққан. Ет тағамдарын да шебер әзірлей алады. Ол қазақ тіліне деген қызығушылығы сегізінші сыныпта оянғанын айтты.

"Мен кез-келген жағдайда қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Бір жыл бұрын "шала қазақша" сөйлей бастағанымды байқадым. Ұят. Сол себепті, базарда да, таксиде де, дүкенде де, әлеуметтік желіде де қазақша сөйлеп жаттығамын", - дейді ол.

Журналистер Роксоланамен сұхбаттасып, оның қазақ тілін қаншалықты ұнататынын анықтап көрді.

– Қазақша жаза білесіз бе?

– Иә. Мен өз интернет парақшамда қазақ тілінің маңыздылығы, әуезділігі мен әдемілігі туралы жиі жазамын.

– Қазақ халқының мәдениетіне қызығасыз ба?

– Маған қазақтардың той рәсімдері ұнайды, әсіресе беташар. Одан көзіңе жас үйіріледі... Өзім түрлі-түсті көрпе тігіп, қазақ әндерін айтқанды ұнатамын. Роза Рымбаеваның "Атамекен" әнін сүйіп тыңдаймын.

– Қазақтардың дәстүрлі тағамына қалай қарайсыз?

– Қазақ тағамдарын қатты жақсы көремін. Бешбармақ пен бауырсақты өзім әзірлей аламын. Интернетте қазақ тағамдарының құпияларымен бөлісіп отырамын.

– Көріктісіз әрі тағамды да жақсы әзірлейсіз, сізге құлай ғашық болып жүрген жігіттер көп шығар?

– Маған өзім танымайтын жігіттер ұсыныс жасаған кездер болған. Олар менің жазбаларымды оқып, "Қазаққа тұрмысқа шығасың ба?" деп сұрап жатады. Егер жақсы адам болса, неге шықпасқа? Сәукеле маған жарасады деп ойлаймын...

– Кей ата-аналар балаларына қазақ тілінің қажеті жоқ деп санайды. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Мен бұл көзқарасқа толықтай қарсымын. Қазақ отбасында өскен балалардың ана тілін білмегені маған мүлде ұнамайды. Мен еліміздің әр азаматы қазақ тілінде сөйлей білуі тиіс деп санаймын... Қазақ тілі барлық қазақстандықтарға ортақ тіл болуы керек.

Татьяна Аладьинаның материалынан аударылды.