Валюта бағамы USD: 312.76 | EUR: 331.08 | CNY: 45.53

Нұрлан Әбдібек. Бабадан қалды әңгіме балаға арман…

Нұрлан ӘБДІБЕК

 

Аққайнар
(Тарихи дастаннан үзінді)

Өткенде бұл өмірдің сен қонағы,
Аялап әруағыңды ел қалады.
Малыңның орынында көң қалады,
Төмендеп топырағың жер болады.

Туған жер өткен жердің арасында,
Көретін қызығыңның бәрі осында.
Осында кейінгіге бересің де,
Осында алғы күннен аласың да.

Бұл өлке – өскен жерім, маған ыстық,
Бәріміз Бәйдібектен таралыстық.
Жеті ата жеткен жерден құдаласып,
Қазақ боп, өсіп-өніп қан алыстық.

Мен-дағы пендең едім Құдай берген,
Өмірден өз нәсібін сұрай келген.
Саяқсып жүргеніммен суын іштім,
Шарт еткен Шапырашты шырай берген.

Жүр еді жүрегімде жыр дұғалық,
Сұрша күн өтіп жатыр сырғып ағып.
Алланың берген жаны аманатқа,
Түскенше мойнымызға бір бұғалық.

Заңымен шежіренің туған баба,
Тіркелген тізгін ұстап ұлдан бала.
Қарындас қамы бар деп қажетіне,
Қолына найза беріп қуған дала.

Ел болып осылайша ұйымдасып,
Көрсеткен бір-біріне сыйын басып.
Жаратқан, жалғыз Құдай, өзің болсаң,
Санамды сергек қылшы миымды ашық.

Әр дайым әр нәрседен хабар білген,
Үмітім үзілмеген болар күннен.
Білмеймін мұның өзі махаббат па,
Жаныма жылдан-жылға жамап жүрген.

***
Алатау, ата-бабам көзі көрген,
Қарайсың қарашаңа өзің өрден.
Құдайдың қолмен қойған қорғанышы,
Бұл күнге замананың кезі келген.

Шілдеде Суықтөбе сіркіреген,
Бура бұлт қабағында тұр түнеген.
Баурынан бұлақ ағып бұрқыраған,
Жайылып Жиренайғыр, Күртіменен.

Таулардың қарап тұрсақ тізбегіне,
Құлақ сап замананың біз деміне.
Көзге оттай көне сүрлеу басылады,
Тарихқа тура тартқан із көріне.

Аққайнар, Көкқайнар мен Қарақыстақ,
Қастекпен арада өткен балалық шақ.
Самсыға Суықтөбеден су жүгірген,
Сарынын замананың содан ұқсақ.

Қырғызды тау асырып көзін ілген,
Нұрабай нарқы биік өзі білген.
«Ел болды Бөгенбайдан қалған бала»,
Аузында қариялардың сөзі жүрген.

Бұл елде тұқым қалған Төреден де,
Тараған қазақпенен жер әлемге.
Мырзабек, Қашке менен Сүйіндік бар,
Жеті ата жеті жұртты жебегенде.

Сонан соң бұл ауылға орыс келген,
Неміс пен түрікке де қоныс берген.
Адасып Албан келген бір заманда,
Жері жоқ ағайынның теріс деген.

Аяғы Аққайнардың арал екен,
Қос өзен көрісетін сол ара екен.
Топырақ түрткен жерден майы шығып,
Нәсібі осы ауылдың болады екен.

Көшеде асық атқан бала бар ма,
Шиқылдап шалдар мінген жаман арба.
Белгілі бұл қазақта әр адамға,
Зар болып заман өткен қара нанға.

Жер екен малға жайлы, қайнары көп,
Бастауға басын иген сайлары кеп.
Сұраншы көзі кетіп, келген екен
Мұжықтар тоған байлап, пайдалы деп.

Қаладан Аққайнарға кіргеніңде,
Оранып баратұғын бір кебінге.
Орын бар екендігін салады еске,
Сабылып тіршілікпен жүргеніңде.
***
Саурықта қырғыз қамап жараланған,
Сауытсыз жалаң көйлек қан оранған.
Соңынан жауларының жалғыз қуып,
Бабадан қалды әңгіме балаға арман.

Саурықтан қалған мынау қоныс па екен,
Ол да өтті қылған кездер орыс мекен.
Хантәңірі, Қарғалы мен Қаратауға,
Ежелден жібек жүрген жол үсті екен.

Жері жоқ Абақ-Тарақ «сен, мен» дескен,
Аялдап Аққайнарға керуен көшкен.
Кешегі моғол – өзбек заманында,
Алматы болған екен жермен жексен.

Түсіне келіндердің бесік кірген,
Қарғалы, Қарақыстақ, Есік, Түрген,
Қаңырап көшелерге құм жайылып,
Топырақ қорған аттап көшіп кірген.

Заманның арбағанда амалы көп,
Қаласың жүрегіңнен жаралы боп.
Бұл дәурен бізден өтпек сізге жетпек,
Шағылдай көшіп жүрген табаны жоқ.

Жүрмесін бәзбіреулер доғал көріп,
Қашан да шежіреге қоғам жерік.
Жәнібек Керейменен «қазақпыз» деп,
Келгенде басымызда моғол бөрік.

Оқиға болып өткен бұл кешегі,
Түспеген хатқа бірақ күнде есебі.
Хан тағы Қозыбасы болғанында,
Аққайнар сол орданың іргесі еді.

Керуенді керуен көшіп алмастырған,
Заманға замандарды жалғас қылған.
Бөрілер тауға қырай жым-жылыс боп,
Серілер салқын сазда малдас құрған.

Аққайнар қай заманнан қайнар еді,
Батырлар басына ат байлап еді.
Беймезгіл ат дүбірін естігенде,
Сарбаздар сәйгүлігін сайлап еді.

Жебе атым жердің бәрі бұлақ толып,
Саудагер сабылатын тұрақ болып.
Моншақпен қызыл-жасыл қызды алдаған,
Жететін Алматыға бір-ақ қонып.

Қастектен қырғыз асып кіретұғын,
Дәуренін кіре тартқан сүретұғын.
Қамшы сап, садақ оғы, дәрі жасап,
Тобылғы базарлыққа жүретұғын.

Самсыдан, Аққайнардан күздік теріп,
Орданың қажетіне біз «құп» дедік.
Бағыты Қозыбасы керіш жылға,
Су құлап Суықтөбеден жүз бүктеліп.

Бабаға тәңір өзі ынсап берген,
Анаға Құдай беріп құрсақ керген.
Көктемде жер құлпырар кілемдей боп,
Кебіске кемпір киген жұмсақ келген.

Іргеде Қарақыстақ қала тұрған,
Арада қызғалдаққа дала тұнған.
Ыңылдап қара өлеңмен қасидасын,
Садаққа шыбық иіп шал отырған.

Тынғанда өткен заман «елім-айлап»,
Қайтқанда келген қалмақ соры қайнап.
Хабаршы бір-біріне кептер ұшып,
Құлпырған қыз-бозбала тобық ойнап.

Ұршығын кейуаналар бұрайтұғын,
Алладан түбін қайыр сұрайтұғын.
Қастектен қажып келген бір құлақ су,
Құшақтап талдың түбін құлайтұғын.

***
Алтай мен Алатаудың айналасы,
Үш жүздің жатырқамас бар баласы.
Үш жүз мың соңына ерген Қасым ханның,
Майсара жер қайысқан майманасы.

1916 жыл

Көтерілген мынау не?
Көк тұман ба?
Жорып едім тұманға боп күманда.
Мініп апты түтіннің желкесіне,
Қара таппай жынды жел соқтығарға.

Қара суық қырбақ қар ала келмек,
Қара түтін аңғармен барады өрлеп.
Асыр салған ақ бұлақ сай ішімен,
Жылап ақты кеудесін нала кернеп.

Қара тұман бетке алып қарағайды,
Қара хабар таратып аралайды.
Сайдың іші сейілді,
Ауыл қайда?!.
Қара қарға қарқылдап табалайды.

Теріскейі сыңсыған орман еді,
Кәрі жартас күнгейде қорған еді.
Қараша ауыл қариясы, мал-жанымен,
Су жағалап сай іші қонған еді.

Қараша үй иесі момын еді,
Дәл өзіндей ағайын төңірегі.
Сабы сынған найзаның жатыр ұшы,
Бес қарудың бірі деп сеніп еді.

Уық жатыр шашылып шала жанған,
Күл болыпты кереге пана болған.
Табалдырық жастанған отағасы,
Артық емес Албанға ажал ардан.

Бала-шаға күні өтіп тілегімен,
Аттаныпты кейуана бұл өмірден.
Шаңырақты шығарған шетке сүйреп,
Басқұрды орап кұлапты білегімен.

Мойнына азап әркімнің өлшеп ілген,
Тәңір-Алла түсірді еңсе бірден.
Жас келіншек жығылған ошақ басы,
Қара қазан қасында төңкерілген.

Тірлік болды келмейтін ымыраға,
Бұл қазақтың шал кетті сырын ала.
Кісе белбеу қолында жауын ұрған,
Жүзін салып құлапты құбылаға.

Қараша үйлер қазаққа қамал еді,
Төрт түлік мал күн көріс амалы еді.
Жұрты қалды қарайып бір ауылдың,
Оқыс болды бір амал табар еді.

Күнгейлерді сарғайтып күздің демі,
Сабағынан қураған бүлдіргені.
Қиы жылда жаңарған тас қоралар,
Қабаржып тұр бар ма екен бір білгені?!.

Бауырына жармасқан бұлты келіп,
Қабақтары таулардың тым түнеріп.
Қарағайдың ішіне қашып-пысып,
Тығылғандар оралып тұр тірі өлік.

Даусы шықты сәбидің іңгәләған,
Жан-жағына қашқындар тұр қараған.
Бала даусы булығып естіледі,
Секілді бір шыққандай үн моладан…

Тез тарады жан-жаққа қазанама,
Көзі көрді жиылған жаназаға.
Жарығы боп көретін осы әулеттің,
Қара қазан астында қара бала.

Жер ошақ боп нәсібі от басының,
Желмен бірге жылжыған көп ғасырың.
Қазанда қалған бала Мәскеу қорғап,
Болған екен бораған оқта шығын.

Хан Тәңірде құрық сап асау ұлға,
Ерік берді жазымыш жасауылға.
Туған үйдің орнында шала қалды,
Бала да өлді, шал да өлді осы ауылда…

Шыңғыс хан

Туырлықты басын құрап,
Алаша хан сен болғанда.
Жетелеген асыл мұрат,
Алаш жұрты ел болғанда.

Жағасы бар жүгінгенде,
Тізесі бар бүгілгенде.
Алаш жұртың сүйінгенде,
Жау жанынан түңілгенде.

Ту көтерген дала қаптап,
Сіздің заман шапқан аттай.
Құжынаған қалада аттап,
Біздің заман атқан оқтай.

Тарих ата тынысына.
Құлағымды сақ түремін.
Тәңір берген ырысы ма,
Ұрпағыңа бақ тіледің.

Замананың қатпарында,
Салдым кейде әнге мұңды.
Сен қалдырдың арттағы ұлға,
Ауыздықтап мәңгі еліңді.

Сен болмасаң, қаған баба,
Қазақ болу қайда маған.
Бұдан әрі алаңдама,
Өзің жайлы толғана алам.

Талас, тартыс толастамай,
Толқын атып тұр елімде.
Сені бірақ аластамай,
Сақтап қалған жүрегінде.

Жамағатың жүр далада,
Аттан түскен, тұрманы жоқ.
Аттанғанша сұр молаға,
Дүниенің құрбаны боп.

Адамдардың ішіндемін,
Өз ойымша мыңбасымын.

Мен де сендей пішіндемін,
Сол тамырдың жылғасымын.

Тарихтың сан суыртпағы,
Сені саққа мың жүгіртті.
Ақ Ордамның суық қаны,
Қызбай жатыр, кім біліпті?..

Сәуле – муза

Бозбаланың бұл өлең ермегі еді,
Қыз-қырқынға сыйлаған өрнегі еді.
Балауыз шам білтесі жалын атып,
Соңғы демін шығарып сөнбек еді.

Сөнбей қалып, иектеп енді мені,
Ғайыптан тайып келген мөлдір еді.
Он бесінде толған ай кейпіне еніп,
Тереземнен қарайды теңбіл өңі.

Сол сәуле төңіректеп, айналақтап,
Сала алмай жүрмін оны ойға баптап.
Сөгілген қабырғамның арасынан,
Төгілген тағдырым ба айран аппақ.

Кезімде қирап түскен қайта оралған,
Бұл сәуле – тіршілікте айтар арман.
Кездер де есімде әлі қойға барған,
Сәттерде жүр санамда сайтан алған.

Мен сені жас жағымда сәулем деп ем,
Жанымда жарасып ең әуремменен.
Жүрегім жиі соғып, жан ұшырып,
Сезеді сен келгенде кеудемде өлең.

Мен сені жас күнімнің ермегі деп,
Ұстап ап тізгініңнен көргем үдеп.
Танытып қыздай қылық шықты алдымнан,
Алқынып шыққан кезде өрге жүдеп.

Жүргенде аламыз деп қамал жаста,
Қасымнан қалмап едің қадам басса.
Барасың күннен-күнге болмысым боп,
Жазылған тағдыр ма едің маған баста.

qazaquni.kz



1 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Салтанат 23 Ақпан, 2017, 22:48

    Маган олендер унады кушти :unatu:

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*

 aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa Көңіл күй бейнелер авторы: IMKAZ.kz.