"ҚАЗАҚ ҮНІ" - ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮЗДІК ИНТЕРНЕТ САЙТ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ!!!

Журналистика әлемінің сұлтаны

 

Мағира Қожахметова, жазушы

 

БАС  РЕДАКТОР  КЕЛБЕТІ

Өткен ғасырдың жетпісінші,сексенінші жылдары аралығындағы «Лениншіл жас» творчестволық тобын Бразилияның әйгілі футбол командасымен салыстырған белгілі журналист, ақын,жазушы Өмірзақ Мұқаевтың пікірі жүрегіме соншалықты жақын. Дәл сол кезеңде жұлдызы жарқыраған республикалық жастар газетінің бас редакторы, бапкері Сейдахмет Бердіқұлов болатын. Шерхан Мұртаза ағамыздан кейін басылым тізгінін мұнда ұзақ уақыт ұстап отырды. Өнбойынан ұдайы салмақтылық есіп, әдет-ғұрып, қазақтың болмысын әрдайым биік қоятын. Әңгімелесуден титтей жалықпайтын. Адамның қадір-қасиетін бірден аңғарып, небір ығай мен сығай, мықтыларды айналасына үйіре білді. Ел ішіндегі жаңалық, оқыс оқиға, қаһарман кейіпкер, аңызға айналған тағдыр бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов көрегендігі, болжағыштығы, беделі арқасында алғаш біздің газетімізде жарық көретін. Оның қарамағында кейін қазақтың зиялы қауымын құраған: Оралхан Бөкей, Сейітқазы Досым,Сағат Әшімбаев, Рашид Рахымбеков, Кәрібай Ахметбек,Әнес Сарай,Өмірзақ Жолымбетов, Берік Шахан, Төлен Қаупынбай, Эрнест Төреханов, Серік Әбдірәйімов, Құрманғазы Мұстафин, Жақау Дәуренбек, Ырым Кененбай, Жанат Елшібек, Әшірбек Көпіш, Теңізбай Рахымжанов, Мерғали Ибраев, Ақселеу Сейдімбек, Жомарт Әбдіхалықов, Байтұрсын Ілиясов, Жұмагүл Солтиева, Орысбай Әбділдаұлы, Қуанышбай Құрманғалиев және басқа да көптеген кісілер қызмет атқарды.

«Тірегім,сүйіктім, сүйенішім – «Лениншіл жаста» ертегідей өмір сүрдім» деп бұрын да талай айтқанмын. Жұмақ кешкен сәттерім Сейдахмет ағаның алдында өтіпті. Билік басындағылармен айтысып-тартыса жүріп жеке басыма екі бөлмелі пәтер алып бергенін былай қойғанда, он жылда артық-кем іс-әрекет, қылығымды, еркелік, тентектігімді төзіммен қалай көтергеніне қазір қайран қаламын. Несін жасырайын, бас редактордың құрмет, ілтипаты, мақтау сөз,т.б. өзіме айтылуға, жасалуға тиіс деп қабылдағанмын. Соншалықты қиындықпен өзі алып берген үйге өзін емес, өзгелерді алғаш қонақ қылып шақырып, мұны о кісіге бір әріптесімнің «сіз аспанға көтеріп, жан теңгермейтін қыздың білесіз бе не істегенін, бәріне сізді жамандапты, келемеждепті сыртыңыздан…» дегендей қисынсыз сөздерді қоса айтып қойғаны, соған кәдімгідей өкпелегені әлі есімде.

Менің тарапымнан жіберілген дөрекілік,дар ақылық, оғаш қылық көп екен, енді зерделесем. Бірде комсомолдың орталық  комитетінен телефон шалынып, Уәлихан Қалижановпын, – деді де, әлденені ескертіп, өзіме ұрыса бастады.

– Сіз ең алдымен сәлемдесуді үйреніңіз, содан кейін сөйлесерсіз менімен, – деп телефон құлағын қоя салдым.

Сөйткенімше «бас редактор шақырып жатыр» деп хатшы қыз жүгіріп келді. Жүзі түтігіп кетіпті:

– Сен білмейсің бе, біз Қазақстан Комсомол Комитетінің органымыз, соларға бағынамыз, кімсің сен Орталық Комитетке бағынбайтын… Неге дұрыс жауап бермейсің… Ол – бастық, лауазымы жоғары…

– Мен бас редакторды ғана тыңдаймын, өзге бастықты білмеймін, ол бастығым емес, айғайламасын маған, – деп  қасарысамын.

Обалы нешік, беделді қызмет атқарып келе жатқан Уәлихан кекшіл емес екен, кейін алдына түрлі өтінішпен барғанымда, дереу талай шаруамды тындыруға көмектесті.         Талантты күйші Шәміл Әбілтаев жиі келіп, өнер көрсететін. Бірде редакция  қызметкерлерінің алдында жаңадан шығарған әндерін айтты.

– Күйді ғажап тартасыз, ал әндеріңіз нашар, – дей бергенімде, Сейдахмет аға маған түйіліп, түнере жалт қарап, соңғы сөздерімді естіртпей, әңгімені дереу бұрып әкетті. Төлен Қаупынбаев меңгеретін бөлімге ауысқанмын. Кезекті бір мақаламды алдына қойып, түзете бастады. Бұрынғы бастығым Рашид Рахымбеков дайындаған материалдарымды ешқашан бұлай шимайлаған емес. Әлгіні аяқтатпай жұлып алып, бірден бас редакторға апардым.

– Аға, жазған дүниелерімді тек өзіңіз оқыңыз бұдан былай, – дедім.          Баспаханада түн ортасына шейін, кейде таң атқанша жүреміз, «сигнальный» дейміз, газеттің жап-жаңа нөмірін өз кезекшілігімізде бас редактор, кейде орынбасары, жауапты хатшыға апаруға міндеттіміз. Түннің бір уағында үйіне келдім. Далада қар аралас жауын, саз. Есік ашылғанда, жап-жарық, көздің жәуін алған жиһаз (бұрын үйін көрмегенмін), сән-салтанаты жарасқан бөлмелер. Балшық жұққан аяқ киімімді бүкшеңдеп шешкім келмеді ме, жалт-жұлт кілемнің үстінен таптап өте шықтым.Үкіметтің шаруасы, атқаруға тиісті парызым екенін ойламаймын, неліктен беймезгіл мұнда келдім деп, жыным ұстайды. Газет беттерін ақтарып қарағанша, аяқты айқастырып отырмын, етіктен тамшылар сорғалайды. Не деген көргенсіздік десеңізші менің тарапымнан (сол сәтте қалай ұқпағанмын), бір рет қана апардым осылай. Содан былай «үйіңе жет те, «сигнальныйды» шофердан беріп жібер» дейтін болды. Ал, орынбасарларына бәрібір апаруға тура келетін, неліктен бұлар Сейдахмет аға сияқты емес деп, есіктерін аша бергенде, газетті бастарынан асыра лақтыра салатынмын. Байыбына барсақ, жауапкершілігі мол, үкіметтің жұмысы ғой бұл, газетте қате кетсе, аржағын елестету қиын…

Кабинетіне еркін кіріп, келіспей қалсақ, есігін тарс жапқанымда, терезе әйнектері дірілдейтін сәттер де кездесті. Ашумен арыз жазып, енді жұмыстан босатуға қол қойған шығар деп жүргенімде, Орысбай арқылы ақылын айтқызып, талай қайтарып та алған. Сонда деймін-ау, кім едім мен мұншалық тасыраңдайтындай, қазір қатты ұяламын, кезінде құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасап үлгермегеніме өкінемін.                                          С.Бердіқұловтың бас редакторлық келбеті, журналистік шеберлігі, қиыннан қиыстырар тапқырлығы, азаматтық позициясы, ұлтжанды мінезі, талғампаздығы, жан-жақты қабілеті өзі қол қойған газет беттерінде айқындалып, ізі сайрап жатыр. Қазақ баспасөзінде алтын әріппен жазылып, мәңгілік өшпейтін із. Бас редактор ретінде Сейдахмет Бердіқұлов патшадай елестейді, шынында өз ісінің, журналистика әлемінің сұлтаны еді ғой! Оның қасында қарымды тілші, дарынды жандар өздерін де тұлғадай сезінетін, кім-кімнің де қабілеті шыңдалып, жолы ашылатын. Сейдахмет ағаның басшылығында еңбек еткенде, «Лениншіл жастан» басқа басылымға жазу, жариялану миымызға кірмейтін. Түнектен себелеген сәуледей төңірегін жарқ еткізер ғаламат әсері болушы еді «Лениншіл жастың». Сол жарықтың ұшқыны еді бізді адам қылып, қатарға қосқан, қаламымызды ұштап, қолтаңбамызды қалыптастырған. «Жібек жолы» көшесіндегі №50, тоғыз қабатты үйдің еншісінде Қазақстан журналистикасының небір марқасқаларына қатысты, соның ішінде Сейдахмет Бердіқұлов та бар, талай-талай сыр, аңыз, мәлімет, дерек, көрініс… басыбайлы тұншыққан мына заманда асыл ағаларымызды сағынышпен еске алғаннан басқа амал жоқ. Жүздеген, мыңдаған журналистердің, яғни біздің маңдай тер, табан ақы… есіл еңбегіміздің қай-жайдағы байшыкештердің меншігінеөтіп кеткен әлгі зәулім үйдің жетінші қабатында, сөз жоқ, бас редактор С.Бердіқұлов кабинетін музейге айналдырып, нақты іске кіріспес пе едік, шіркін…

БЕРДІҚҰЛОВ ЕСІМІНІҢ САЛТАНАТЫ

Жиырмасыншы  ғасырда алпыс бір жыл ғұмыр кешкен Сейдахмет Бердіқұлов есімі уақыт өткен сайын терең мән, мазмұн иемденіп, ұлттық құндылығымыздың ажырамас бөлшегіне айналуда. Бұл кез-келген қаламгердің пешенесіне жазыла бермейтін жәйт. Енді осы пікіріміздің сипатына қысқаша тоқталайық. Журналист, жазушы Сейдахмет Бердіқұловты өзінің әріптестерінен, замандастарынан айрықша көрсетіп тұрған қасиеті қандай? Аты-жөнінің тұтастай ұғымға айналуының сыры неде? Өмірбаянына үңілсек, құрбы-құрдастарынан пәлендей айырмашылық жоқ. 1933 жылы 9-мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келді. Төрт жасқа толар-толмаста әкесі халық жауы атанып, үш баланың ауыртпалығын арқалап Бәтима ана аңырап қалды. Алайда жасықтық танытқан жоқ, балаларын ешкімге жаутаңдатпай ер жеткізді. Әке бейнесінің шығармаларында сағымдай елес беретін тұстары аз емес. «Сағыныш» повесіндегі кейіпкерлердің іс-әрекеті барысында әкеге қатысты жүрек шымырлатар сәтпен қауышасың. Ізбасқанның алпыс төрт жыл өмір сүрген әкесі «адам біткеннің жуасы болғанымен», жаманның да, жақсының да, арлының, арсыздың да, тілеуқордың да, ішінен ішегі айналмайтын күншілдің де бетіне тіке қарай алатынын… үлкен олжа деп біледі. Тірлігін үндемей жүріп тындыратын жанның наградасы да өлгеннен кейін жетеді. Ал, Еркебұлан әкесінің қашан көз жұмғанын білмейді. «Анау бір ылаң жылдары кеткен десетін жұрт. Сол рас қой,  шамасы… Үлкен өкімет болған деседі ғой. Шалдар бас қосқан жерде жер-көкке сыйғызбай мақтап отырады ғой ол кісіні…» деген сауалдарға «иә» деп қана жауап қатады. Еркебұланның әкеге қатысты ойлары автордың да шындығы болса керек: «Көзін жұмса түймесі самсаған шинелінің өңірін ашып тастап келе жатқан әкесін көрді. Жымиып қана күліп қояды. Тосып тұрған бірқауым жұрттың арасында Еркебұланның өзі де жүрген секілді. Әкесі қызыләскер болған жылдарда Еркебұлан түп орынмен жоқ та ғой. Мұнысы қызық екен. Көзді ашып жібереді. Жапырлаған жұлдыз. Қазанша көмкерілген қара мақпалды шұрқ тесік қып ойып шығып мөлдіреген жұлдыздар. Қайтадан көзін тарс жұмады. Тағы да әкесі. Ойбайын салып шешесі отыр. «Ел естімеген коммунист деген пәлеге қайдан мүше бола қалып еді. Олар кәпір көрінеді ғой» деп апасы ер-тоқымын ішіне алып тулайды. «Бәтен-ау, менің теріске жүрген, ауа жайылған жерім бар ма еді екеуміз қосылғалы? Айғай емес, гөй-гөйіңе салсаң да бұл жолғы тілегің орындалмайды. Менің сөзімнің ақырын күт те қой. Әкеңнен көрмеген жақсылықты коммунистерден көресің әлі-ақ». Әкесі бұл сөзін асып-саспай, күлімсірей түсіп айтып отыр. Еркебұланға көз қиығын сыпайы тастап қоятын секілді. Шынымен-ақ әкесі алдына келіп қалғандай Еркебұлан көзін уқалап жіберіп, бадырайта ашады. Аспан. Жұлдыздар, жұлдыздар. Мөлт-мөлт. Дәл осы сағатта балқуы жетіп топ етіп жерге түсе қалатындай көрінеді. Еркебұлан көзін жайлап тағы да жұмады… Қабаққа қарай жалт берген шана екеуін де домалатып тастап кетті. Әкесі баласының үстін қағып, қолына салып көтеріп алды. «Ал, бауырым, қалай, аунап тұрдың ба? Жыламайсың ғой. Жол ұзақ. Әлі талай аударылып түсуіміз кәдік емес. Әзір отыр. Әзір отырсаң қорықпайсың». Үш жасында көрген түстей ғайып болған әкесі туралы есте қалған жалғыз оқиға, жалғыз сөз осы. Аса бір қиналған шақта Еркебұланның құлағына осы сөз саңқылдап естіліп тұратындай. Әке жайлы басқа әңгімелерді Еркебұлан анасынан, ауылдастардан естіді. Әке жайлы әр сөзді тамсана, шөліркей тыңдады. Қалпын құрғатпай жүрек сандығына жия берді. Солар қазір тізбектеліп өтіп жатқан». Жүрек сандығына осылай ой жиғаны арқасында қалыптасса керек мінез-құлқы, ар-намысы, ұлтжандылығы. Ұзақ жолдағы қиындыққа алдын-ала дайын болудың астарындағы психологиялық иірім басқа шығармаларына да тән. Ұзақсонар баяндау жоқ, қысқа-нұсқа, нақты суретке сыйғызады идеясын. Жазушының «Сиырлы ауылдың сұрмергені» деген әңгімесінен іздейік дәлелді. Көзін ашар-ашпаста анадан жетім қалып, уызында жарымаған жартыкеш тірліктен өмірі ажырамаған көріксіз Айжан неліктен көрікті көрініп, жағымды әсер қалдырады? Жасынан жалтақ, тесіккөңіл, кім не айтса да алға түсе жөнелетін,  келіншекті ап-анық елестетесіз. Аңғал да адал. Ешкімді титтей ренжіткісі келмейді. Жеке жағдайынан гөрі басқалардың мүддесін жоғары қояды. Қатарынан кем емес, институт бітіріп, шеткерінің шеткеріндегісі ауданның емге қалған екі колхозының біріне мұғалім боп келіп, пәтер жалдап тұрды. «Қарқарадай дипломы бар қыздар бұл өңірде жігіттерді маңдайдан қарбызша шертіп таңдағанда, бұл жаңадан асыл тұқымды бұқа өсіретін совхоз боп қайта құрылған «Ашыбұлақтың» түрік ерін, бұзау мінезді ветврач баласына шыға салды». Өзі өнерден де құралақан емес. Осыны естіген парторг міне, алдында тұр. Сөйтсе совхоз намысын қорғайтын тірі пенде таппай жаны мұрнының ұшында, облыстық жарысқа қыз ба, келіншек пе, әйтеуір біреу керек көрінеді. «Естуімше, қарғам, құралайдың қарашығын көздемесең де… Айжан бәлсінген жоқ, «барамын», – деді қай желік жетектегенін өзі де білмей. Бір рет қана ауыл азаматтары дыбыссыз мылтықпен тигізе алмай бөрідей шуласқанда, бір атқаннан бөтелкені ортасынан қақ бөлгені болмаса, мылтық ұстап көрмеген. Алғысын жаудырған парторгты «құдды бала» сияқты деп, ауыз үйдегі керегедегі тірелген жәшіктерді сыртқа шығара бастайды. Кәрі әже «таста, кәне!» – деп шар етеді. Жалғыз жалбырақ, Айжан, аңғал балам-ау, сенің жәшіктерді аударыстырып-төңкерістіріп, қана тас ойнайтын кезің бар ма қазір… Жаратқан аллам қол-аяғыңа қуат берсік, жалбырағым…

Айжан тұрған жерінде қаққан қазықтай сілейді де қалды. Әлгінде ғана Әбдіғазы парткомға берген уәдесі ойға сап етті. Енді не істемек? Кеше ғана Ақлима дәрігер «айы-күнің өзің межелегеннен ертерек келіп тұр, допша домалағаныңды қой» демеп пе еді. Парторгтың соңынан қуа жөнелгісі кеп, қайта оралды. – Мына Әбдіғазы аға да әпенде адам екен ғой, шеңбірек атып тұрған кісіні неге байқамайды,– деп кіжінді бір уақыт».                     Жеңіл юморға тұнған әңгіменің композициялық құрылымы тастүйін. Ауыл тірлігінің шынайы көріністері, әр кейіпкердің өзіне лайық мінезі, әрекеті оқырман көкейіне қона кетеді. Былайғылар басынып дағдыланған елеусіздеу жүрер жанның ішкі болмысын шеберлікпен көрсеткен. Әйел әлемінің көбіміз ескере бермейтін сырын ашқан дер едім. Біз суреттейтін қыз-келіншектерге мүлдем ұқсамайды, жағымды, жағымсыз, сұлу, сұрықсыз, ақылды, ақылсыз деп жіктемейді. Жан тазалығының, рухтың өзгеше үлгісін ұсынып, өршілдіктің, намыстың, күш-қайраттың қарапайым адамның құдіретін асқақтатады. Жазушының Айжан Иманбаевасы әдебиет галереясының әйелдер образының ең үздік қатарында тұруға әбден лайық. Сын -сәттегі шиыршық атар тұсын тебіренбей оқу мүмкін емес. Ерліктің осындай қас-қағымда туатынын автор әсірелемей жеткізеді. Мұнда ерлік, өжеттік деген сөздер мүлдем кездеспейді, қолпаштау, мадақтау, арзан патетиканың ізі де жоқ. Тыңдаңызшы: «Үшінші нысанаға келгенде, қалқандай құлақшынымен құлақты бастырды да тастады. Дүние тып-тыныш болды да қалды. Екі адам ортаға шығады. Біреуі милицияның құлақтың жарғағын  жаратын қол кернейімен айдалаға бұйрықты жаудырады.

– Тарелка жетпіс үшінші позициядан… орташа екпінмен. Ал кеттік…

Барс-барс ете қалады. Көк ала түтін айыққанда екеудің бірі қайта қатарға келеді де, сапта тұрғанның бірі тұла бойын түгел телефон баумен матастырып алған саңқылдақтың жанына барып, мылтықты көкке кезеп, бір қырынан тұрады. Айжан бастапқыда мергендердің нені көздеп жатқанын ажырата алмай дал болды. Көбіне білмегенін бала жастан оймен болжап үйренген келіншек үш кезектен кейін мән-мағынаға қанықты. Қол кернейден шыққан бұйрық бойынша, табаққа ұқсаған бір пәле қалқып шыға келеді. Жаңағы мылтықты кезеп ұстап тұрған адам қарауылға іліктірдім-ау дегенге шүріппені басып қалады. Айжанның түсінбегені – біреулер үш атқан соң қайтып жатыр, енді біреулерге келгенде цирк ойынындағыдай табақшалар түйдек-түйдегімен өтеді.

Кезек Айжанға келді. Қанша табақша шыққаны, қалай атқаны белгісіз. Лезде кең дүниені соқыр тұман басты да кетті. Атып жатыр, атып жатыр. Басқалар ататын табақшаны түгел осының үлесіне бергендей күй кешті. Құлағы қағыс естіді ме, әлде шындық па?!

– Иманбаева… Племсовхоз айды аспанға бір-ақ шығарды. Басқасын түсінейік, ұшатын тарелканы қайда жүріп меңгерген…

Әлгіндегі жеті қат жер түбінен естілгендей сөз бірте-бірте күшіне келді. Соқыр тұман да жоқ. Тек аспанның батыс жиегіне қара сұр бұлт қадала қалыпты.

– Тәте. Талайды есінен тандырдыңыз  Енді ең соңғы жалқы нысана қалды. Шыдаңыз, – дейді әлгі жібек мінез ақсұр жігіт. «Шыдаңызы» қалай бұл баланың. Айжан байыбына бара алмады. «Ең оңай… жалғыз нысана». Осыны күбірлеп, осыны ұстап қалды. Не де болса құтылғанша асық.

Соңғы позиция, соңғы нысана шым-шытырық түстің теңізінде жүзіп жүрген Айжанды оятып жіберді. Бес оқпен етпеттеп жатып ату. Басқаға оңайы рас, Айжанның қос жауырынының арасынан тер бұрқ ете қалды. Шеңбірек айналған қарынмен етпеттей ату қолдан келмес. Көз тастап туған бауырдай боп қалған ақсұр жігітті іздеп еді, таба алмады. Аты-жөнін де білмейді екен. Атуды басқарып тұрған маңдайының қыртысы қалың, кірпі шаш, өзі де тікірейген бозбала Айжанның естілер-естілмес сыбырындағы «Аяғым ауыр еді, інім, тік тұрып-ақ ата берейін», – дегенін құлаққа ілмеді.

– Апа, қызық адам екенсіз. Жатып атқан, тікеден тұрып атқаннан он есе жеңіл. Болды, мазамды алмаңыз, – деп шорт кесті үшінші рет қиылып сұрағанда. Айжан да бірбеткейлігіне басты: «Жаратқан ием, өзің жар бол», – деп бірнеше қайтара өзін жанып-жанып алды да:

– Кәне, кезегіңді берші маған! – деп қаперінде түк те жоқ, атуға енді оқталған оқушы қыздың қолынан мылтықты жұлып алды.

Тоқымдай кенеп төсенішті сыпырып, лақтырып тастады. Жүзі әлем-тапырық болса керек, шашының бір талы тікірейген, ежірек көзің де «кезегіңізді күтіңізші» деп айтуға батылдық жинай алмай қалды. Айжан қас жауының қақ маңдайынан тигізгісі келгендей демін ішіне тартып, ұзақ көздеді. Мылтық тарс еткенде, аспанның бір шекесі қақ жарылып найзағай ойнады да, келесі кезенгенше ақ нөсер төкті де кетті. Жұрт тым-тырақай. Өкпесі кеудесіне кептелген Айжан сүйретіліп зорға көтерілді. Ақ нөсерге кеудесін тосып, сілейіп тұр. Аспанның селіне қуаныш пен қамығу қысқан көз жасының селі қосылып кетті».

Шығармашылығының қомақты бөлігін құрайтын шағын әңгімелерінің біреуін ғана талдап ұсынып отырмын. Бұдан басқа «Жүйке жонған түн», «Ескере жүрер наз деп біл», «Танкімен келген Тарғапбай», «Форостағы тың игеруші», «Филармония, қобызшы қызға», «Бір тарының қауызы», «Электрик» және басқа да дүниелерін кезінде Әбділда Тәжібаев жоғары бағалаған. «Мен Сейдахметтің үлкен мәдениет үстінен көрінген кейіпкеріне де, оларды өз сүйіктісіндей суреттеген жазушыға да ырза болдым, – деп жазды ол 1991 жылы. – Оның әр шығармасында ішкі сезіміңді қозғаған күш бар. Әлеуметтік өмірді көркем қамтыған шығармалары әдебиеттегі өз өрнегін танытады».

Өз өрнегін танытқан және бір қыры – Шыңғыс Айтматов, Шоқыр Бөлтекұлы, Октябрь Жарылғапов, Мұртазаев, Әлімқұлов, Жамбылов және т.б. туралы жазған мақалаларынан да анық байқалады. Бәріміздің мерейімізді өсірген Шыңғыс Айтматовпен достығын бүкіл халық біледі. Осыған орай жарық көрген естеліктерінің өміршеңдігін уақыт әлдеқашан дәлелдеген. Десек те, бұл саладағы қолтаңбасының да әріптестеріне ұқсамайтынын айтқым келеді. Мәселен, «Кайнозой аршылып жатыр» деген әңгімесінде Шерхан Мұртазаның қадір, қасиетін жан-жақты ашқаны қайран қалдырды. Қанша мағлұмат, дерекке қанығып, тұшымды көркем шығарма оқығандай әсерге бөленесің. «Бір парақ өмірбаянның бір жолында телегей-теңіз әлем жатыр» деп жазғанындай, қып-қысқа әңгімеге соншалықты мол мәлімет, тағылым сыйғызған. 1958 жылы кіші лейтенанттар Бердіқұлов, Мұртазаевтардың соғыстың көк түтініне қақалған Мысырға аттануға бел буғаны жөнінде ұқазсонар жазуға болар еді. Әріптес досының бейнесін «Халық қалаулысының бет-жүзінен бірдеме барлау қиын, тек бірлі-екілі қастың тік керілгені болмаса» деп қалай дәл жеткізеді. Иә, екеуі тағдырлас, сырлас достар. Екеуі де өз сөзімен айтсақ «ғұмыр бойы адам баласының аңдысын аңдып, ішкі дүниесіне бойлап әдеттенді».

«Балалығын сұм соғысқа тонатқан, одан да бұрын ел аман, жұрт тыныш аталатын кезде шаңырағынан жай түскен, көзін тырнап ашысымен тағдыр тақымына қыл бұрау салған соры сопақ астаудай жетімектің қалай күн кешкені маған артығымен аян. Біз сорлының да маңдайына жазылған жазу айны қатесіз осы еді», – дейді замандасына қарата.

Талдау мен зерттеудің, дерек пен дәйектің көркем үйлесімі Бердіқұлов қолтаңбасының басты сипаты. Өзі ескерткен «біздегі бір сылтау – езбелік, сылбыраған сылаң сөз, форма мен мазмұнның жуалдызбен көктегендей ерсілігін» қаламына жолатпайды. Повесть, әңгіме, естелік, публицистикасы ма, ең алдымен көркемдігімен баурайды. Жанрлық түрі әрқилы болғанымен, бәрін ортастыратын – жинақылық және танымдық маңызы. Тәрбиелік мәні де басым.

Қазақстанның тұңғыш боксшысы, тұңғыш тренері, екі жүз дүркін рингке шығып, оның жүз сексен бесінде жеңген атақты Шоқыр Бөлтекұлы туралы жазғанын өз басым мақала атаулының классикалық үлгісі ретінде бағалаймын. Әрі суретші, әрі ауыз әдебиетін жақсы білетін мұндай спортшылар бұ күнде кездесер ме екен… Бұл ғана емес, осындай біраз дүниелерін жыл сайын мерзімдік басылым беттерінде жариялап тұру қажет деп санаймын. Өйткені, Бердіқұловтың туындылары тұтастай ғасыр шежіресі, тарихи оқиғалардың басы, қасындағы көрнекті тұлғалар, жақсы, жайсаңдар, аңызға айналған алыптар.                                                               Міне, осы тұстан Сейдахмет Бердіқұловтың қазақтың жазып-сызуына қосқан үлес салмағы әлдеқайда арта түседі. Спорт тақырыбының бұрын-соңды түсімізге де енбеген таңғажайыбы кең даламызды шарлап, дүниежүзінің дүбірлі панорамасымен астасып кетеді. Әмен Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Октябрь Жарылғапов, Қанат Байшолақов, Тимур Сегізбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, басқа да жігіттеріміздің планеталық додаларда жан алысып, жан беріскендей ұлы сәттерін тебіреніспен жеткізеді. Пеле, Эйсебио, Факетти, Мюллер, Круифф, Шен, Ривеклико, Яшин,Хурцилава, Чарльтон, Мур, Сұлтан Рахманов, Шәміл Серіков сынды танымал тұлғалардың былайғыларға беймәлім талай құпиясына молынан қанығасыз.

1980 жылы Москвада өткен XXII жазғы олимпиадалық ойындарға арналған «Қас қағым… мәңгілік», «Лондон және Мехико» атты дүниелері том-том романға бергісіз. Туған ұлтының мерейін бәрінен биік қоятыны, қазақты кез-келген мықты ағылшын, испан, француз, итальян, американдықпен иықтастыра көрсетіп, қазақты әлеммен, әлемді қазақпен мақтанышпен табыстырады. «Үзеңгі қағыс, тізгін тартар» деп тарау-тарауға бөлетіні қандай тапқырлық. Теңеулері неткен бейнелі. Сүйікті қызының қолына қолы тигендер күнді ұстағандай хал кешсе, жеңіс тұғырына жеткендер төрткүл дүние алдында өз елін, өз мемлекетін көтеріп бара жатады. Кездесуі, сапары, тіпті ресми жиналысына шейін ал қара көк, кімді, нені нысаналаса да нақышына келтіре суреттейді. Спортты жырлап игеруі жайлы Серік Әбдірайымов, Несіп Жүсіпбаевтан артық айта алмаймын. Журналистикаға енгізген жаңалығын Қуанышбай Құрманғали, Кәдірбек Сегізбай, Жақау Дәуренбек, Жанат Елшібек, Ырым Кененбай, Бауыржан Омарұлы, Нұрлытай Үркімбаева және басқа да атақты әріптестерімнен артық айта алмаймын. Оның 1986 жылы Желтоқсанға байланысты ерлігі, жалпы азаматтық позициясы өзалдына бөлек әңгіме. Ішкі сарайының байлығы, салт-дәстүрімізді, сұлулықты бағалайтыны білімділігімен, ой өресінің жоғарылығымен үндесіп, қаламгерлік келбетін шырайландырып тұр. «Ол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Нар тәуекел», «Егеулі найза», «Тұйғын», «Қанат» повестері, «Құс жолы», «Миллионер өкінген түн» эсселері жөнінде ұзақ толғауға болар еді.                    Тұтастай шығармашылық жолынан Сейдахмет Бердіқұлов болмыс-бітімінің нақты айқындалар тұсына ғана тоқталдық. Дәл сол жылдары әлемді Сейдахмет ағамыздай шарлаған жерлесіміз болды ма екен! Шаршы топтың арасынан өзіндік қана кескінімен оқшау көрінетін. Бүгежектемей, билікке иіліп, бүгілмей, асқақ қалпында өтті өмірден. Кейіпкерлері қандай өршіл, ержүрек болса, өзі де сондай еді. Шығармаларынан арқа шымырлатар үзінділер аралады ойға, мәселен,«Бұлттың арғы бетінен жалдары кейде күннің өзін көлегейлеп шыға келген қос тұлпардың аспан әлемінен жерге қарай ұшырылған космос секілді Тұйғынды» түсінде таңғалдыруы әр қазақтың қанын қыздыратыны рас. Жылқы баласының жалына жармаспай өтем бе деп күйінген ұлына Тұйғын: «Сенің далаңнан-желден жүйрік жануарларды құдайыңның өзі де құртып жібере алмайды. Әлі-ақ тұяқтан тараған шаңы көкпен таласқан бәйгенің не түрін көресің» дейді. Ал, соның алдында автор қалай-қалай көсіледі: «Көкжиекке барып бір-ақ тірелген оқтаудай жазықта қаптаған жылқы. Аласы, құласы, ақ сандал, көк сандал, жабы да, арғымақ та осында. Қолтығында қанаты бар тұлпарлар аспанға шапшып, күнді көлегейлейді. Қозы-көш жерден бұрқ ете қалған шаңның үлкен бір бәйгенің басталғанын Тұйғынның бала кезден қиқуды жаттаған көзі мен сезімі табан аудармай таныды.

– О, халайық, бұл бәйгенің серті мен тәртібі бөтен. Ат қосып үлгермегендер қапы қалмасын. Бірінші бекетке шейін жүйріктеріңізді қоса бересіздер. Қырық күн шабысқа оның келтірер шегі жоқ, – деген жаршы даусы саңқылдады. Қараса, қасындағылар үдере шауып барады. Өрттей қаулаған топтың шаңына көміліп велосипедтің рулінен ұстап бір уыс боп Тұйғын қалып бара жатты».

Теңеуді ұтымды қолданып, тілдің көбіміз меңгере қоймаған интуивтік ұлттық астарын ешкімге ұқсамайтын тәсілмен табиғи да қарапайым жеткізеді. Қысқа ғана мысалдар: «Өкпелері киіз үйдің түндігіндей желп-желп еткен мың сан жанкүйер… қарсыластың жаралы құстай бір уыс боп тыпыр-тыпыр ете қалатыны… Мұнартқан көзге стадиондағылар түгел секіріп тұрған секілді… қаңтардың аш бөрідей жаланып тұрған бір күні…ауылды ойласам болды, алдымен қариялар өтеді көз алдымнан. Біреуге мейірім төксем де қарияларға ұқсағым келеді… көк жүзінде жалба-жұлба бұлттар жөңкіледі. Көңіл де сондай… Таңның алтын арайы жылдар табы күреңіткен тастарға күн сайын жұқалтаң алтын жалатып өтеді… Құйын шыбын боп ұшып келем. Жаңғыға жан бітіп кеткен тәрізді. Шу асаудай беталды жұлқа тартады… Адамның мінезін бұ қазақ атқа мінісінен таниды… Қат-қабат, қатпар тәкаппар тауға жүгіріп жетемін деп қуа-қуа өкпесі өшіп отырып қалған сопақша дөң…». Баяндауы ма, диалогы ма, толғанысы ма, міне, осындай дайын сурет. Қимыл, қозғалысқа, көрініске бай шығармалары киноға сұранғандай, қандай тақырып, мәселені қозғаса да кульминациялық сәтін ғана ұсынып, оқырманын титтей жалықтырмайды. Қысқа-нұсқа көркем жазудың нағыз шебері!                                      Ұлт болашағына алаңдау, намысты қайрау, имандылықтан, әділдіктен айнымау, салт-дәстүрді сақтау сияқты өнеге мектебінен өткізді ол жүздеген шәкірттерін. Зиялы қауым өкілінің қандай болу керектігін әрекетімен, тірлік тынысымен, тіпті киіну, сөйлеу мәнерімен-ақ байқататын. Қай мәселеде де қатарластарынан оқ бойы озық тұрды. Әдемі өмір сүрді, берекелі, ырысты,бай, дәулетті болды. Айдай сұлу жар сүйді, сын сәтте махаббатына адалдық танытты, бұл да аса сирек ұшырасатын қасиет. Үлгілі ұл, қыз өсіріп тәрбиеледі. Дүниежүзінің төрт бұрышын армансыз шарлады, бармаған жері, баспаған тауы, араласпаған елі жоқ. Аңызға айналған адамдармен қоянқолтық қатар жүріп, сұхбаттасты, тарихи оқиғалардың куәгері болды. Өзіне дейін еш қазақ із салмаған тақырыпты қопара жазды. Қазақтың зар, мұңын да ұмытпады, ардақтыларын асыра әспеттеді.

Түсі игіні, жақсы, жайсаңды магниттей тартып, төңірегіне кіл өңкей қадірлілерді топтастыратын. Біз білген кезде бұ кісіні іздеп келмейтін әнші, биші, күйші, ақын, жазушы болмайтын. Кейін көрнекті, данышпан аталғанның бәрі «Лениншіл жас» редакциясына соғып, бас редактор Бердіқұловтың кабинетінде сағаттап отыратын.

Сан салалы қызметін, шығармашылығын толық қамту мүмкін емес. Шүкір, есімі ел есінде. Десек те, Сейдахмет Бердіқұлов атын зәулім стадиондар, түрлі спорт командалары иемденіп, лайықты ескерткіш орнатылуы тиіс. Арнайы аллея ашып (мәселен, Алматыдағы орталық стадион маңынан немесе Астана қаласының  кез-келген көрнекті жерінен), өзі және кейіпкерлерінің мүсіндерін қойса, бұл ұлтымыздың мерейін асырар еді. Әр-берден соң ЭКСПО  көрмесінен  орын алуға тиісті еді мұндай үлгілер, қазақтың мықтыларын жаһанға танытудың бір жолы ғой бұл. Жаңалық, жақсылық атаулыға құшағын жайған жазушы мен жоғарыда аттары аталған «Шостаковичтің қаһармандық симфониясында дирижерлік еткен Мраавинский секілді елтіп отырар» боксшы, суретші Шоқыр Бөлтекұлы, құстай ұшқан желаяқтар Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, қазақ волейболының туын желбіреткен Октябрь Жарылғапов, рингтің билеп-төстеушісі Әбдісалан Нұрмаханов, велосипедші Олег Түсімханов, қазақ жастары арасынан тұңғыш әлем чемпионы, автордың жазғанындай «күрес секілді кеспелтектеу көрінетін өнердің кілемде өрнек салатын сирек тұлғасы», олимпиада чемпионы Шәміл Серіков сынды ұлт мақтаныштарын бір ендікке топтастырып, ескерткіш –ансамбль жасауды тезірек қолға алу қажет.

Бізде сөз көп те, іс аз, өнер-өміріміз  тұтасымен арзан, мән-мағынасыз эстрадалық сипат иемденіп үлгерді. Басылым, теледидар атаулыда жаппай насихатталатын дарынсыз орындаушылардан гөрі әйгілі спорт саңлақтарын, соларға ғұмырын арнаған Сейдахмет Бердіқұлов сынды тұлғаларды қалай  дәріптесек те артық емес. Мұндай шаралар жүйелі түрде тұрақты жалғасуы қажет. Жастарға патриоттық тәрбие берудің, имандылыққа, әділдікке, әсемдікке баулудың таптырмас бір амалын көрнекті қаламгерлер шығармашылығынан іздеп табудың мүмкіндіктері көп. Осы тұрғыдан да, басқа қырынан алсақ та, Сейдахмет Бердіқұлов іс-әрекеті, қолтаңбасы, сөзінің тербелісі келешекте салтанат құра беретіні анық.

Редакторлықтың арғы-бергі тарихымызда жоқ мектебін қалдырған Бердіқұловтың шәкірті болғанымыз неткен бақыт десеңізші! Қасында өткерген он бір жылда кіммен қатар жүргенімізге де мән бермеппін. Жас тілшілердің өтініші бойынша жіберген қателіктерім жайында тиіп-қашып  жаздым да. Бастықтың бәрі осындай екен деп, бертінге шейін қанша құлап-сүрінгенім өзіме ғана мәлім. Кейінгі журналистерге, бас редакторларға Сейдахмет ағаның қадір-қасиеті жұғысты болса ғой, шіркін! Қарамағында он жылдан астам қызмет еткенде, Сейдахмет Бердіқұловтың болмысын түсініп, бағаладым деп айта алмаймын. Шыны керек, көп жағдайда ой, пікіріміз бір жерден шыға қоймайтын, кейде сөзге де келіп қалатынбыз. Албырт жастық, әлде тәжірибесіздік пе, кез-келген мәселеде ешкімнің көңіліне қарамай, редакцияға келген қонақ па, лауазымы биік пе, титтей мән берместен, іштегі толқынысты со күйінде лақ еткізетін дарақылығымды ұдайы жуып-шайып,   тәрбиелегенін енді ғана ұққандаймын. О кісі де, мен де бір-бірімізге тура қарап, шындықты ғана айтатынбыз. Алдында мәймөңкелейтіндер де кездесетін. «Аға, арнайы  келіп, алтын уақытыңызды алып, бір сағат мақтаса, сөзін үзбей сонша уақыт жалықпай тыңдайсыз, өзіңізді өтірік мақтайтындарды қалайша жақсы көресіз» дегенімде, «жұрттың бәрі сендей болсын дейсің бе» деп басын шайқайтын. Өзіме деген сенімін сезінгендіктенбе, күн сайын таңертең өтетін летучкада әріптестерімнің жазғандарын  жөн-жосықсыз сынап, «что за бездарщина… осындай да топастық болады екен-ау» деп, тым артық кетіп жүрдім. Амалдары  таусылған қайсыбірі  жалынышпен «Құдай үшін енді масқараламашы өйтіп, атамашы  мені…» деп, түскі үзілісте жиі-жиі кафе, ресторанға апаратын. Бас редактордың ілтипатын басыбайлы иемденгенім сонша, түріме қарамай  өзгелерге асқақтай, менсінбей көз тастап, тәккаппарлық таныта бастасам керек. Сондай сәттері маған үрейлене әрі жанашырлықпен қараған Жарылқап Бейсенбайұлының: «Сен шынымен ауруға ұшырадың… Мағира, у тебя мания  величия… емдел тезірек» дегені есімде. Не істеп, не қойсам да, бетімнен қақпай қатарда ұстағанына, емін-еркін жібергеніне күні бүгінге шейін таңғаламын. Көңіл күйім болмаса, не жиналыста әлдекімдердің сөзі ұзаққа созылып, мезі қылса, не бірінің пікірін қалғандары қайталай берсе, орындығымды теріс айналдырып отыратынмын. Киген киіміме шейін, неге екенін өзім де білмеймін, сыртқы ортаға қарсылық, ешкімге бағынбаймын деген өзімшілдік пе, көпшілікке сүйкімсіз көрініп, талайдың ашу-ызасын туғызатынымды байқайтынмын. Сондай өрескел қылығымның біріне ескерту жасаған емес, түрлі металл сымды мойыныма тағып, жыртық джинс шалбар, қып-қысқа юбка кием бе, шашты жалбыратып жіберем бе, қабағын шытпайтын. Қырсық,қыңыр қалпымда қабылдай білді. Тек бірде, мүлдем шектен шықсам керек, кабинетіне шақырып: «Ты не разлагай мой коллектив… не афишируй свою независимость… твое поведение мне слишком дорого обходится… еркін жүре бер, мейлі, жұмысқа кешігесің бе,  қашан келесің… не істесең де өзің біл, бірақ мұныңды былайғыларға  білдірмей тыныш жүруіңді өтінемін… бәрі сендей болғысы келеді, бұл мүмкін емес қой, тәртіп керек, сен түсін…» деп ақылын  айтты. Соған  қарамастан, қызметтес жігіттердің арасында абыройымды асыра: «Мен бұл қызды оныңа, жиырмаңа айырбастамаймын!» дейтін. Сағымды сындырмай шығармашылық жолымның айқындалуына мүмкіндіктуғызғанын жылдар өте келе әрең мойындадым. Басшы, азамат ретінде сирек ұшырасар қасиетін күнделікті тірлік-тынысынан аңғаратынбыз.

Сүйген жарына ықыласы ерекше болғанын бәрі біледі, ұзақ жылдар сырқаттанған Күлтәй тәтемізді аялап өтті. Есіме түсіп отыр, қабылдау бөлмесіндегі айнаға қарап, галстугын түзей: «Ауырған адамға қиын ғой, тәтеңе сәнденіп үйден шығып бара жатқанымды көрсеткім келмейді» деп, кабинетіне бұрылды. Елеусіздеу айтылған сөзі кәдімгідей әсер етіп, қай жерде өзіңді қалай ұстау керектігі жөнінде ойланып қалдым. Қас-қабағымен, ишарамен көп жәйтті аңғартып, әдет-ғұрпымыздың астарындағы өлшеусіз байлыққа назарымызды аудартатын, «тырнағын да қазақтар айдалаға барып, бір-біріне көрсетпей алатын…» дегендей ұсақ-түйек сөздеріне шейін ізгілікке жетелейтін. Басқаларды қайдам, өзім бұ кісініңназарын, ниетін қандай  алқалы топ, жиынның ортасынан, қалың нөпір арасынан да түйсіне алатынмын. Қазір зерделесем, Сейдахмет ағаның бір сәтте жүздеген, мыңдаған жанды уысында ұстап бақылайтындай ерекшелігі болған сыңайлы, бәлкім, бойындағы тылсым қуаты бағаланбаған да шығар. Пәлен жыл  қасында жүргенде, жасаған шексіз қамқорлығына жауап та қатпаппын, қандай парықсыз едім. Әттең…

Талай рет күрделі тапсырмалар беріп, халықтың арыз, шағымын тексертті. «Түк тәжірибесі жоқ, шөпжелке қызға қалай сенесіз, партия мен үкіметтің тапсырмасына жауапсыз қарағандарыңыз үшін арыздың көшірмесін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне жібердік» деген хаттар кейде редакцияға өзімнен бұрын жететін. Жазған-сызғаныма қолын батырмайтын, со күйінде қол қоятын. Жарияланбаған жалғыз мақалам «Жөні осы екен деп…» аталады ғой деймін. Көкшетау өңірінде жаппай жабыла бастаған қазақ мектептері жөнінде жазғанмын. «Біз мұны былай істейік, – деді  ойланып, – мәселені әлі де тереңдетіп, обкомның  бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің атына хат жазайық. Бәлкім сонда нақтылы нәтижеге  жетерміз». Со жолғы ұсынысының қолтаңбасы сақталыпты сарғайған қағаз сыртында. Кейін сол хат бойынша жан-жақты тексеріс жүргізілді, хатшы тарапынан жанашырлық қолдау көрсетілгенімен, жергілікті қазақ тұрғындары, яғни өз жерлестерімнің «балаларымызды орысша оқытамыз, жабылсын қазақ мектептері…» деген пиғылының алапат күйреуге ұласқаны өз алдына өкінішті әңгіме.

Жақсы-жайсаңмен қарым-қатынасы қандай еді, шіркін! Әлемдік, одақтық деңгейдегіерен тұлғаларды бірден магниттей тартып, әсіресе Шыңғыс Айтматовпен достығына қызықпайтын жан жоқ-ты. Алматыға, Қазақстанға жолы түскен атақты өнер шеберлері ме, сахна саңлақтары, спорт дүлдүлдері ме, қалайда солармен журналистерді қауыштырмай тыным таппайтын. Сейдахмет ағаның арқасында кімдермен ғана кездеспедік десеңізші біз. Мәскеудің Үлкен театры,  Вахтангов , Таганка , т.б. театр өкілдерінің талайы редакция төрінде отырды. Газет беделінің арқасында небір алыптармен тілдесудің сәті түсті.

Спорт тақырыбында жасаған төңкерісін талдауға өрем жете қоймас, өз қолтаңбама қатысты ықпалын сөз етіп отырмын. Газет бетінде жарық көрген  сәтті материалдарымызға керемет қуанатын, тіпті  алдын-ала қолжазба  күйінде оқып, сүйінші сұрайтын. Диспут, пікірталас  ұйымдастырудың түрлі  амал, тәсілін, тақырып қоюдың, идея ұсынудың  шебері еді. Кез-келген  материалға асқан жауапкершілікпен қарайтын. Соның бір дәлелі ретінде қағаздарымның  арасынан  шыққан мына бір қолтаңбасын ұсынып  отырмын:

Дайындап ұсынған материалдарыма аракідік осындай пікір, ескертулерін  жазып, кейін жүзеге асуын қадағалайтын.

Кеудесі тұнған қазына екен-ау, қазір байыптасақ. Ұлттық салт-сана, дәстүріміздің  жанашыры,рухани қазынамыздың жоқтаушы ретінде жасаған әрекетін со жылдарғы газет тігінділерінен анықтап, диплом жұмыстарын, кандидаттық диссертация, ғылыми талдаулар  жасауға  болады.

qazaquni.kz

 





Пікір жазылмаған

Пікір жазу
Әлі ешкім пікір жазған жоқ! Бірінші болып пікір жазыңыз!

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*