Депутаттың ұлы қарапайым шаруаларды тақырға отырғызып кетті

Шығыс Қазақстан облысында қырыққа жуық шаруа қожалығы жабылуы мүмкін. Өйткені, Абай аудандық мәслихаты хатшысының ұлы, «Шыңғыстау»  корпорациясының бұрынғы директоры Еркебұлан Арна жұрттың төлеген несиесінің 28 миллион  теңгесін жеп қойған деп хабарлайды КТК арнасы.

ШҚО-да депутаттың ұлы қарапайым шаруаларды тақырға отырғыздыАбай ауданындағы 36 шаруа қожалығы бірігіп, «Шыңғыстау» корпорациясы арқылы «Қазагродан» несие алған. Тәртіп бойынша қарызды шаруалар корпорацияға, ондағылар үкіметке төлеуі керек екен. Уақытылы өтеп келген қожалық иелері, ақыр аяғы қу таяғын ұстап қалды. Себебі, «Шыңғыстау» корпорациясының басшысы – жергілікті дөкейдің ұлы төленген ақшаның 28 миллион теңгесін жоқ қылған.

Қожалық иелері тақырға отырдық деп сары уайымға салынған. Яғни, қолдарында төлем түбіртектері бола тұра, кепілдікке қойылған заттарынан айырылуға мәжбүр. Қазір тіпті жалақы мен зейнетақы жинақтары да түгелдей бұғатталып тұр.

Кезінде білдей бір аудан әкімінің орынбасары болып тұрғанда Ерлан Лдибаев ұлын «Шыңғыстау»  корпорациясына директор етіп сайлау үшін қожалықтардан қол жинаған екен. Енді тақырға отырған қараша халық Лдибаевтан сол сенімді ақтамағаны үшін жауап алуға, оны жұмыс уақытында орнынан таппай жүр.

Лдибаев – қазір аудандық мәслихат хатшысы. Оның ұлы Еркебұлан Арна өткен жылдың мамыр айында қамауға алынған. Бірақ шаруа қожайындары сот ісі сиырқұйымшақтанып кетті деп наразы.

"Бәріне арыз жаздық. Істі қаратпай отыр. Барлығын жауып тастауда. Қысқасы, шоқпары мықты болса, киіз қазық жерге барадының кебін кидік. Өзі істеп отыр. Сотың да, прокурорың да қарамайды. Біз білмейміз дейді", - деп ағынан жарылды Қарауыл ауылының тұрғыны Тыныштыбала Омарова.