Дінтанушы: Сәләфиттер билікке таласса, таң қалмайық...

Сирияда оқып жатқан қазақ студенттерін елге қайтаруды тездету керек, деп есептейді шымкенттік дінтанушы, «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Бақадыр. Бұл туралы 365info.kz хабарлайды.

Абдулла Бақадыр

Оның айтуынша, еліміздегі барлық құрылымдарды салафизм жайлауда. Олардың басым бөлігі билікте, басшылық қызметте екен.

Дәл қазір салафизмді саяси күшке айналдырғыштардың ойыны қызуда, дейді дінтанушы.

Бір ай бұрын Парламент мәжілісінде сөз алған еліміздің бас прокуроры Жақып Асановтың Сирия мен басқа Араб елдерінде оқып жатқан студенттерді елге қайтару туралы әңгімесін естідім. Бұл ұсынысты тез арада қолға алмасақ, кейін тым кеш болады. Еліміздегі радикалды діни тармақтардың белең алуы мен белсенді жұмыс істеп жатқанына сол уағызшылар себеп. Олар шетелде отырып, интернет арқылы сананы улайды,

дейді Абдулла Бақадыр.

«Фанатик» болып барасың!

Осыдан үш жыл бұрын Сирияға аттанып кеткен бір азаматтың отбасы ОҚО Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында тұрады. Ашық ақпарат беріп, аты-жөнін айтуға, суретке түсуге қорқатынын айтқан оның туған бауыры осы уақыт ішінде анасы мен қарындасынан да айырылған. Айтуынша, анасының кетуіне әкесі қарсы шыққан екен. Ал ақ жаулықты ананың бар ойы – балаларын үйге қайтару болған.

— Мен не айтайын? Анығын өзіміз де түсінбей қалдық.

Туған інім бірнеше жыл бұрын мешітке барғыштап кетті. Ол кезде 19 жаста, тым жас еді.

Бірде оған «сен фанатик болып барасың» дедім. Естімеген болып жүрді. Кейін асығып үйге келді де, киімін жинап, «Сирияға кеттім, оқимын»деді . Содан бері жоқ болды. Кейін қарындасымды интернетпен сөйлесіп, шақырып алды. Біз оның қалай қашып кеткенін де білмей қалдық. Артынан анам кетті. Ол «балаларымды қайтарамын», деді. Қанша жыл жылап, олардың не өлі, не тірі екенін білмеген соң, сөз айта алмадым,

деді Сирияға аттанған жігіттің бауыры.

Қазір ол әкесімен бірге тұрады. Осы уақыт ішінде үйленіп, өзі де әке атанған. Ал бауырлары мен анасынан хабар әлі күнге жоқ. Тиісті органдардың өкілдері сан рет келіп, жауап алғанын айтады Қарабұлақ ауылының тұрғыны.

«Мешітке баруды қойдым. Салафиттер қаптап кеткен»

«Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Бақадырдың айтуынша, әлемде жиһадқа үндейтін уағызшылар мен сайттар қаптап кеткен. Соқыр сенімнің жетегінде кеткен жастар, соғысқа аттанып жатыр.

Қазақты дінінен, дәстүрінен адастырғандар Құран аяттары мен хадистерді түсінбей, тура мағынада қабылдайды,

дейді Абдулла Бақадыр. Дінді ақылмен түсінбеуге діттейді.

— Бүгінде өзім мешітке баруды қойдым. Салафиттер қаптап кеткен. Олар құранды мойындайды. Бірақ намазды бітірмей, құран бағыштап, дұға жасамай, елдің үстінен аттап кетіп қалады. Парызды орындап, сүннетті мойындамайды. Имамды тыңдамайды. Ешкімге құлақ аспайды. Нағыз қылмыскер солар болып тұр. Мешіт ашық болған соң, оларға кет демейсің. Құран тек тірілерге керек деп, үлкен қастандыққа барып, әруақтарды ауыздарына алмайды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүріне түкіргені бар. Міне, бұл дегенің нағыз күнә, нағыз қылмыс қой. Бұл мәселенің түбіне үңілсек, нақты мақсат – ұлтты жою. Құрдымға кетіру. Біз арабқа дейін де мұсылман болғанбыз, — дейді дінтанушы.

«Олар әлі билікке таласса, таң қалмайық»

Таза исламды кәпірге теңегендердің нақты санын білу әзірге мүмкін емес, деп есептейді сарапшы. Анығы сол, олардың саны күн өтіп көбейіп келеді.

— Шетелде оқып жатқан жастардың қандай діни білім алып жатқанын ешкім қадағаламайды. Өзіміздегі діни оқу орындары көбіне шеттен келген мамандардың билігінде. Түлектерімен сөйлесіп-ақ олардың теріс дінге бет бұрып, білім алғанын байқайсың. Еліміздегі мешіттердің жайы, тіптен, мүшкіл. Имамдар мен молдалардың 90 пайыз сауатсыз. Құран оқи алса болды. Талайымен сөзге келіп қалғанмын. Сан түрлі сектаға қарсы шыққаныма 15 жыл болды. Менің телеарнадағы бағдарламамды жергілікті билік жауып тастады. Әкімдікке барғанымда: «Көке, сіздің уақыт өтті, оларды билікте қолдап отырғандар көп», деп қайтарды. Міне, жеткен жеріміз осы. Олар әлі билікке таласса, таң қалмайық,

дейді «Нұр-Мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдулла Бақадыр.

Шет мемлекеттерге діни білім алуға кеткен жастардың жағдайы жайлы облыстық прокуратура әзірге мәлімет беруге асықпай отыр. Олар бұл істі өңірдегі дін істері жөніндегі департаментке жүктепті. Ал департамент мәліметіне сүйенсек, Сирияда білім алып жатқан жастардың арасында оңтүстік өңірімізден аттанғандар да бар. Тек олардың нақты саны туралы ақпарат жоқ.

ОҚО дін істері бойынша департамент жетекшісі Батырбек Жалмырзаевтың айуынша, департамент мамандары жекелеген ата-аналарға балаларының шет мемлекеттерде діни білім алуына қатысты түсініктеме жұмыстарын жүргізумен шектеледі.

Еліміздегі діни бағыттағы 9 оқу орнының екеуі оңтүстік өңірінде орналасқан. Оларға соңғы жылдары мемлекет тарапынан қолдау күшейген. Жастарға бөлінетін грант мөлшері артқан.

Департамент жетекшісі дін саласындағы кемшіліктердің жүре келе түзелетінін алға тартты. Ал шетелге діни білім алуға баласын жіберуге алдымен ата-ана қарсы болуы керек, деп есептейді ол.