ҚАРАБАҚТАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒАЛАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде  Әзірбайжан елінен келген жазушылар Шамил Садиг пен Мушфиг Ханның тарихи-документалды детектив жанрында жазылған «Следами надежд» атты кітабының тұсауы кесілді. Шараға философия ғылымдарының докторы, профессор Шамил Садиг, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек,  «Түркі тілдес журналистер қорының» президенті  Нәзия Жоямерген, кітаптың шығуына мұрындық болған Global Carrier Institute  директоры Орхан Хасаноғлы қатысты. Ходжалы қырғыны жайында бұған дейін де талай мақалалар мен кітаптар да жарық көрген болатын. Бірақ бұл кітаптың ерекшелігі - XX ғасырдың 90 жылдарындағы Ұлттық қауіпсіздік министрлігі мұражайы мәліметтері негізінде Қарабақ соғысы кезіндегі армяндардың тұтқынында болған куәгерлердің басынан кешіп, көзімен көрген айғақтар ашық айтылады. Кітаптың арқауына айналған әзірбайжан қызы Айтекиннің қилы тағдыры бейнеленген.  Соғыста алдымен әкесінен, кейінірек анасынан айырылған қаршадай қызды, әжесінің көзінше 3 армян  мен орыс солдаттарының Айтекинге аяусыз зорлық-зомбылық көрсетуі де баяндалады. Бұл кітаптың Алматыда тұсауы кесілуінің өзіндік бірқатар себептері де бар. Біріншіден, түбіміз, тарихымыз, тіліміз бір халықтар болғандықтан алдағы уақытта да өзара рухани байланысты одан әрі дамыту.  Екіншіден, қазіргі кезде түркі дүниесінің жастары бұндай жәйттерден хабарсыз қалып жатқаны жасырын емес. Сол себептен қазіргі жастардың мәселенің мән жайын тереңірек түсінсін деген ниетпен өткізіліп отыр. Шара барысында кітаптың авторы Шамил Садиг өз оқырмандарын табады деген зор сеніммен  журналистика факультетінің басшылығына кітаптың бірнеше нұсқасын табыс етті. Сонымен қатар, факультет деканы Сағатбек Медеубек кітаптың кітапхана төрінен орын алатынын жеткізді. Шара барысында «Түркі тілдес журналистер қорының» басшылығы тарапынан кітаптың қазақ, ағылшын және де түркі тілдеріне аудару туралы ұсыныс айтылды. Оған жауап ретінде Қазақстандағы демеуші Global Carrıer Instıtute басшылығы ұсынысты қолдап, қаржылай көмек  беруге дайын екенін мәлімдеді. Енді аталмыш роман қазақ оқырмандарының да қолына тиеді деген үміттеміз.   Ысқақ САДЫҚОВ Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 4-курс студенті qazaquni.kz