Тәрбиелік мәні зор тағылымды кеш

Бәрімізге белгілі, 12 қаңтар қазақтың әйгілі тұлғасы Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні. Сонымен қатар бұл күнде атақты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа ты, халықаралық Шолохов сыйлығының иегері, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Сәбит Аймұханұлы Досанов қасиетті сан қос жеті – 77-ге, шығармашылық қызметінің 50 жылдығына орай Алматыда шығармашылық кеш өткізді. Кеш шымылдығын әлем­ге әйгілі ақын, қоғам және мем­лекет қайраткері, Қа­зақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов жүрек­жарды сөзімен ашты. Шы­ғармашылық кеште Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, Мем­лекеттік Хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хаттары оқылды. «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың құттықтау хатын партия төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақ үні» га­зетінің президенті, ақын Қазыбек Иса жеткізді. Академик Кенжеғали Сағадиев, Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, жазушы Қойшығұл Жылқышиев, облыстық мәдениет бас­қар­масының бастығы Әбіл Жоламанов, Қостанай облысы әкімінің аппарат жетекшісі Арман Әбенов, Мәскеудегі Тимирязев атын­дағы ауылшаруашылығы академиясының профессоры, академик Серік Тойғамбаев, ҚР Жобалау шылар Акаде­миясының Президенті, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдісағит Тәтіғұлов, Мемлекеттік Қыздар пе­дагогикалық уни­верси­те­тінің ректоры Динар Нү­ке­таеваның, Қостанай облысы, Аманкелді ауда- ны мәслихатының хатшысы Қанат Уәшевтің, ақын Хамитбек Мұсабаевтың, алматылық ұстаз Мәдениет Мәженованың «Мәңгілік Ел», жастар тәрбиесі жайлы сөздері көптің көңілін толқытты. Ақын Мыңбай Рәш «Алпамыс батыр» мен «Манас» жырынан үзін­ділер оқыды. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды ұлылардың дауы­сын айнытпай салып, шы­ғармашылық кештің шырайын келтірді. Ақын Қа­сымхан Бегманов та жырдан шашу шашты. Эстрада жұлдыздары Бақыт Шадае­ва, Жеңіс Ысқақова кешті әнмен әрледі. Бұл «Талант елге қызмет етуі керек» деген оймен түйінделген тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор тамаша кеш болды. qazaquni.kz