Дипломмен ауылға келген дәрігер қызды бес балалы әке аяусыз зорлаған

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының тұрғыны дәрігер қызды соққыға жығып, зорлағаны үшін сотталды. Бұл туралы NUR.KZ порталы diapazon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтөбе облысында дипломмен ауылға келген дәрігер қызды бес балалы әке аяусыз зорлағанӨткен жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы ауылдық амбулаторияда жұмыс істейтін дәрігерді зорлап кеткен болатын. Салдарынан бойжеткен облыстық жедел жәрдем ауруханасына ауыр жағдайда түскен.

25 жастағы дәрігердің аталмыш өңірде "Дипоммен ауылға" бағдарламасымен жұмысқа тұрғанына төрт ай ғана болатын.

Зорлаған, соққыға жыққан, тіпті тісіне дейін сындырып жіберген

"Бойжеткен ата-анасыз өскен, жеті айлық баласы бар. Азғындар оның сау тамтығын қалдырмаған. Оның қандай жарақаттар алғанын айтудың өзі ауыр. Зорлаған, соққыға жыққан, тіпті тісіне дейін сындырып жіберген", - деп күйінген еді дәрігерлер.

Ақ халаттылар бойжеткеннің баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, ауылда жалақы көбірек берілетіндіктен, қуана жұмысқа тұрғанын айтуда. Баласына тәрбиеші жалдап, тыныш ауылда тұрғындарды емдеуге келген ол бүгінде жұмыстан шығып, ауылдан кетіп қалған.

Ол ұйқысынан оянғасын түк болмағандай жұмысына барған

Ауылдық округтың әкімдігі бойжеткеннің жан айқайын көшеде жүрген өзге көршісі естіп қалғанын мәлімдеді. Түнгі сағат бір-екілерде болған бұл жайттан кейін ер адам бірден жедел жәрдем мен полицейлерді шақыртқан. Күдікті таңертең құрықталды. Ол ұйқысынан оянғасын түк болмағандай жұмысына барған.

47 жастағы бес баланың әкесі дәрігер қызды зорлап, соққыға жыққанына кінәлі деп табылып жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Ауыл енді дәрігерсіз қалды

"Ауыл енді дәрігерсіз қалды. Қарт кісілер оның қалуын өтінгенімен, ол бас тартты. Енді ауылға қажет дәрігерді қайдан табатынымызды білмейміз", - дейді Әйтеке би аудандық емханасының бас дәрігері Ләззат Кабиева.