Қытай қыздары Димаш Құдайбергеновты мейрамханаға кіргізбей қойды

Димаш Құдайбергенов тоқтаған Қытайдағы қонақ үйді әншіден қолтаңба алғысы келетін фанаттар торуылдап жүр. Бұл туралы Димаштың менеджері Алпамыс Шәрімов айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz.

Оның сөзіне қарағанда, Димаш Құдайбергенов Қытайда өтіп жатқан I Am a Singer байқауының алғашқы кезеңін жеңгеннен кейін қытайлық музыка сүйер қауымның жүрегін жаулаған.

«Фанаттар Димаштан қолтаңба алып, естелік суретке түсу үшін біздің қонақ үйдің қасына жиналып жатыр. Кеше мейрамханаға бармақшы едік, қыздар жолымызды бөгеді. Олар Димашты видеоға түсіріп жатты. Бізге бұл жағдай қызық көрінгені рас, дегенмен мұны өнерге құрмет деп түсінеміз», – дейді Алпамыс Шәрімов.

Оның айтуынша, Қытайдың іздеу жүйесі интернет қолданушылар жиі пайдаланатын кілт сөздерді жариялаған. Белгілі болғандай, «Қазақстан» және «Димаш» атты тэгтер ең көп сұралатындардың рейтингіне енген.

«Димаш ән салғаны жазылған видео санаулы минуттарда жарты миллион рет көріліп, мыңдаған пікір жазылды. Интернетте дереу фанклуб құрылып, оның жаңа суреттері мен видеолары жарияланып жатты. Біздің аккаунтқа Димаштың атына көптеген жылы лебіз келіп түсті», – дейді Алпамыс Шәрімов.

Әншінің ресми өкілі Димаш Құдайбергенов байқауға 2016 жылдың қыркүйегінен бастап дайындалғанын айтты.

Informburo.kz агенттігінің хабарлауынша, кастинг кезінде әнші бес ән орындапты, оның бірі қазақ тілінде болған. Дегенмен конкурс режиссерлері SOS d’un terrien en détresse композициясын таңдаған екен.

«Жұрт Димаш неге қазақ әнін орындамады деп сұрап жатыр. Француз тіліндегі әнді режиссерлер таңдап алды. Қазақстанның атын шығару үшін Димашқа алдымен өзін көрсету керек еді. Алайда алдағы уақытта қазақ әнін шырқауды жоспарлап отырмыз», – деп толықтырды Алпамыс Шәрімов.

Оның айтуынша, музыкалық байқау Қытайдың Чанша қаласында өтіп жатыр. Вокалдық сайыс 14 кезеңнен тұрады. Димаш Құдайбергенова енді 28 қаңтарда өнер көрсетеді. Қандай әнді орындайтыны әзірге құпия.