Шардаралық шайырлардың алғашқы жырлары Жұмекеңнің қолынан өтетін...

  Астанадан  суыт хабар жетті!..   Қарымды қаламгер, қайратты қайраткер ағамыз  Жұмабек Мұқанов  дүниеден өтіпті... Ауылда  алғаш жыр жазып, оны Шардарадағы аудандық "Өскен өңір"  газетіне алып барғанда , алдымен қап-қара бұйра шашы бұрқырап отыратын  Жұмабек ағамызға кіретін едік.  Ол кезде  редактордың орынбасары болып жүретін Жұмекең  сол кездің өзінде елімізге танылып қалған белгілі  ақын болатын.  Қазір аттары Алашқа белгілі Шардарадан шыққан  шайырлар,  Әмірханның да, Әлібектің де алғашқы өлеңдері  ең алдымен осы Жұмекеңнің қолынан өтіп барып,  газетке жарияланатын. Студент кезімізде  де, Жұмекең  алғашқы жырларымызды аудандық газетке топтап жариялап, албырт ақын көңілдерді қуандырып қоятын. Бәріміздің қаруымыз бір қалам болғасын,  жиі араласып тұрдық.  Жұмекең Шардара аудандық "Өскен өңір" газетін ширек ғасырдай басқарып, ауданның барлық рухани, қоғамдық-саяси  саласының басы-қасында жүрді. Кейін де, Алматыдан Шардараға барғанда алдымен ат шалдырар жеріміз Жұмабек ағамыздың  Сырдың сол жағалауындағы кең сарайдай үйі болатын.  Жұмекеңнің де  Алматыға келгенде, ағайындарын аралап болғасын,   біздің шаңырағымызға да кіріп, дәм татып, Шардараның бар жаңалығын айтып  қайтатын кездері  болып тұратын. Әсіресе, Шардарада "Өскен өңір" газетінде отыз жыл фотосуретші болған Оңласын Төлегенов  досымыз ( ол да марқұм болып кетті, жатқан жері жайлы болсын), екеуі бір келгенде бала-шағамызбен суретке түсіріп,  кейін аудандық газетке сол суретті  жырларыммен қоса жариялағаны есімнен кетпейді... 2005  жылы Шардарада өткен  50  жылдығына  Алматыдан әйгілі Темірхан Медетбек ағамыз бастаған бір қауым  қаламгерлерді  арнайы алып барып,  арнау жыр оқып қайтқанымыз да кеше ғана сияқты еді... Кейде кездесіп  қалып, шабытымыз келгенде, Есенғали ақынның   кезінде Жұмабекке арнаған: Дарияның бойы  еспе құм еді, Естелік еді бұл да бір. Сүмбіле бұлты көшкелі бері Сескеніп еді қырда гүл...- деп келетін төгіліп тұрған жырын егіліп оқып бергенде, қатты риза болып қалушы еді... Біздің  "Қазақ үні"  ("Жас қазақ үні" ) газетінде Жұмабек ағамыздың жырлары мен мақалалары  жиі жарияланып тұрды. Әсіресе,  Әйтеке би туралы зерттеу, толғамдары республика жұртшылығына  ең алдымен  осы "Қазақ үні" газеті арқылы жетіп жататын.  Губернатор Аман Төлеев туралы да мақалалары жарық көріп тұрды. Арынымыз  қатты ақындар болғасын шығар, ана бір жылы бір мәселеде ағалы-інілі екеуміз келіспей қалып, арамыз алыстап кеткен кездер де болды... Соның өзінде, Жұмекеңе кейін Астанада Фариза апамыздың жаназасында  көңіл айтқан кезімде де,  Алматыда жол үстінде   жолығып қалғанда да,  ағамыз бір ауыз өкпесін айтпай, бауырына тартқанда іштей риза болып едім...   Ініңіздің артық  кеткен жері болса, кеше гөріңіз деймін ағама... Алла ісіне амал жоқ!  Біреу ерте, біреу кеш кетеді бұл дүние - пәниден... Жұмекеңнің қалған өмірін енді артында қалған ұрпақтары мен  шығармашылық мол мұрасы  жалғастыра береді. Отбасына, Рахима жеңгейге,  ұл-қыздары Шыңғыс пен Гүлнәрға, туған-туыс, ағайындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жұмабек ағамыздың мәңгілік мекені  жәннаттан бұйырып, пейіште нұры шалқи бергей! Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті  президенті.