Атырауда толғағы қысқан әйелді дәрігерлер перзентханадан шығарып жіберген

Атыраудағы перзентханалардың бірінде ана мен бала өлімі орын алды деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымы.

Атырауда толғағы қысқан әйелді дәрігерлер перзентханадан шығарып жіберген"Дәрігерлер өтірік айтады, олар өздерінің әрекетсіздігімен Гүлдана мен оның сәбиін өлтірді", - деп есептейді Индер ауданынан қалаға босануға келіп, көз жұмған марқұмның сіңлісі Жанарыс Жекенова. Ол қайғылы оқиғаға қатысты дәрігерлердің жорамалымен танысыпты.

Бұл қайғы анасының денсаулығын нашарлатып жіберген. Үнемі қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырып қала береді екен. Жанарыс анасын Индер ауданынан Атырауға дәрігерге тексертуге алып келген екен.

Атырауда толғағы қысқан әйелді дәрігерлер перзентханадан шығарып жібергенЖанарыстың айтуынша, гинеколог бала жолдасының жатуын анықтап, асқынулар орын алуы мүмкін болғандықтан, оған облыстық перинаталдық орталықта босануға кеңес берген. 25 қарашада Гүлдана шұғыл босанған жағдайда стационарға тез түсуге мүмкіндік болу үшін Жанарысқа Геолог поселкесіне келіпті.

Толғағы қысқан әйелді далаға шығарып тастағанына наразы болдым

"Түнгі сағат үште Гүлдана ауруы қатты жанына батып, жылай бастады. Бірақ, дәрігерлер оның айқайлап көмек сұрағанын елең қылмай, өзіңді тыныш ұста деп ұрысып тастады. 18 желтоқсанда таңертең ерте келуімді өтінді. Өйткені, оның мәліметтері порталда жоқ болғандықтан, перинаталдық орталықтан кетуді бұйырыпты. Мен толғағы қысқан әйелді далаға шығарып тастағанына наразы болдым. Мамандармен, стационардың бас дәрігерімен сөйлесуге тырыстым. Бірақ, бізді ешкім тыңдаған жоқ, перзентханадан шығарып жіберді", - деп күйінді марқұмның сіңлісі.

Бұл жағдай мереке және демалыс күндерінде орын алғандықтан шиеленісіп кетеді. Жанарыс айтып өткендей, олар әбден торығып, Гүлдананың жолдамасының портал бағдарламасында болмауы себебін анықтау үшін поселкелік гинекологқа қоңырау шалған.

Босану залында орын жоқ екен

Бірақ, гинекологтың алдында қонақ болған екен, ол Алмагүлдегі қалалық перзентханада жұмыс істейтін таныс дәрігерге жүгінуге кеңес берген. Ауруына шыдаған Гүлдана сіңлісі Жанарыспен ілесіп сонда барады. Оны осы жерде қабылдап, толғақ шақыратын дәрі еккен. Сосын босану уақыты басталғанда Жанарысты шақыруға уәде береді. Күндізгі сағат бірде оған қоңырау шалады, бірақ, ол келген кезде босану залында орын жоқ екен.

Босандыратын залға кіргізбейміз деп маған қоқан-лоқы көрсетті

"Уақыт өтіп болмады. Кешкі сағат алтыда босану залына түстік, бірақ, дәрігерлер көңіл бөлмеді. Гүлданада ауырсыну, қан кету басталып, әлденені сезгендей, өзіне кесарь тілігін жасауды өтіне бастады. Ол өзін нашар сезінді, мен залдан шығып, көмекке шақырдым. Медперсонал дәрігерлер тамақтанып жатыр, енді-енді келеді деп жауап берді. Үшінші мәрте шақырғанымда, егер тағы да оларды мазалай берсем, босандыратын залға кіргізбейміз деп маған қоқан-лоқы көрсетті", - деп әңгімелейді Жанарыс.

Медбикелер есінен танып қалған әпкеме «тұр, өтірік мүләйімсуді қой» деді

"Ота жасау туралы ұсынысқа олар күліп, Гүлдананың өзі босана алады, тек күту керек деп сендірді. Мен әпкем жалғыз өзі қалып қоя ма деп қорықтым. Өйткені, жағдайы нашарлап бара жатыр еді. Денесінің сол жақ бөлігі жансызданып, құлап қалды және өздігінен тұра алмады. Ал медбикелер «тұр, өтірік мүләйімсуді қой» деді. Мен оны жерден көтеріп тұрғыздым. Содан кейін Гүлдана көзінің қарауытып кеткенін, ауа жетпей жатқанын айтты. Бір кезде аузынан көбік аға бастады. Есінен танып бара жатыр немесе ұстама ұстады деп қорқып кеткен мен айқайлай бастадым. Сол кезде осыған дейін өздерін келтіре алмаған медиктер жүгіріп келді. Әпкемнің есін жиғызып, өз-өзіне келтіруге тырысып жатты. Бір ер адам: "оған көңіл бөлмедіңдер, отаға әзірлемедіңдер" деп бәріне ұрыса бастады. Мені босану залынан итеріп шығарып, "қазір жағдайы жақсарады" деді", - деп есіне алды Жанарыс.

Ал түн ортасына жақындағанда Жанарысты кабинетіне шақырып, әпкесі мен сәбиін құтқара алмағандарын хабарлайды.

Олардың әрекетсіздігінен өз аяғымен келген әйел де, онымен бірге әлі дүниеге келмеген сәбиі де көз жұмды

"Қайдағы құтқару, тіпті, үш жарым сағат бойына бірнеше рет қана көз салып, оның шағымдарына безіреңдеп болды ғой? Таң атқаннан күн батқанша әпкем стационарда болды, оны дұрыстап қарау ешкімнің де ойына келмеді. Дәрігерлердің оның өздігімен босануына көмектесуге немесе кесарь тілігін жасауына тұтас бір күн уақыты болды. Бірақ, олардың әрекетсіздігінен өз аяғымен келген әйел де, онымен бірге әлі дүниеге келмеген сәбиі де көз жұмды. Ал енді олар еш ұялмастан, қолдарынан келген бар көмекті жасадық деп айтып отыр", – дейді көз жасына ерік берген Жанарыс.

Әзірге әпкесінің қайтыс болу себебін анықтау үшін тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол прокуратураға шағымданып, дәрігерлерді сотқа бермекші.

Гүлдананың артында үш баласы қалды. Кіші қызы отбасының басына қандай қайғы түскенін әлі сезбейді. Ол "қалаға бөпе алып келемін" деп кеткен анасын күтіп жүр. Есік ашылған сайын анам келген шығар деп қуанып, сол жаққа қарай жүгіріп барады.