Арманы орындалған адам

Біз академик Рахметқажы Іскендірұлы Берсімбайдың Қазақстан мен әлем ғылымындағы орнын ерекше бағалаймыз. Өйткені ол ғалым ретінде, азамат ретінде бар қажыр-қайратын ғылымға, соның ішінде биология және генетика саласына жұмсап келеді. Рахметқажы Іскендірұлын жақсы көруіміздің бірнеше себебі бар: біріншіден, ол – керемет адам, екіншіден ол – білгір маман, үшіншіден, ол – патриот. Болашақ академик Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туып-өсті. Сол жерде орта және арнайы білім алды. Кейін КСРО-дағы ең мықты академиктер мен ғалымдарды өсіріп шығарған Новосибирь университетінің биология факультетінде оқыды. Рахаң жас кезінен ғылымға жақын болды. Студент шағында ғылыми конференцияларға қатысып, жақсы жағынан көрінді. Университет бітірген соң, аспирантурада оқыды. Ол – бір жерде тоқтап қалмай, алға қадам жасайтын адам. Соның арқасында әлемге танылды. Генетиканы меңгеру кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Университеттегі оқытушылар да оның қабілетін байқап, жас кезінен дұрыс арнаға салды. Ғылыми процестерге қатынасып жүріп, ол аспирантураны үздік тәмамдады. Кейіннен Мәскеудің белді университетінде білігін көтерді. Рахметқажыдай ғалым барын биология саласының майталмандары ерте-ақ білді. Бұл оңай іс емес. Ал, Қазақстан ғалымдары Р.Берсімбайға «қол жеткізуді» армандады. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға арнайы шақырту алып, биология факультетінде кафедра меңгерушісі, одан соң декан болып қызмет етті. Жас биологтарды дайындап, мықты маман етіп тәрбиелеуге өз үлесін қосты. Рахаңды 70-80 жылдары Қазақстандағы талантты жас биолог ғалымдардың алды деп білдік. Ол әлемдегі биология ғылымына қатысты көп нәрсені өте жақсы біледі. Сондықтан оның ғылыми бағасы, өлшемі аса жоғары, нағыз кәсіби маман деп санаймын. Өзі қазір Қазақстан биология-генетика мектебінің көшбасшысы. Менің Рахметқажы Іскендірұлымен жақын араласқан шағым – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызмет істеген кезеңім. Біз бағыты да, заты да өзгеше академияда бірге жұмыс істедік. Рақметқажы бірінші проректор еді, ал мен проректор болдым. Бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынаста жүрдік. Кәсіби әріптестігіміз артты. Рахметқажы Іскендір­ұлының отандық жоғары білім саласына қосқан үлесі ҚазҰУ-мен ғана өлшенбейді. Оның шәкірттері Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында қызмет атқарады. Дегенмен оның ғалымдығы – өз алдына бір тақырып. Рахметқажының бастамасымен Семейдегі ядролық полигонының адам ағзасына қандай зақым келетіні әлем ғылымының назарына ілікті. Еуропалық ғылыми институттар арнайы қаржы бөліп, елеулі жоба жасалды. Оның нәтижесі өте жақсы болды. Зерттеу қорытындысында радиацияға ұшыраған адамның бірнеше ұрпағына өте қатты зақым келетіні нақты анықталды. Неге десеңіз, адамда радиациялық атмосфера қалып қояды. Бұл – өте қауіпті. Ол генетикамен тығыз байланысты. Жаңашыл зерттеуінен кейін Рахаң айрықша дәрежеге жетті: ғылыми атағы өсті, абыройы артты. Осы тәжірибесін оқушыларымен де, әріптестерімен де бөлісті. Ол кісінің ғылымы Қазақстанның деңгейін көрсетті. Оны барлығымыз құрметтеп, сыйлаймыз. Рахметқажының жақсы қасиеттері, өнегесі көпке, әсіресе жастарға үлгі. Оның адамгершілігі жоғары. Өзі бір ақкөңіл адам. Әрқашан адамдарға көмектесуге дайын тұрады. Сондай-ақ, ол тарихты өте жақсы біледі. Мақала жазып, сұхбат беріп, қоғаммен де, газет-журналдармен де тығыз байланыс жасайды. Ғылыммен де айналысуға уақыт табады. Өте еңбекқор және жұмысын міндетсінбейді. Турашылдығы өзіне жарасып тұрады. Биология, генетика ғылымын, өз саласын жақсы көргені сонша, тәуліктің бар уақытында сонымен тыныстайды. Біреудің қиын жағдайын көрсе, көмек қолын бірінші болып созады. Егер біреу менен «арманы орындалған қазақтың қара баласы қайсы?» деп сұраса, Рахметқажы Іскендірұлын көрсетер едім. Ол бала күнінен білімге ұмтылды, ата-анасының үмітін ақтады. Рахметқажы Ресейдің Алтайында туғанмен, Новосібірде оқығанымен, қазақ тілін жақсы меңгерген. Өлең де, естелік те жазады. Қазақи қасиеті мол. Түр-тұрпатына қарасаң-ақ, нағыз азамат екені сезіліп тұрады. Ол биік дәрежеге еңбегімен, беделімен жетті. Сондықтан оның арманы орындалды деп айтуға толық негіз бар. Ол – асыл адам. Ешкіммен ұрыспайды, дауыс көтермейді, айтыспайды. Бірақ ойын еркін білдіреді. Өз орнын біледі, көзі ашық, көкірегі ояу. Оқымысты, білімді, салмақты жан. Айтқан сөзін екі етпей орындайды. Осы мінезі өмірде, қызметте, ғылымда Рахаңның шын қасиетін анықтайды. Мен оның отбасымен де жақсы араластым. Жолдас ретінде ол өте бауырмал, кішіге ағалық қамқорлығы мол, ағаларын тік тұрып сыйлай алады. Мұндай қасиет тек оқумен бітпейді, отбасынан, ата-анадан дариды. Қазақстанның жаратылыстану ғылымы және Рахметқажы Іскендірұлы ұғымдары тұтасып кеткен. Өйткені ол – майталман, ғылымның тарланы, өз саласының өнегелі өкілі. Рахаң адамдармен жақсы араласып, дос-сырлас бола алады. Ол ұлтын өте жақсы көреді, сонымен бірге әлем құндылықтарын бағалай алады. Ол Қазақстан мен әлемнің біраз университеттерінде сабақ берді. Шешендік қабілеті жоғары. Осы қасиетінің арқасында мінберді де, ортаны да жақсы меңгереді. Қазақстандағы генетиканың дамуына Рақметқажы Іскендірұлы­ның қосқан үлесі зор деп есептеймін. Академик Р.Берсімбай халықтан бүгін де, ертең де, болашақта да жақсы баға алады. Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі qazaquni.kz