Ұлтын шексіз сүйген ұл еді

Бард-әнші Табылды Досым туралы үзік сыр

Табылды екеуміз оқуға 1982 жылы құжат тапсырып, оның жолы болды да, мен күндізгі бөлімге түсе алмай сырттай оқуға қанағаттанып, құрылыста жұмыс істедім. Әскерден соң бір курс кері шегіндіру арқылы ғана студент болу мүмкіндігіне ие болып, екі айдан соң Желтоқсан шырғалаңына іліндім. Сөйтіп КазМУ-ды ол – сегіз, мен он жылда тәмәмдадым. Екі түрлі себеппен екеуміз де оқудан шығарылып, екі жылдан соң мен екінші, ол төртінші курсқа қайта қабылдандық. Оған жазықсыз зая кеткен алтын уақытымды айтып, шер тарқата бастағанда, ол:

– Оқудан Желтоқсан арқылы шыққан сен несіне өкінесің? Ол кезде Алматыда болғанда ел тәуелсіздігі үшін мен де жан аямас едім. Сен мақтануың керек, – деп өз өкінішін де қапы қалдырмады. Бұл әңгіме 1912 жылғы С.А.Пушкин­нің декабристерге айтқанын еске түсірді. Табылды бұл ұлтжандылық қасиетін Желтоқсансыз-ақ көп жерде дәлелдеді. 1988 жылы Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы жұмыстарында болған бір ай «Тобылдың басында, Табылдың қасында отырғандарыңды ұмытпаңдар!» деп, су жағасында өзі әзілдегендей, өнердің ерекше құдіретімен студенттердің есінде қалған еді. Сол жолы философия-экономия факультетінің орыс тілді өркөкірек студенттерімен болған кейбір қақты­ғыстар оның ұлт үшін жан аямайтындығын да аңғартты. 1989 жылдары шетелдіктер қазақ қыздарының абыройын қорлап, әр жерде «интербикештерді» көбейте бастаған кез болатын. Осы орайда қаракөздерімізді арашалау үшін журфактағы қара нәсілді шетелдіктермен қақтығысып қалдық. Шетелдіктерге келген қызардың бірі вахтаға танымал ғалым, жазушымыздың куәлігін қалдырып кіріпті. Көңілдесі ме, басқа ма, кім білсін. Сол күннің ертеңінде М.Хасанаев басқаратын Мемлекеттік мұрағат жанынан құрылған «Ақиқат» қоғамымен бірлесіп, өзіміз ұйымдастырған қалалық ақындар айтысы өтетін еді. Бұл айтыста көпшілік әлі де ақ-қарасын айыра қоймаған Желтоқсан көтерілісінің қыр-сырын түсіндіру мақсатында өзім де қатысуға бел будым. Оқиғаға қатысты қосымша материал таппағасын «Қазақ әдебиеті» газетінің келесі санына дайындалып жатқан Коммуннар Тәбейдің «Желтоқсан жаңғырығы» мақаласының «версткалық» нұсқасын алып келіп, әлгі қақтығыстан соң жатақхана дәлізінде оқып отырғанмын. Бір сәтте резина дойыр (ішіне серіппелі темір жүгірткен дубинка) басыма сарт ете түскенін орнымнан бір домалап барып аңғардым. Атып тұрып, еңгезердей тәртіп сақшысының мені не үшін ұрғандығын білмек болып ұмтыла беріп едім, олардың бірнешеуі келіп соққыны одан бетер жалғастырды. Сатыдан домалата тепкіледі. Амал жоқ, қарсы қимылға көше бастағанда олар қолыма кісен салып та үлгерді. Бұлар ерікті жасақшылардың көмекке шақыруымен келген екен. Сөйтіп, менімен бірге Табылды Досым, Қалдарқан Қамбар үшеумізді Калинин ауданының абақтысына қамады. Үшеуміздің де жүзімізде қобалжудан гөрі қазақ студенттерімен бірлесіп, шетелдіктердің мысын бір басып тастағанымызға қуанғандығымыз байқалады. Әйтсе де оқиға бізге тағы да оқудан шығып кету қаупін тудырып тұрғандықтан, қарауылдағы майорға таң атқанша жалынып құтылудың амалын іздедік. Өйткені, шетелдіктер бізді қалай қараласа да заң соларды тыңдайды. Ақыры, мен ертеңгі айтыстың «басты ұйымдастырушысы» екендігімді және шара барысында кемістік болса, бізді тұтқындаған ішкі істер басқармасы да жауапқа тартылатындығын айтып, әйтеуір құтылдық. Бір күнгі оқиғадан соң тақырып аясы бұрынғыдан да кеңи түскенімен айтысқа берілген уақыт оны дәлелді жеткізуге қысаңдық танытты. Ал, Табылды өз кезегінде: – Қазақ едім дегенше «құсалықпын» десеңші, Қармағына талайдың тұсалыппын десеңші, Бейімбет пен Ілияс, Сәкендерді бір күнде Алып кеткен арадан «үш әріппін» десеңші, – деген шумақтардан тұратын өзінің жыр толғауымен әлі де еркіндікке қолы жете қоймаған көрермен қауымның да шерін тарқата білді. Өмірде де іс-қимылынан жалындап жүретін ұлтжан­дылық қасиет өлеңінде одан бетер алаулап, «менмін» деген қазақтың намысын тұтатып, жігеріне жігер қосты. ...Қазақ едім дегенше «бастық» едім десеңші, Самар асқан «составпен» астық едім десеңші. Өзіме өзім, дүние-ай, қас қып едім десеңші, Қырып салған халқымды аштық едім десеңші, – дейтін жыр тіркестерінде ауызындағы нанына дейін Мәскеуге беріп, халқы қырылып жатса да намыстанбай, шен-шекпен мен кеудеге таққан темір-терсекке басы айналып, тонала түсуімізге ат салысқан басшыларымыздың іс-әрекеіне күйінеді. Тарихта ауруымыз қалса да кейбір әдетіміз қалған емес. Ұлт үшін бас көтерген қазақтың тағдырын айғақтайтын: – Қолым қышып кеткенде ер азамат үстінен Москваға жазылған арыз едім десеңші, – деген жолдар өзді-өзімізді ұстап беріп, қасіретке жәрдемдескендімізді де мойындатады. Табылды бұл өлеңіне әнді кейінірек шығарды. Мен бөлмесіне бір бара қалғанда өлеңін «Гүлденген Жамбылым-ай!» деп, Әзімбек ақын айтып жүрген Аяз Бетбаевтың әуеніне салып айтып жатқанын көрдім. Жұрттың бәрі білетін әуен Табылды жырының табиғатын ашпайтын сияқты. Сөйтсем, оның өз шығармасына жаңа әуен ойластырып, сабасына түсе алмай жүрген кезі екен. Көп ұзамай бұл өлеңді жыраулық туындыға айналдырған домбыраға лайықты әуен де дүниеге келді. Ал, «Табылдың әні» деген толғауына әуені «Үшқараның» әуені арқылы жаттығып, кейін өз әнімен бардқа айналдырды. ...Атам «Аттан кедейін!» айта күліп, Әкем жатты: «Фашистер тойтарылып...» Мен даурықтым: «Жатырмыз қайта құрып!» Ұлым күлді: «Кетпейік қайта құрып»... Немесе, ...Мен газетке үңілдім, «Тфу» деді Ұлым «Қазақстанын» аузындағы, – десе дегендей, «Қайта құрып» кетудің дер кезінде алдын алған тәуелсіздік болмағанда сол кездегі саяси ықпал елдімізді ғана емес, тарихымыздың да күлін темекінің тұқылындай көкке ұшырудың алдында қалған болатын. Ұлттан айырылған елдің өлеңде айтылған «ұлға да», ұрпаққа да темекі құрлы құны болмас еді. Екінші қырынан қарасақ: – Атам айтты: «Сұм соғыс болмаса» деп, Әкем айтты: «Ұлым ел қорғаса» деп, Мен даурықтым: «Коммунизм орнаса» деп, Ұлым күлді: «Бәрі де далбаса» деп, – дейтін өлең жолдарынан қызыл импе­рия­ның дағдарысқа ұшырап, коммунизмнен мүлде күдер үзгендігі «қайта құрудың» кезінде-ақ белгілі болғандығы байқалады. Бұл «Әулет диалогы» – әулеттегі әр буынның жай ғана пікірі емес, біздің ұлтқа тән ғасырлық көзқарастардың ортақ түйіні. ...Мен қазақпын, мен қазақпын, қазақпын деп айтам ән, Халқым үшін қан додаға кірмей қалай жай табам?! Менің қаным тебіренсе тентек Каспий секілді Қимайтұғын, ұйымайтұғын, арнасына сыймайтұғын қайтадан... – Бұл шумақ әділет жолындағы ел намысының бір қозғалса, озбырлықтың небір алапат тосқауылдарын жайратып, жапырып тынбай сабасына түспейтіндігін ескертеді. – Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қарап өседі аспанға, – дейтін қыр баласы: – Толағай боп туылмаппын, әттең-ай, Атырауға апарар ме ем бір тауды («Биіктік»), – деген ойын бүгін де жүзеге асырып, туған жеріне тау болмаса да тауға татитын өнердің Алатаудай құдіретін алып жетті. Адамның табиғи мүмкіндігі көп тіл білгенмен қай тілде ойласа сол тілді ғана жетістіретіні сияқты екі кеменің құйрығын ұстаған өнер иесінің де ісін шалалық билейтіні бар. Ал, Табылдының қазақ руханиятына бардтық өнерді жүйелеуші ретінде көп еңбек сіңіргенін байқаймыз. Бардтық өнердің қазақтағы ұлттық көрінісі – жыраулық өнер. Бардқа қатысты жауапкершіліктің бәрі де жыраулардың бойынан табылады. Өнердегі синкреттіліктің салыстырмалы түрдегі өзіндік табиғи ерекшеліктері де біздің халықта көбірек сақталған. Меніңше, бард та, жыраулық та – ақындық, сазгерлік, орындаушылық, оған қоса гуманист қайраткерліктің өзара гармониялық үйлесім арқылы тұтасып кеткен жүйелі көрінісі. Бардтың басты музыкалық аспабы гитара шыққанда испандар өз мұң-шерін қаншалықты жеткізе алғанын кім білсін? Ал, жыраулық өнер домбырамен бірге туып, біте қайнасып келеді. Қазақ батыс елдеріне қарағанда сан жағынан аз болғандықтан да тарихы қасіретке толы. Батыс біздің айтыс өнерін игермесе де олардың операсы мен балетін өзімізге тез-ақ сіңірдік. Олар біздің тоғызқұмалаққа пысқырып қарамаса да, біз олардың биллиард, гольф сияқты ойындарын ойнап қалмауға намыстанып, батыста жоқ бедел кіргіздік. Батыстағылар жырау болып кетпесе де біз бардты да төл өнеріміздей меңгеріп, қазақ ұлтының жан-жақтылығын айдай әлемге паш еттік. Қысқасы, біздің рухани кеңістігіміз бен дарын-қабілетімізге бәрі де сыяды. Ал, еуропалықтар біздікін үйренуге тырысса да, оны қабылдай алатын табиғи қасиет әзірше бойларынан байқалмайды. Өйткені, Бетховенді, Бахты, Штраусты, Глинканы тудырған континенттегі бүгінгі өнердің аяғы рок, рэп, джаз, т.б. болып жан-жаққа шашырап,өнерді өнердің өркениеті емес, техниканың өркениеті билеп барады. Т.Досымов – қазақ бардының көшбасшысы ғана емес, оның ұлттық нақышы мен саздық, мазмұндық құдіретін әрлеуші ретінде де тарихта қалды. Өйткені, Табылдының шығармашылығы поэзияға қойылатын барлық талапты орындап, заманына сай қоғамдық-әлеуметтік мәселе көтеру жағынан да, бардшылардың көбінде кездесетін ұқсас ырғақтылықтан қашып, жандүниені шымырлататын әуендік құрылымы (мелодия) жағынан да, қалыптасқан батыс дәстүріндегідей көп қырылдауға еліктей бермейтін орындаушылығы жағынан да біз білетін бардшылардан ілгері тұрып, оған ұлттың оюлы шапанын кигізді. Ол өзінің бір әңгімесінде Владимир Высоцкий, Игорь Тальков, Виктор Цой сияқты бардтың орыстық туын желбіретушілерінің бірқатарын тыңдап, поэзиясымен танысқандығын да айтқан еді. Модернистік сипат алған шынайы поэзия мен сифониялық туындылар абстракт ретінде еленбей, өз бағасын келер ғасырлардан іздейді. Бұл түгілі өз заманымен үндесіп, халқымен тіл табысып жататын туындыларды да басылым беттерінен оқуға күйбең тірліктегі жұрттың уақыты да, құлқы да бола бермейді. Осы орайда Табылдыны өнердегі өз позициясының насихатшысы десек те болады. Ол оқырманның көз майын тауысып, энергиясын шығындамай-ақ, орындаушылықтағы эмоциялық күш-қуатымен де, гитараның шертпе әуенімен қанаттанып, қалқып ұшқан саз сұлулығымен де әркімді өзіне тез-ақ баурап алатын еді. Әлденеге шаттанып, шабыттанса аккордқа салып, гитарды дауылпаз ұрғандай сабалап, екпіндетіп те айта беретін. Егер көңілі құлазыса аспаптағы екпініне сөзі ілесе алмай тұтығып қалатын кездерін де байқайтынбыз. Бірде бөлмеге ақын Серік Ақсұң­қарұлы келіп, өзара шер тарқатып отырғанда осындай күй кешкенін көрдім. Ол елді өзіне қарата алатын өнердегі эстетикалық болмысымен өзінің ғана емес, тоқсаныншы жылдардағы ұлттық позицияның да насихатшысы бола білді. Бір күні Табылдыға қаламгерлердің тізімін көрсетіп едім, ол жақсы жазатындарды «тірілер» деп, ортақолдарын «қайтыс болғандар» деп, әзіл- шыны аралас саралап шықты. Сөз аяғында «Біз, Досымовтар үшеуміз, үшеуміз де тіріміз» деді. Табылдының атына сай оның бойынан жігітке тән өнердің бәрі де табылатын. Оның әндері өзі жоқ жерде де орындалып, аты жиі ауызға алынатын. Лирик ақын, әнші, сазгер, домбырашы, шебер гитаршы болатын. Ол гитарды арнайы музыка мектебінде жүріп үйренгедігін айтқан еді. Сондай-ақ, журфакта өткен студенттер айтысына бас ақын ретінде қатысып, бас жүлдені жеңіп алғанына да куә болдық. Ол кезде студент ақындар дәптердегі «шпаргалкаға» қарап айтысатын. Бір күні қабырғада ілулі тұрған суреттерден Табылдының балуан, әрі спорт шеберлігіне кандидат екендігін де көріп тамсандым. Сосын оның өзіне «Сен осы заманның нағыз Балуан Шолағы екенсің ғой!» дегенім бар. Өйткені, Балуан Шолақ та үкілі домбырасымен дала сахнасының саңлағына айналған. Сал-серілеріміз өнердің арқасында ел атқамінерлерінің бермесін алып, нәпақасын да айырып жүрді. Студенттік өмірдің қиыншылығын көре бастаған Табылды бірде: «Әртістер барып жүрген ақылы концерттер мен тойлардың бірі маған да бұйырар ма екен? Бар жоғы тоқсан сомдай ақша төлесе менің де біраз шаруам түгенделер еді» дегені бар болатын. Бірақ, мұндай қиналыстарын ол сырт көзге білдірткен емес. Мен бірнеше жыл құрылыс жұмыстарында болып, Алматының отыздан артық зәулімін салуға қатысқандықтан өнердегі тапсырыстан онша хабарым жоқ еді. Сондықтан, ауыл шаруашылығы жұмыстарының арасында, ішімізде Табылды бар, Қостанай облысына қарасты бір ауылдағы жеке меншік үйдің жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Бірақ, өнер адамдарының құрылысқа мардымды икемі болмағандықтан жұмыс аяқсыз қалды. Табылдының жігітке тән жеті өнерін түгендеп, сегізінші қырына мұндай қол жұмысынан гөрі оның көпшілдігі, қарапайымдылығы арқылы тоқталуды жөн көрдім. Мұны әркімнің жеке шаруасына қатысты көп мысалдың бірі де дәлелдей алады. 1988 жылы жалғыз інім Бауыржан үйленетін болып, Табылдыны ауылға барып, келінім Жанардың бетін ашуға шақырдым. Сөзімді екі етпей айтқаныма көнген ол өзімен бірге кейін «Иман» газетінің бас редакторы болған Қалдархан Қамбаровты және жолдан Лепсі аудандық газетінде қызмет етіп жатқан ақын Жұмабай Құлиевты ертіп алды. Аякөзге жеткенде пойыздан түсіп, күтіп алған автобуспен Ақсуат жаққа жол тарттық. Көлік қозғалысын тербеген қызу әңгіме жол қысқартып, үш сағаттық жердегі Қызылкесік ауылына тез-ақ жеткендей болдық. Олар әнімен де, әзілімен де, жырымен де той дүбірін шарықтатып, ауылды бір сергітіп тастады. Табылдының сол жолы өзі үйретіп кеткен «Астананың аруы», М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» сияқты әндерін ауыл жастары мақтанышпен айтып жүрді. Аудандағы бір орысы жоқ қазақ ауылдарының еркін тыныс-тіршілігіне таңданып, бір масайрап қалды. Осыдан он жыл бұрын сол үйленген інім қайтыс болғанда да Табылды, Ерсайын Жапақ, Мақмұт Қосмағанбетов үшеуі келіп, көңіл айтып кеткен еді. Бірақ, ұсақ бала-шағаны жетім қалдырып, інімнің өліміне себепші болған қылмыскерлер жазасын алмай, әлі де бостандықта жүр. Табылдының еркектік намысын аяққа таптатпайтын өр мінезі оны қақтығыстарға жиі ұрындыратын. Сондай келеңсіздіктің бірінде бетіне түскен жарақатын университет басшылығына байқатпай тезірек емдеу үшін елдің айтуымен теледидардағы атақты Кашпировский сеансын қабылдап отырғанын көріп күлкім келді. «Алыптар аңғал болады» деуші еді, мұндай сенгіштік Табылды түгілі Махамбеттің де бойында болған қасиет. Көп жағдайда ән мен сөз бір-біріне үйлеспесе де әншілердің дауысымен елге жатталып тарай береді. Ал, әнін де, сөзін де бір адам жазып, өз жүрегімен орындаса, туындының шынайлығы мен табиғилығы анағұрлым пәрменді және тамыры тереңде болады. Әлі күнге дейін өзара сорпасы қосылмайтын сөздерді күштеп ұйқастырып, аңқау елге арамза молда болып жүрген танымал өнерпаздарымызға Табылды шығармалары ұлттық ұжданның ұлағатын танытты. Өнерге әркімнің де таласы болса, жиырма жыл ішінде жазған менің де бірқатар бардтық әндерім бар. Бірақ, жазба ақын болғандықтан, әнді таратуға мүмкіндігім де болмады, өзім де жанталаспадым. Десек те, республикалық «Үкілі үміт» сазгерлер фестиваліне екі рет қатысып іріктеу сайысынан да өткенім бар. Жырау ретінде де республикалық байқауға қатысып, Шынболат Ділдебаев екеуміз үшінші орынға шыққанбыз. Әйтсе де ән саласындағы Табылдының өнері бәрімізден де көш ілгері. Оған шәкірт болуға жарасақ, одан асқан абырой да болмас еді . Қазір бәрі де кеш... Оның әніне ұқсас бір ән басқа автордың атынан айтылып жүргеніне шыдай алмай, Атыраудағы Табылдыға телефон соқтым. Оның көңіл-күйі түсіп кетті ме, әңгімеміз аяқсыздау қалды. Табылды студенттік өмірдің соңғы кездерінде бір әнінің сөзін маған жаздырып, оған «Достар шаттығы» деп ат қойдық. Сосын екеуміз екі жаққа кетіп, әннің тағдырынан бейхабар қалдым. Осы әнді қолға алып, жарыққа шығара алсақ, Табылды мұрасына қосқан сүбелі үлесіміз болар еді. Табылды артына том-том дүниелер қалдырмаса да томға бергісіз тұтас бір композицияны құрайтын жанды туындылар қалдырды. Оның шығармашылығын алғаш рет журналист Серік Жанболат ұлттық арнадан осыдан жиырма шақты жыл бұрын жүйелеп көрсеткен еді. Бұл хабарға біз де қатыстық. Маған Табылды бұл хабар көрсетілгеннен кейін ғана Атырау облыстық газеті оның өлеңдерін жарыққа шығарғандығын айтты. Аппараттың көмегімен қораздың дауысын бұлбұлға айналдырып жатқан кейбір арналарымыз бард ақын мұрасына да аракідік орын берсе, өздеріне де абырой жинап қалар еді. Үйге соңғы рет келгенде мен Табылдыға: «Қазақ өнерінің ордасы әзірге Алматы болғандықтан осында келетін ойың бар ма?» дедім. Ол «түбі бір келерміз» деп жауап берді. Қазір Алматыға оның өзі келмесе де дауысы мен өнердегі тау тұлғалы болмысы қайтып оралды. Аманғазы Кәріпжанәулеті qazaquni.kz