Министр Универсиада жеңімпаздарына қанша сыйақы берілетінін айтты

Алматыда өтетін Универсиадада 1-орын алған қазақстандық cпортшылар сыйақы ретінде 4,9 миллион теңгеден алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Үкіметтегілердің қысқы және жазғы Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне белгілеген сыйақылар туралы шешімі спортшыларымызды сәтті өнер көрсетуге ынталандырады. Сонымен, 1-орынға - 4,9 миллион теңге, 2-орынға - 3,3 миллион теңге берілсе, 3-орын алғандарға 1,6 миллион теңге беріледі. Сондай-ақ, Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің бапкерлеріне де осындай сомадағы сыйақылар беру мәселесі қарастырылған", - деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы үкімет отырысы барысында.

Еске сала кетейік, 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтарынан бастап 8 ақпаны аралығында Алматыда өтеді. Қысқы универсиада бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасындағы), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі кірген. Жарыстарға 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтіледі.