ЖҰМА НАМАЗДА МЕШІТТЕ НЕГЕ ЖЫЛЫ СУ ЖОҚ?!.

  Кеше, қасиетті жұма күні  Алматыдағы Орталық мешітке жұма намазға бардық. Әдеттегідей әжетханада да, дәретөанада да кезек көп.  Ең сорақысы, әжетханада  дәрет алу үшін жылы су жоқ! Жап-жас өрімдей жігіттердің иін тіресіп, имандылық жолында жүргеніне қуана отырып,  мұздай суға дәрет алған олардың болашағына алаңдайсың. Бір тәуірі,  намазхандардың қалың нөпіріне  қарамай,  ішке кіріп едік, орын табылды. Еден жылытылған екен, содан жанымыз қалды әйтеуір. Ал далада ақ қардың үстіне төсеніш төсеп, намаз оқып тұрған қалың қауымды ойласаң, көңіліңе кірбің түседі. Уаңыз да мұсылмандардың өміріндегі отбасының маңызы туралы тартымды да, тағылымды болды. Бір кемшілігі, бұл жерде Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіндегідей уағызды парақша  етіп басып шығаратын жақсы үрдіс  жоқ екен...  Намаз біткесін, уағыз айтқан жас жігіт Ержанға алғыс айта отырып, "Әжетханада  неге жылы су жоқ, бұлай бола берсе, мұздай суға дәрет алған өрімдей жастар ертең ұрпақсыз қалады ғой"-деп арызымызды да айттық. Сауалымызға: "Жылы су үнемі болатын. Бұл енді біздің кінәміз емес, қаланың коммуналдық шаруашылығының кінәсі ғой" деген жауап алдық. Мешіт басшылығына айтарымыз, кінәні өзгеге арта салуға болады да, қала шаруашылығынан жылы судың болуын қатаң  талап етуге болмай ма? Әсіресе,  қасиетті жұма намазды оқуға мешітке адамдар  сыймай кететін жұма күні міндетті түрде жылы су болуын қадағалау керек деп білеміз. Біздің айтарымыз, діни парыздарымзды орындаймыз деп жүріп, денсаулығымыздан айрылып қалмайық. Қазыбек ИСА qazaquni.kz