Алматыдағы "Арасан" моншасындағы "тырдай жалаңаш түсу" туралы жаңа талап елді дүрліктірді

Картинки по запросу алматы арасан монша

Алматыдағы "Арасан" моншасындағы "бассейнге іш киімсіз түсу" туралы жаңа ереже пайда болған деп жазады "Қамшы" порталы.

Басылымның жазуынша, редакцияға Алматы тұрғыны хабарласып, өздерін «қала ортасындағы шипажай» деп жарнамалайтын «Арасандықтар» жаға ұстатарлық жаңалық ойлап тапқан.

"Әңгіме үстіңгі қабатта орналасқан бассейн хақында болмақ. Бассейнге суға түсемін деушілер міндетті түрде тырдай жалаңаш болулары керек екен. Бұл жаңалық сексендегі шалға да, сегіздегі балаға да қатысты", - деп жазады мақала авторы.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін «Арасанның» ресми сайтында көрсетілген нөмірге қоңырау шалып, оператормен тілдескен автор мынадай жауап алады:

«Бізде шынымен де сондай ішкі ереже бар. Бұл гигиенаға, тазалыққа байланысты. Басқа процедураларын қабылдау барысында келген адамдар шомылу киімімен жүре береді, алайда, бассейнге келген соң оны шешіп кірулері тиіс. Себебі, моншаның іші ыстық, шомылу киімімен жүрген адамдар терлейді. Егер, олар бассейнге сол киіммен кірсе, тазалық сақталмайды, себебі үстіндегі киімге адамның тері сіңіп қалады да, ол бассейндегі суға түседі».

"Ең қызығы сол, дененің бір ғана кішкентай бөлігін жауып тұратын суға түсуге арналған киімнен адам терлейді, тазалықты құртады екен, ал, бірнеше адам бір бассейнге ешбір киімсіз, тыржалаңаш суға түскен жағдайда гигиена сақталады екен", - деп наразы болады мақала авторлары.

"Арасан" қызметкерлерінің қыр-соңынан қалмай қойған тілшілер "бассейнге жалаңаш түсу" талабы қайдан шыққаны туралы нақты бір жауап ала алмай дал болған. Бір қызметкер бұл "әкімияттың талабы" десе,  екіншісі бұған «Жалаңаш жүру тәртібіне әкімдіктің де, департаменттің де қатысы жоқ. Бұл ережені өзіміз енгізіп отырмыз. Біз жеке меншік мекемеміз ғой. Ішкі ережені өзгерте аламыз. Мұның бәрі келушілердің тазалық мәселесін қорғау үшін жасалып жатқан дүниелер", - екенін айтқан.

"Арасанның" Еңбек және қауіпсіздік мәселелері бойынша бөлімнің инженері Мухина Наталья Борисовна бұл сұраққа былай деп жауап берген:

"Сіз бір нәрсені түсініңіз – мұның барлығы тазалықты сақтау үшін. Біздікі құр бассейн емес, спа-монша сияқты бірнеше қызметтен тұратын үлкен кешен. Адам буға кіреді, душ қабылдайды. Кірі езіледі, терісі жаңаланады. Душқа кіргенде жуынғанмен, іш киімдегі кір қалып қояды. Ол сол кір жиналған киіммен сосын бассейнге түседі. Бұл гигиенаға жатпайды. Басына жүзуге арналған бас киім кисін, аяғына тәпішкесі болсын, бірақ жалаңаш түсуін талап етеміз. Немесе сол жерде бір реттік ішкиім сатылады".

Оның айтуынша, мұндай бірреттік іш киім монша ішінде сатылады және оның бағасы 200 теңге екен.

"Қамшы" порталының айтуынша, «Арасандағы» тағы бір жаға ұстатарлық жағдай – киім ауыстыратын орындарына қойылған бейнебақылау камералары".

"Оған шағымданған клиенттер де баршылық. Мұның себебін адамның жеке заттары жоғалмауы үшін деп түсіндірген қызметкерлер ол жердегі бейнебақылауға түскен видеолар интернетке таралып кетуі мүмкін дегенді ескермеген. Бұл енді басқа әңгіме", - деп жазады басылым.

Мақала авторлары: Жазира Байдалы, Назерке Лабихан