Шығармашылық әуенде шырайлы өткен кеш

Бәрімізге белгілі, 12 қаңтар қазақтың әйгілі тұлғасы Дінмқхаммед Қонаевтың туған күні екені белгілі. Сонымен қатар бұл күнде атақты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шолохов сыйлығының иегері, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін» Халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Сәбит Досанов қос жеті - 77-ге толған күнін тойлады. Тойды әйгілі ақын Олжас Сүлейменов жүрекжарды сөзімен ашты. Академик Кенжеғали Сағадиев, көрнекті құрылысшы-инженер, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Әбдісағит Тәтіғұлов, Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов, Қыздар пелуниверситеті ректоры Динара Нүкетаева, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен жазушы Қойшығұл Жылқышиев, ақындар, Мыңбай Рәш, Қасымхан Бегманов және Мәскеуден, Қостанай облысынан қонақтар келді. Біз де былтыр бір жылда Түркі әлемінің беделді халықаралық үш сыйлығына ие болған Сәбит Досанов ағамызға «Ақ жол» партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Азат Перуашевтың құттықтау хатын тапсырып, ақ тілегімізді айттық. Мыңбай ағамыз "Алпамыс батыр" мен  Манас жырынан үзінді оқып, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов секілді ұлылардың дауысын салып, кештің шырайын кіргізді. Қасымхан Бегманов та жырдан шашу шашты. Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова секілді эстрада жұлдыздары ән шырқады. Бір қызығы тойда үнемі менің өлеңіме жазылған, "Нұр Мұқасанның" шырқауында белгілі болған  "Құдаша қыз" әнінің ( композиторы Бауыржан Тұрғараев)  жас жұлдыз Төреғали Төреалының орындауындағы жазбасы шырқалып тұрды.  Арыстан деген тойдың музыкасын  жүргізіп отырған  жігітке: "Бұл әннің өлеңінің авторы менмін" деп едім, алақайлап қуанып кетіп, құшақтай алды да , биде көбісіне осы әнді қойды. Ол  барлық тойда әркім сөйлегенде "Құдаша қыз" әнімен  музыкалық туш ретінде сүйемелдеп отырады екен. Досымыз, Сәбит ағаның бауыры Ғабит Досановтың жары Жанна да қуанышын білдіріп, бір құмыра гүлді әкеліп, біздің үйдегі абысыны Жәннатқа "Бұл сізге арналған ән ғой" деп тапсырды. Күліп жіберген Жәннат: Бұл сізге де, бәрімізге, қазақ қыздарына арналған ән "-деп, әдемі жауап берді. Жазушының тұңғыш ұлы Әділ Досанов тойды мағыналы, жақсы жүргізді. Сәбит ағамызды тұлпардай баптап келе жатқан Құралай жеңгеміз қонақтардың барлығын ақ пейілімен риза етіп қайтарды. Шығармашылық әуенде шырайлы өткен кешке көпшілік риза болып қайтты. Қазыбек Иса