Халықтың зейнетақы жинақтары банкротқа ұшыраған Қазинвестбанкте сақталған

Банктің депозитінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шамамен 3 миллиард теңгесі сақталған.

Лицензиясынан айырылған Қазинвестбанкте қазақстандықтардың жинақтаушы зейнетақы ақшасы сақталған деп хабарлады 31 телеарна.

Анықталғандай, банктің депозитінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры шамамен 3 миллиард теңге ұстаған. Енді ол ақша зейнетақы қорына қайтарылады ма, ол — үлкен мәселе.

Kapital.kz сайтының дерегі бойынша, Қазинвестбанкке желтоқсан айының басында зейнетақы қорының 2 миллиард 900 миллион теңгесі аударылған. Пайыз түрінде бұл зейнетақы жинағының болмашы бір бөлігі: 0,04 пайыз. Ал ақшалай алғанда, бұл аз қаражат емес.

Қаржы саласын реттеуші орган — Ұлттық банк Қазинвестбанктің басында проблемасы барын біле тұра, ондағы депозитке ақша салуға қалай рұқсат берген? Ол жағы, әзірге түсініксіз.

Зейнетақы ақшалары кепілдік берілетін салым жүйесіне жатады ма, ол жағы да әлі беймәлім.

Бірақ сарапшылар ол жағы неғайбыл дейді, өйткені заң бойынша депозитке кепілдік беру қоры тек жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің салымдарын ғана өтеуге құқылы.

Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл екі категорияға да жатпайды.