Валюта бағамы USD: 332.20 | EUR: 355.50 | CNY: 48.00

ЖОЛДЫҢ «ЖЫРЫ» ҚАШАН БІТЕДІ?

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ
ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
ИСАХОВ МАҚСҰТ ПЕРНЕБАЙҰЛЫНЫҢ НАЗАРЫНА!

Қаладағы «Қалқаман» ықшамауданына қарасты Әуезов көшесінің бойындағы жолдарға жыл он екі ай жөндеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Жыл сайын қайталанатын бұл жағдай бүгінде жұртшылықты мезі еткен жайы бар. Қашан қарасаң да, бұл аймақтағы бір көшенің жабық тұруы «қалыпты» көрініске айналып отыр. Бірақ осынау үздіксіз жүргізілетін жөндеу жұмыстарынан бәлендей нәтиже де байқалмайды. Әжептәуір кең әрі негізгі саналатын Әуезов көшесінің бойын айтпағанда, «Қалқаманға» қарасты кіші көшелердің сапасы сын көтермейді. Себебі, тыңғылықты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Жыл сайын жәй ғана жамап-жасқап қоюдың салдарынан жол азабын тұрғылықты жұртшылық тартуда. Ал, жол жиегіндегі жүргіншіге зор қауіп төндіріп, беті ұдайы ашық жататын құдықтар жеке тақырыпқа арқау боларлық мәселе.

Қош, тоқ етерін айт­қанда, «Қалқаман» ықшамауда­нын­дағы жол «жырының» бітетін түрі жоқ. Тоқтаусыз жүргізіліп келе жатқан жөндеу жұмыстары қыс түскенде де аялдаған жоқ. Осындай қолайсыздық салдарынан қақаған аязда қарапайым халық әбігерге түсуде. Әуезов көшесі бойымен жүруі тиіс қоғамдық көлік пен жеңіл автокөлік ғұмыры жөндеу көрмеген ойдым-ойдым жолдармен айналып өтуге мәжбүр. Тіпті, кейбір ағылған машинаның жол жиегіндегі қазылған ұраларға түсіп кете жаздайтынына да куә болып жүрміз. Ал межелі бағытына, негізінен, қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылар болса, діттеген жеріне жете алмай, жарты жолдан түсіп қалып, жаяу салпақтамасқа амалы жоқ. Бұлардың арасында мектеп жасына толмаған балабақша тәрбиленушілері де бар.
Жолаушыларды тығырыққа тіреген мәселенің мән-жайын білмек болып, осы маңдағы құрылыс жүргізіп жатқан мамандарды да әңгімеге тартқанбыз. Олардың айтуынша, қазіргі таңда Әуезов көшесінің бойымен ауыз су құбыры тартылып жатқан көрінеді. Жөн-ақ. Бірақ осынау халық үшін маңызды дүниелерді қаһарлы қысқа қалдырмай-ақ, жаз мезгілінде істеуге болмас па еді?! Бұл жолаушылар үшін де, құрылысшылар үшін де әлдеқайда тиімді болар еді. Өкінішке орай, ол үшін бас қатырып жатқан жан көрінбейді.
Әлгі құрылысшылардың айтуынша, тиісті жұмыстарды атқаруға мемлекет тарапынан қаржы кеш бөлінеді-міс. Қарап отырсақ, мұның да астарында шындық бар сияқты. Айналып келгенде, келеңсіздіктің бәрі билік тізгінін ұстаған шенділердің алдын ала жоспарлау жұмыстарын дұрыс жүргізбеуі кесірінен туындап отыр. Мемлекеттік тендерге жыл аяғында ғана қол жеткізу үрдісі соңғы уақытта кез-келген салада байқалып жүр. Сонымен қатар, жыл соңында қаншама қаржының игерілмей қалғанын есту де біз үшін қалыпты жағдай. Мұның барлығы істің ретін есептемеуден, салғырттықтан, жауапсыздықтан шығатыны түсінікті. Сонда мемлекеттік тұрғыдан алдын ала жоспарлау жұмысы қай кезде жүйелі түрде жүргізіледі? Бұл сұрақ та әдеттегідей басы ашық күйінде қала бере ме деген күмәніміз де жоқ емес.
Әйтеуір, Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығы «Қалқаман» ықшам­ауданындағы халықтың жанайқайына құлақ түріп, жол мәселесінің оңды шешімін табуына ықпал етер деген үмітіміз бар.

Гүлмира САДЫҚ,
журналист

qazaquni.kz



3 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. Айымхан 11 Қаңтар, 2017, 13:54

    Жол негізі өзекті мәселенің бірі. Осы Қалқаман ықшамауданының тұрғыны болғандықтан мәселенің мән жайымен жете таныспыз.Осы мәселені көтергендеріңіз үшін де «Қазақ үні» газетіне алғыс білдіреміз…

    Жауап жазу
  2. Қолқоюсыз 11 Қаңтар, 2017, 13:56

    Шешнеуініктен қашан да құлқынның құлы.Оларға екі қойың бір сом. Халық жолдағы беті ашық шұңқырға түсіп жатса да оны жөндемейді.тек ғана қарындары тойса болды ғой ол шіркіндерге,,,

    Жауап жазу
  3. Алмас 11 Қаңтар, 2017, 13:56

    Шенеуініктен қашан да құлқынның құлы.Оларға екі қойың бір сом. Халық жолдағы беті ашық шұңқырға түсіп жатса да оны жөндемейді.тек ғана қарындары тойса болды ғой ол шіркіндерге,,,

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*

 aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa Көңіл күй бейнелер авторы: IMKAZ.kz.