"Қайырымды жандар" тобы 11 жасар Жәнелдің анасынан қаражаттың есебін сұрап отыр

Жақында бір бүйрегін ауыстырған 11 жасар Жәнел Жайлауованың ағасы Бақтияр Жылқыбаевтың мәлімдемесінен кейін 12 миллион қаржыны жинауды ұйымдастырған «Қайырымды жандар» еріктілер тобы арнайы мәлімдеме жасады деп хабарлайды NUR.KZ.

"Қайырымды жандар" тобы 11 жасар Жәнелдің анасынан қаражаттың есебін сұрап отыр

Жәнел Жайлауованың анасы «Қайырымды жандар» тобынан донорды құпия ұстап келген.

«Ол кісі бізден донор туралы ақпаратты өте құпия ұстады. Көпке дейін бізге бүйрегін бере алатын адам табылмай жатыр деп келді. Неге олай істегенін білмейміз. Біз ең бастысы анасы сұраған соманы тауып бердік», - дейді топ жетекшілерінің бірі Мәулен Алғазы.

"Қайырымды жандар" тобы 11 жасар Жәнелдің анасынан қаражаттың есебін сұрап отырЖәнел Жайлауованың анасы мен «Қайырымды жандар» еріктілер тобының арасында арнайы келісімшарт жасалғаны туралы бұдан бұрын айтылған. Сол шартқа сәйкес, Ақмарал Жақсылықова егер отадан кейін ақша есебін бермесе, аударылған қаражатты қайтарып беруге міндеттелген.

Топ мүшелері Жәнел Жайлауоваға бүйрек алмастыру отасы 5 желтоқсанда жасалса да, әлі күнге сол қаржының есебін халық алдында бере алмай дал болып жүргенін айтады. «Қайырымды жандар» еріктілер тобы Жәнелдің анасынан жауап болмаса, құзырлы органдарға хабарласатындарын ескертіп, Инстаграм парақшаларында жазба да қалдырған.

"Қайырымды жандар" тобы 11 жасар Жәнелдің анасынан қаражаттың есебін сұрап отыр«Арамызда келісімшарт бар. Оны біз 12 миллион теңге жиналып болып қаларда жасастық. Оның себебі, халықтың бізге артқан аманат қаражатын Жәнелдің анасына қолма-қол беруге бара алмадық. Кез келген жағдай бола қалған жағдайда заңды түрде жасалғаны дұрыс деп шештік. Ақмарал Жақсылықованың екі қорғаушысы және топ мүшелерінің белсенділерінің қатысуымен өзара құқық пен міндеттерімізді нақтылап, келісімшартқа отырдық. Құжаттың заңды күші бар», - дейді топ жетекшісі Мәулен Алғазы.

Осы келісімшарт бойынша «Қайырымды жандар» еріктілер тобы соманың толық жұмсалу есебін талап еткен. Ота жасалғаннан соң, бірнеше күн ішінде Жәнелдің анасына келісімшартқа сәйкес ауызша ескерткен. Содан кейін жазбаша хат жолдаған. Алайда, оған ешқандай жауап ала алмай отырған көрінеді. Осыған сәйкес «Қайырымды жандар» құзырлы органдарға арыз дайындауға кіріскенін жеткізді.

«Жәнелдің анасы келісімшарттың бірнеше тармағын бұзып отыр. Келісімшартқа сәйкес ол кісіге ауызша ескерттік. Жазбаша хат та жолдадық. Өкінішке қарай арнайы жолданған хатқа жауап ала алмай отырмыз», - дейді топ мүшелері.

Топ жетекшісі Мәулен Алғазының айтуынша, оларға берген мекен-жай бойынша қазіргі уақытта ешкім тұрмайды. Ақмарал Жақсылықовамен телефон арқылы хабарласқанда, топ мүшелеріне "Қалағандарыңды істеңдер" деп, жауап беруден бас тартқан.

«Қайырымды жандар» тобының мүшелері донор болған жігіттің мәлімдемесіне қатысты пікірлерін білдірді.

Әйгерім Нұрлыбай, топ мүшесі 

Төбемізден су құйып жібергендей әсерде отырмыз. Кеше донор болған жігіттің жайын естіп, көз алдымызға күздің қара суығында алма сатып, таңғы 3-4-ке дейін көшеде тоңғанымыз көз алдымызға келді. Сол еңбегіміз далаға кеткеніне қатты қынжыламыз. Соңы осылай жалғасатынын сезбеппін.

Дәурен Таңатаров, топ мүшесі:

Бауырымның жасаған ерлігіне қатты риза болдым. Бұл нағыз қаһармандық. Оған Алладан сабыр тілеймін. Алдағы уақытта денсаулығы дұрысталып, оңалып, ойға алған жоспарлары іске асса екен деймін.

Данира Біләлова, топ мүшесі 

Жәнел үшін үлкені бар, кішісі бар, бүкіл халық болып жүгіріп едік. Енді осы мәселеден кейін осындай қайырымдылық шараларын өткізер болсақ, ел сенбейтін болады.

Ыбырай Бота, топ мүшесі:

Мені бір мазалаған ой – біз 12 миллион теңгені табыстап жатқанда Ақмарал Жақсылықованың жүзінен ешқандай қуаныш сезімін байқамадым. Адам осындай сәтте көзіне жас алып тұрып қуанушы еді. Өзіміз, яғни топ мүшелері қорапқа салынған әрбір тиын үшін жанарымыз жасқа толатын.

Нұрмағамбет Ешей, топ мүшесі:

Біздің мақсатымыз – көрсеткен қайырымдылықты міндетсіну емес. Осындай кейбір жандардың қателігінен көптеген жарымжан балапандар зардап шегетін болады. Көздегеніміз – іс әділ шешімін тапса, халықтың қайырымдылық жасауға деген ниеті жойылмайды. Істің артын күтеміз.

«Қайырымды жандар» еріктілер тобының мүшелері 12 миллион теңгені қалай жинағандарын еске түсіріп, еңбектерінің еш кеткеніне өкініштерін білдірді.

Гүльзира Дүтбаева, топ мүшесі:

Бізге қаншама студенттер көмектесті. Алматы, Шымкент, Ақтау, Жезқазған қалаларындағы «Қайырымды жандар» тобының қалай тер төккенін айтып тауысу мүмкін емес. Кейбірі арнайы уақытын бөліп, концерттер өткізді. Ал бірі көшеде жүріп тосап сатты. Ақтау «Қайырымды жандары» күздің күні сайқымазақ болып көшедегі жұртпен сүретке түсіп ақша тапты. Тіпті біздің қыз-жігіттер елден «Сендер - алаяқсыңдар» деген сөздерді де естіген. Осының бәрі аяқасты болды.

Қайырымды жандар тобының мүшелеріне Ақмарал Жақсылықова өз күйеуі туралы теріс пікір қалыптастыруға тырысыпты.

«Айта кетерлігі, Ақмарал Жақсылықова қайырымдылық шараларына қызығушылық танытпады. Ал жолдасы туралы бізге маскүнем, нашақор деген сияқты сипаттама берді», - дейді топ белсенділері.