ҰРЛЫҚ ІЗІ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНЕ АЛЫП КЕЛДІ

krazha_nefti

САЛАФИТТЕР МЕН ШЕНДІЛЕРДІҢ ЫМ-ЖЫМЫ БІР БОЛҒАНЫ МА?

Ақтөбедегі атышулы мұнай ұрлығына қатысы бар деген күдікпен Ішкі істер министрлігінің лауазымды шендісі ұсталды деген хабар таратылып, жұрт жағасын ұстап есеңгіреп қалды. Елімізге әйгілі болған бұл іс бойынша 16 адам бұған дейін де тұтқындалған болатын. Батыстағы экономикалық ірі қылмысқа қатысты тұтқындаулар енді Астананың өзінде де жалғасып жатыр. Демек, ұрлық ізі Ішкі істер министрлігінен бір-ақ шықты деген сөз.

Жұрттың жағасын ұстайтындай жағдай, бұл жолы басқа емес, кез-келген қылмыстың алдын алып немесе әшкерелеуге міндетті Ішкі істер министрлігінің лауазымды тұлғасының қолына кісен салынды. Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Рахат Ахановты тергеу үшін Ақтөбеге шұғыл жеткізуге тура келген. Оған осы аймақта қара алтын ұрлаумен айналысқан топқа қолдау көрсеткен деген айып тағылып отыр. Бұған дейін Рахат Аханов бірнеше жыл бойы Ақтөбеде облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болған екен. Жазда болған қаладағы лаңкестік қанды оқиғадан соң Аханов қызметін ауыстырып, Астанаға кеткен-ді. Соңғы деректерге қарағанда, жоғары шенді полицей Ақтөбедегі қара алтын ұрлаған мафияның әрекетіне көз жұма қарап қана қоймай, тіпті мұнайды өткізуге тікелей көмек беріпті. Әрине, тегін емес, қомақты қаржыны қалтаға басқан деген күдік бар. Осы қылмыстық топты «Ағайынды төртеудің» серкесі Еркін Ізбасар басқарғаны айтылып келеді. Ал оның туған-туыстары бұның бәрі мүгедек жанға жабылған жала деп айқайға басуда. Арбаға таңылған ол қазір сыбайластарымен бірге қамауда отыр. Осы оқиғаға байланысты БАҚ-та таратылып жатқан деректерге қарасақ, қылмыстық топ құрамында болған 16 адамның арасында салафиттер мен құқық қорғау органдарының өкілдері бар деген ақпараттар үсті-үстіне төпелеп түсіп жатыр. Оны жоққа шығарған ресми орындарды да көрмедік, соған қарағанда бұл хабарлардың қате-қағыстығы жоқ сияқты. Сонда қалай болғаны? «Жел тұрмаса шөптің басы шайқал­май­ды» демекші, бұл әңгіме тегін қозғалмаған секілді. Ақтөбеде мұнай ұрлығы туралы осыдан бірнеше жыл бұрындары да дүркін-дүркін өсек-аяң етек алғаны бар. «Шенділер мұнай ұрлаушылардың ізіне түсіп, ұрлықтың бетін ашыпты» деген алып-қашпа әңгіме аймақты аралап кеткен-ді. Бұл ақпараттың ұшқырлығы қандай болса, ұмытылуы да соншалықты тез өтті. Оған не себеп болғанын кім білсін, ақыры «жабулы қазан жабулы күйінде» қалған. Өйткені қара алтын ұрлығы үшін жазаланғандар туралы ешқандай ресми ақпарат таралған жоқ. Өсек-аяң есепке алынбайтыны белгілі, айтылады, қалады. Оның үстіне көптің аузына қақпақ қоя алмайсыз. Ол кезде ұрылардың салафиттер екендігі, тіпті оған шенділердің қатысы бар деген ой ақтөбеліктердің үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін-ді. Жазда шаһарда болған қанды оқиғадан соң ғана қарапайым қала тұрғындары желдің қай тұстан соғып жатқанын енді түсіне бастады. Ал, ұрлыққа шенділердің тікелей қатысы бар деген жаңалық батыстықтардың басына жай түскендей әсер еткені рас. Тағы да сол қанды оқиғада қала тұрғындарын қорғау жолында шыбын жандарын берген полиция қызметкерлерлеріне құрметпен қарайтын ақтөбеліктер шенділерге шаң жуытқылары жоқ, көңілдері қимайды қылмыс жасады дегенге. Бірақ деректің аты – дерек, оның үстіне ресми түрде жария етілуде. Бұл жерде сенбеске, иланбасқа амал жоқ. Әрине, жарияланған деректер толық дәлелденсе біздің даңқты құқық қорғау­шы­лар­дың беделіне дақ түскені өкінішті болмақ. Алдында айтқанымыздай, бейбіт адамдарды қорғау жолында жанын қиған жап-жас жігіттердің рухы да о дүниеде тыныш таппасы анық. Соңына шулатып бала-шағасын, жылатып жесірін қалдырған ер-азаматтар не үшін айқасты, кім үшін жанын берді?! Әріптестерінің қан төккен лаңкестермен ауыз жаласқаны тірі түгіл өлінің өзін табыттан тұрғызарлық жағдай емес пе? Қазақ атамыз бұндайды «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп атаған екен. Десек те мемлекеттік қызметкерлер атына кір келтірген бірді-екілі шенділер үшін бүкіл құқық қорғау саласына қара күйе жаға салуға болмас. Екінші жағынан, бұл жайына қалдыра салатын қатардағы жағдай емес. Себебі қоғам мүшелеріне заң-зәкөнді түсіндіріп жол сілтейтіндердің беделі биік, ары таза болуға тиісті, жұрт соларға қарап сап түзейді. Әрине, бұл істі тиісті орындар тексеріп, қылмыскерлер жазасын ала жатар. Көпшілікті қалай болды дегеннен гөрі, осындай келеңсіз жағдайларды алдағы уақытта болдырмау үшін не істеу керек деген сұрақ бірінші кезекте мазалайтыны түсінікті. Бұл үлкен мәселе, еліміздің дамуына ерекше ықпал ететін құбылыс. Мысалы, осы бағытта ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов прокуратура саласында өз қатарларын тазалауға кіріскені белгілі. Ол да оңай болып жатқан жоқ. Қол астындағылардың кейбіреулері кәдімгідей қарсылық көрсете бастады. Оны Бас прокурордың өзі ашық мәлімдеді. Ішкі істер саласындағы қыз­меткерлер тарапынан заңды өрескел бұзу мен қылмыстық істерге бару бірінші рет болып отырған жоқ. Жалпы сала жұмысы жиі сынға ұшырап жүргені де белгілі. Өткенде Мәжілістің отырысында министр Қ.Қасымов кейбір көрші елдердегідей қызметкерлерді түгелдей ауыстырып, қайта жасақтау керек деген де ой айтып қалғанына куә болдық. Бір кездерде шенділердің жалақысын өсіру арқылы жемқорлыққа тосқауыл қойсақ деген пікірлер де айтылған. Сөйтіп учаскелік полицейлердің жалақысын көтеріп, одан да нәтиже көрмедік. Баяғы жартас, сол жартас күйінде қалды. Біліктіліктерін тестілеу мен физикалық дайындықтарын тексеру де ұмытылды. Ешқандай шараның көмегі болмай-ақ қойды. Енді не істеу керек? Біздіңше бұл саладағы қылмыстардың көпшілігі материалдық байлыққа тікелей байланысты болып отырғандықтан құқық қорғаушыларға заңды жатқа айтқызғаннан бұрын олардың идеологиялық, саяси білімі мен адамгершілік құндылықтарға деген көзқарасы деңгейіне баса мән беру керек сияқты. Жемқорлыққа қатысты заңдарды әлі де барынша қатайта түсу қажет. Ал, біз болсақ айыппұл төлеткізіп, оларға жеңілдік жасап беріп отырмыз. Осы бағытта кете берсек, алдағы уақытта жемқорлықтың көкесін көретін боламыз. Жемқорлық жалғыз осы аталмыш салада ғана емес бүкіл қоғамды жайлап, жегідей жеп барады. Сөйтіп еліміздің дамуына айтарлықтай тосқауыл болып келеді. Сондықтан алдымен дұрыс идеология таңдап, азаматтарымызға сапалы біліммен бірге Отанын жанындай сүйетін саналы тәрбие бергеніміз жөн. Қылмыс атаулының, әсіресе ұрлық-қарлықтың біздің ұлтымызға жат қылық екенін жоғары оқу орнынан емес, мектептен, балабақшадан бастауымыз қажет. «Біреудің ала жібін аттама» деген сияқты ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан қағидасын бала кезден бойына сіңіру тиімді. Адамдардың бас­ты назарын қазіргідей материалдық байлықтан адами, мәдени, рухани құнылықтарға қарай бұру аса қажет. Әрине, ол үшін көп уақыт керек. Сонда ғана әрбір адам туған елімізді өркендету үшін жұмыс істеп, нақты нәтижеге қол жеткізетін боламыз.

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz