ӘНШІЛЕР ӘН АВТОРЛАРЫН НЕГЕ ЖАЗБАЙДЫ?

Ал авторлық құқықтың сақталуын  қадағалау телеарналардың ойына да кірмейді

  Осы бізде  әншілер бейнебаян түсіргенде  айтып жатқан әнінің сөзін жазған ақынның атын жазуды, яғни  авторлық құқықты бұзбауды қашан үйренеді?  Телеарналарда  да  әншілердің концерттерін көрсетіп жатқанда,  әннің  екінші авторы - ақынның аты -жөні жазылмайды... makpal  Бүгін  "Той думан" деген арнадан   әйгілі әнші  Мақпал Жүнісіова   мен  Бауыржан Рақымбеков  екеуі  ақын  Ибрагим ibragim Исаевтың  сөзіне жазылған  "Ауылға барам"  әнін әдемі шырқап жатты.  Бұл ән кейінгі кезде елдің сүйіп шырқайтын әнініе айналды. Құлаққа таныс жыр жолдары болған соң, аяғына дейін құмартып тыңдадым.   Бірақ әннің соңында титрға   "Ауылға барам. М.Жүнісова, Б.Рақымбеков."-деген  екі орындаушының ғана аттары жазылды... Әннің авторы кім, ән мәтінінің авторы кім?- ешнәрсе жазылмаған!   Бұл кеше ғана екі жыл бұрын дүниеден  өткен дарынды ақын Ибрагим Исаевтың  қайтыс боларынан   бір апта бұрын ғана Алматыдағы Студенттер сарайында  өзінің егіліп тұрып оқыған өлеңі ғой. Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта, Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа... Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам, Сүйеніп тұрып, анам сүйенген шарбаққа... - деген  жүрек   шымшитын шырайлы шумақты  ақын ағамның   асында  қоштасу сөзімде  мен келтіріп едім...   Мақпалдың сазды дауысымен  керемет әсерлі естіледі екен  бұл ақынның жүректен шыққан жыр жолдары. abylaykhan  Мүмкін, басқа жерлерде  авторлық құқық сақталған шығар деп, интернетті ақтардым.  Бәрінде солай, Мақпал мен Бауыржан ән сөздерін  өздері жазғандай  Ибрагим ағаларының атын сызып тастап шырқап тұр...  Біз ресейлік әйгілі әншілердің   ән мәтіні авторларын міндетті түрде бірінші айтатынын үлгі етіп жүреміз.   Ал сол Мәскеуде тұратын Абылайхан Оспанов  бауырымызға  бұл жақсы үрдіс бірде жұғып, бірде жұқпапты... Ол да "Ауылым жайлы жыр жазам" әніне бейнебаян түсіріпті.  Ол да  әсем, әсерлі орындайды.   Ол да... ән мәтінінің авторы - Ибрагим ағасының атын есіне де алмай шырқап тұр... Бірақ,  "Елге сапар" деген осы бейнебаянынын басқа бір жазылуында  "әні -Қ. Сәтмұхамбетова, өлеңі -Ибрагим Исаев" деген жазу бар екен...  "Қазақстанда ешкім ән мәтінінің авторын  жазбайды екен ғой" деп кейін алып тастаған болар... Мүмкін, қайта  кейін қосты ма екен авторлар атын...  ол жағын білмедік.  Данияр Сағынтаев деген әнші де айтады екен бұл әнді, kuralayбірақ ол да әнін де,сөзін де "өзі жазып алыпты..."   "Ибрагим өмірден өтіп кетті ғой, атын кім іздейді" дейтін шығар әншілер, ау, ақынның өлеңдерін жатқа білетін оқырмандары көп емес пе? Тіпті, әннің  авторы, дарынды композитор  Құралай Сәтмұхамбетова бар емес пе?.. Бұл бір ғана ән және бір-екі ғана   әншінің авторлық құқықты сақтамайтынын мысал етіп отырмыз.  Сөз ұғарлығы осы ғой деп Мақпал Жүнісовадан бастадық.... Оның үстіне  әсем әнді тыңдаған сайын кеше ғана өмірден өткен Ибрагим ағамыздың  ғазиз бейнесі елестейді де, атын эфирден көре алмай дал боламыз... Әйтпесе, бұндай құқық бұзушылық  біздің белгілі-белгісіз  әншілердің бәрінде, 99 пайызында кездеседі.  Бір ғана мысал, сол Мақпалдан кейін "Той думанда" Ділхам Исаев деген жас әнші  әйгілі "Кәмила" әнін орындады. Ол да  әнді де, сөзін де өзі жазғандай сайрап тұр.    Ау, бұл ән айтылып жүргенде бұл әнші әлі тумаған да еді ғой...   Жазбайды ма "Халық әні" деп.  Бұл ән  белгілі әнші Мәкен Әлиасқаровтың әсем орындауында елге жақсы таныс.  Оралхан Алтынбеков деген әнші тіпті әйгілі "Арыс жағасында" әнін орындап,  Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтардың өзін сызып тастап, авторлықты өзі иеленіп алыпты...  Соған қарағанда "Той думан" арнасы ән авторларын қажет етпейтін секілді... Қазір тәулік бойы телеарналарды ашып қалсаң да,  радионы басып қалсаң да, "естісі бар, есері бар"  әндер  шырқала беретін заман болды ғой...  Әсіресе, телеарналарды кез-келген уақытта қосып қалсаңыз, әншілер  бәрін өзі жазып алғандай  сайрап тұрады... Бұлардың көбісі  күнде барып жүрген тойларында да  әннің  композиторын да, ақынын да айтпай  айта береді.. Иә, авторлық құқықты сақтайтын әншілер де жоқ емес.  Әйгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың осы Ибрагим Исаевтың  "Елге сәлем" өлеңіне жазылған Қадырғали Көбентайдың әнін "Ән мен әнші" хабарында орындағаны жүр  интернетте, онда авторлардың бәрі жазылыпты, құдайға шүкір. Ал ән мәтіні авторының жазылуын, яғни авторлық құқықтың сақталуын  қадағалау  миллиондаған көрермені  бар телеарналардың   ойларына  да кіріп-шықпайды...   Әлде,  бұл  авторлық құқықты қорғау агенттіктерінің  ғана  жұмысы ма?.. Қазір бұрынғыдай  әндерді қатаң електен өткізетін көркемдік кеңестер  бар ма? Бар болса, телеарналар мен радиолардан  неге сөзі сын көтермейтін, өлеңнің  қарапайым  талаптарына да жауап бере алмайтын,  сауаты бар сау адамды ауру қылатын   әндер өріп жүр?.. Бұл енді келесі бір айтылар өз алдына бөлек әңгіменің өзегі. Қазыбек  ИСА qazaquni.kz [video width="1280" height="720" mp4="http://www.qazaquni.kz/wp-content/uploads/2016/12/Makpal-ZHүnisova-Bauyrzhan-Raxymbekov-Auylga-baram.-2016-NEW.mp4"][/video]