Қасымды еске алу

amanzholov-427x614 Биыл әйгілі ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 105 жыл толды. Төменде қазақ поэзиясы деңгейін таңғажайып деңгейге көтерген осынау атақты шайырдың көзін көріп, тәрбиесін алған көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің 1971 жылы Қасым Аманжоловтың туғанына 60 жыл толуына орай жазылған лебізі ұсынылып отыр. Әдетте, адам рухы, табиғаты екінші адам рухымен, табиғатымен бауырласқанда одан өзін бөліп ала алмай, тіпті бірі жер бетінде жоқ болғанда да, бардай тұтынып, ол туралы үндемей жүре беруі мүмкін. Үндесе болғаны, әлде бір әсемдікті, ауызбен айтуға болмайтын қасиетті бір нәрсені бүлдіріп, төгіп-шашып алатындай үнемі бір қызғаншақ сезім құшағында болады. Адамды кейде фанатиктігі үшін жазғыруға болмас еді. Өйткені, өліп кеткенше бірдеңеге алаңсыз сену – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Сол сену – сені бақытқа да, трагедияға да соқтырады. Асылында, өмір дегеннің өзі осы екеуінің арасындағы уақыт болса керек. Қасым менімен кездескенде – мен дүниедегі өлең деген құдіретке барымша құлаған ессіз бала едім. Мен өлеңді тудыратындарды әуелден әулие санадым да, оларды ұсақ пендешіліктен өз қиялымда бөліп алып, аршып, арашалап жүруші едім. Мен одан алғаш кездескенде-ақ әулиелікті дәметтім. Ол маған жауап берді. Оны сол үшін, дәметкіш ақ қөңілімді сусындатқаны үшін сүйсініп, жақсы көрдім. Ол менің алғаш қолымды алып «Шырағым, сенің сонау жазық далаңнан жаңа кеп қарағанда, мынау Алатау көкке әзер тимей тұрған ғажайып нәрсе боп көрінбек, ал соның қасында күнде жүріп үйренген соң, оның ғажаптығы ұмытылады, сен де оған қарауды ұмытасың, сөйтіп өмірдегі қуаныш – биіктікке қарай білу қуанышынан айрыласың – адамның пендешілігі, ұсақтығы да сол!» – деген еді. amanzholov Оның үстінен солдат киімі әлі шешілмеген екен. Галифе шалбар мен гимнастеркасы бар, жалаңаяғының балтыры батпақ-батпақ, қолы да топырақ күйінде; сонысын жаңа аңғарғандай қолымнан қолын ала берді де, мені таныстыруға ертіп апарған ақын Сырбай Мәуленовке қарап, сөйлей жөнелді: – Жаңа мына бір кішкентай бақтың ішінде жүрсем, бір гүл солып қапты, соған көрші үйден кетпен алып кеп, әлгі гүлді тұр­ғызып, жан-жағын қобылап, су жіберіп, сынған денесін бір бұтаға сүйеп, тірілткен бол­дым. Байғұс оңдалып кетсе дұрыс қой! – деді. Мен алдымда тұрған адамның Қасым екеніне тағы да сендім. Өйткені, жоғарыдағыдай ірі сөзден соң, нәзік сөзді де іле-шала айтып еді. Мен осы екі диалогті естіп тұрып, ойланған едім, бірақ неге ойланып қалғанымды біліп үлгіргенім жоқ, ол маған: – Домбыра тартасың ба? – деді. – Тартады, – деді Сырекең. Ол төргі үйге кіріп кетті, біздің тұрға­нымыз ауызғы үй болатын. Біз үйге кіргенде, ол жоқ еді. Ашық тұрған терезеден сырттағы бұлақтың сылдыры естілген. Ар жақтан кішкентай бақ көрінген. Біз соған үңілгенде – соның ішінде бір кішкене адам жүрген: – Осы – Қасым! – деген Сырекең. – Қойыңыз! – дегем мен, ол мазақтап тұр деп ойлап. Сол сенбеген күйімде қалғам. Ол жаңа ішке кіріп кеткенде, Сырекең маған «енді нандың ба?» дегендей сұраулы көзбен қарай қалды. Мен үнсіз басымды изедім. Менің домбыра тартуым алда болар қызықтың себебі ғана екен. Ал басталды бір ғажайып! Қоңыр салқын екіндінің желіндей бүлк-бүлк сөйлеп домбыра, енді бір шақ екілене, суырыла сайрап гармоны, таңғы ту-ту биікке шығып алып құйылтқан бозторғайдың үніндей скрипка сұңқылдап, дуылдатып, жонарқадан суық терді сорғалатып балалайка саңқылдап, үй іші бір жаннат сарай болды да кетті. Менің алдымдағы адам бірде сағымдай жоғалып, бірде қайта оралып, тілдесіп, қайта мұнарға сүңгіп, ауысты да тұрды. Әлде бір ғажайып сыйқыр күш ауларды әкеп орнатып, бақшаларды жайнатып, далада жортып, өзенде жүздіргендей еді. Біз қиялдан айыққанда, ол әлде бір арманды рақатқа батып, қызара балқып, көздері мейірбандана жайнап, аппақ көңілінен бусанып отырған еді... Я, бұл ең бірінші кездесу болатын. Бұл – 1948 жыл еді. Тұрмыс әлі де ауыр болатын. Институтқа жаңа кеп түскенмін. Стипендиям жоқ болатын. «Сен біздің үйде жағдайың туғанша тұра тұр!» – деді ол. Мен жарты жылдай онымен түз-дәмді бөліп ішіп тұрдым. Ол үшін ақын жары Сапекеңе де алғысым бөлек. Кейін бірқатар жыл мен жүздеген күнді бірге кештік. Мен одан қатты қорқатынмын. Өйт­кені, мен оны қатты жақсы көретінмін. Қорыққанда оның мүлде қатты ашуынан, асау, қиын мінезінен емес, көзіне келіп тұратын жасынан қорқатынмын. Ол мен көріп жүргенде жылаған пенде емес. Бірақ ылғи да не қуаныштан, не реніштен оның сол жасы шашырап кететіндей болатын да тұратын. Ол өлер алдында да жылаған жоқ. Менің қорқу себебім ол да емес шығар. Мен оны әлдебір бейшаралығыммен мәңгі ренжітіп алам ба деп қорқуым да мүмкін ғой. Оны өмірі бір мезет жек көріп көргенім жоқ. Өкпелегенім де жоқ, кінәлағаным да жоқ. Адам жақсы көретін адамын үнемі жақсы көре бермейді. Сан ренжісіп, сан татуласады. Ол дегенде менде мұның бірі де болған емес. Не ғажабын білмеймін. Әлі күнге дейін ол туралы сәл жақпас сөз естісем, менің жүрегіме инедей қадалады. Мен жүдеп, қи­налып қалам. Қасым қия­наттан сан жапа шеккенмен, қиянат жасай алған адам емес. Қасым «мені орға жығып кетті» дегенді ешкім естімесе керек. Қасым жастарға ерекше жақын еді. Оның тұсында шыққан жастар кітабының редакторы да үнемі сол болатын. Ол өзінің адамға тән кемшіліктерін білетін де, оған шексіз берілген жастарға сол мінезім жұқпаса екен деп қиналатын. Өзіме сол мінездерін талай айтып, одан бездіру үшін, оны тудырған өмір жолындағы себептерді түсіндіретін. Парасаттылықты үгіттеуші еді. Адамдық, азаматтық ірілікті ардақ­тайтын. Оның жырларының қуат-құлашы диапозоны да сонда болатын. Оның сөз құралының ірілігі де, тосындығы да табиғи болатын. Ол өтірік өртенбейтін. Түбегейлі, түгел қозғалып, бар болмысы тұтас тебіреніп, ұласа-ұласа келіп, қауырт тұтанып, бір-ақ лау ете түсетін де, алаңсыз жанатын. Мұндай өнер иелерінің сиректігі де сондықтан шығар. Қасымның замандасы ақын Әбділда Тәжібаевтың жақсы айтқан сөзі бар: «Ол алыстаған сайын, өзінің іздеп барып қазынасын, жаңа асылын алып қайта беретін талант иесі!» – дегені барынша әділ. Қасымның творчестволық жоспарлары мен оны орындау қайраты мол еді. Бірақ мезгілсіз ажал соны түгел орындауға мүмкіндік бермегені белгілі. Ол әрі-беріден соң сол кезге дейінгі жасаған еңбектерін алдағы бір үлкен серместің, кең жайылудың, мол толысудың әзірлігі деп қарайтын. Оның күн сайынғы құлшыныстары, атқан таңды қарсы алуы ерекше үмітті, шұғылалы еді, жаны барынша сергек болатын. Шын мағынасында ол көп нәрсе жасайтын, бірақ жасауға жете алмай кеткен адам. Оның: «Келмейді өлгім, келмейді өлгім, қайратым қайда, келші осындайда» дегені мәлім. Біз оны еске түсірген сайын, оның поззиясының ел ұмытпас қасиетін жаңа ұрпақ, жас толқынның ойына салу үшін осынша сөз айтамыз. Ол еңбегіміз еш кетпейтінін білеміз. Ешбір нағыз талант табиғатында ерке, сері болғанымен, есер болмайтыны мәлім. Азамат болатыны айқын. Өйткені, олар әманда халық еншісіндегі адамдар. Ал халық ақымақтарды сыйламайды. Ал шын асылдар қашанда жарқырамақ, ұзақ жарқырамақ. *** Өзің дала баласы болып, даланың сары самалын, кең мөлдір аспанын, көсілген жазығын, мұнартқан тауларын, оның омыуынан бұлқынып аққан бұлағы мен жал жиекті көлін жанын бір аңсап, сағынып кеткен кезінде кезе жөнелгің, аралап кеткің келетін шағың бар-ау! Сонда балағыңа балаусасы оралып, маңдайыңнан майда жел сүйіп, көкірегіңде күмбірлеп күй толып, қиялың қияға жетелеп, қуаныш құшағына сәбидей бөленіп, сонау адыр белес, көкжиекке, алысқа, алаңсыз беріліп алаңсыз тарта бермеймісің. Жан-жағыңда күн сәулесі төгіліп, бір жерден гүл алып иіскеп, бір бұлақтан су ішіп, биіктегі бозторғайға, еркіндік құсына елте қарап, тарта берсең, тарта берсең! Бір мезет асауша ғана бұлт шауып кеп аспанға, жал, құйрығынан жалын төгіп, кісінеп өтсе, артынша аспаннан ақ нөсер, жұпар жаңбыр себелесе, дала тағы пәк қалпына оралса, жолаушы бақыты сол емес пе!.. Нағыз өнер перзенті, үлкен талант иеле­рінде де табиғат жомарттығындай жомарттық, сондай кең құшақ, сондай жанының кең өлкесі, шақырар әсем шалғайы бар, сайрап жатқан жолы бар. Олар жасаған тамаша суреттер, көркем көріністер, сырлы, сымбатты адамдар, тілі тәтті, қылығы қызық тіршілік құбылыстары, бәрі-бәрі жаңағы жайсаң даладан айнымас болар. Қасым Аманжолов – осы айтқан қасиетті өнер иесінің дарқан даланың жақсы перзенттерінің бірі. Әруақыт ауызға алар, сүйісініп еске түсірер халқының қалаулы ұлы. Қазір кітап қолтықтаған жас та, баласына білім, өнер ұсынған қарт та оны жақсы біледі. Ол халқы жүктеген асыл міндетті, ақындық пен азаматтықты қатар алып жүрді, қатар атқарып шықты. Қасым қазақ өлең-жырына несімен қымбат, несімен өнеге дегенге келсек, ең алдымен, өзі кешіп өткен тіршілік тұсында халқының қайта туған дәуірін, сол халық тудырған жаңа адамдар бейнесін, олардың қуаныш, сүйініштерін, басынан өткен бел-белестерін барынша шыншыл, ақиқат күйінде, «мынау бізбіз» деп өздері танып аларлықтай айқындықпен жырлаған ақын. Оның поэзиясының барынша шыншылдығы, мөлдірлігі, тірлігіндегі жанының тазалы­ғынан, адамдық жүректің ондағы қуаттылы­ғынан, сезім тұтастығынан туған. Өмір құбылыстарын дәл екшеп, бағалауда, бәлкім, жаңсақ басармын деп қорықпауында, батылдығында ақынға бітер адалдық бар. Екіншіден, Қасымдағы ақындық үлкен таланттың толассыз жеміс беруі, еңбек сүйгіштігі. Үздіксіз жұмыс істеген Қасым қаламы өз уақытына, дәуіріне сай белгілі шығармаларды туғызды. Дәуір, заман жүктеген қызметті, ақындықты ойлылыққа, идеялылыққа, саналылыққа бағындырған ақын. Оның ақындық қызметінде бейберекет тасып-шалқу, қобырау жоқ, ұйымшылдық, жинақтылық, темір тәртіп бар. Ақындықты жанама әрекет, әсекілік, ермек тұтпаған. Қасиет тұтқан, ардақ тұтқан. Оған шаң жұқтыруға жоқ, шаршап-шалдығуға бар. Сонымен бірге әдебиет қайраткері қатарында бүкіл әдебиет қызметкеріне деген достық көмек, ағаға – тілектестік, қолқанат, ініге – ұстаздық етіп өткен адам. Өзінің белгілі шыншылдығымен, бірбеткей әділдігімен өнер иесінің талайына жақсылық еткен кісі. Жалған мадақ, нем кетеді деушілік, сипай салушылық онда болмаған. Үнемі ұқыптылық, үздіксіз қадағалау, әдебиет өнеріндегі азғана құбылысты, жаңалықты қастерлеп, алақанына алып жүріп айту, жаңа қалам, жас жеткіншекке ұстаздықтан жалықпау, оларды алдымен шыншылдаққа, адалдыққа, азаматтыққа баулу, алғашқы жылы сөз, жақсы көңілге масаттанбау. Әсіресе, ақындықтың балаң кезіндегі қауіпті мінездерден, ұрыншақтықтан, әсіре-қызылдықтан, әуесқойлықтан қызғыштай қорушы еді ол үміт күткен адамын. Жаны мырза, жүрегі жомарт ол өз кемшілігін өз көзіме басар деп, табалар деп қорықпастан кімге болса да айтатын. Қысқасы, нағыз ақын, азамат орнында халқы құрметтеген, еңбекші қалпында аз өмірін абыройға бөлеген адам. Қасым еңбектерін, ақындық жемістерін қазір санап, екшеп жатар кез емес. Оның қайтыс болған соң жарыққа шыққан үш томдық еңбегі оқушы жұртшылықтың қолында, аяулы, асыл мұрасы халқының меншігінде. Я, ол даланың шын баласы еді: Шықшы тауға, қарашы кең далаға, Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға, Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма? Неткен ұлы, неткен байтақ жер едің, Жүрегімді нендей күйге бөледің. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлем, Бұл дүниеде арманым бар дер ме едің? Барынша шындық, барынша ақтарылу, қысылмай, қымтырылмай отырып, ақындықпен туған еліне сырласу емес пе бұл?! Қасым поэзиясының алтын қазығы, ең үлкен өзекті тақырыбы – адамзат бақыты, өлмейтін өмір, адамның ұлылығы, кісілігі, азаматтығы, шуақ көңіл, шат тұрмыс, татулық, достық, тыныштық, рахат еңбек. Ол туған Отанын барлық қуатымен шабыттана жырлағанда, осынау өзі қастерлеген арманды жүзеге асырамыз дегендік үшін, сол жолдағы қаһармандық, ерлік күресі үшін сүйетін, барынша шын, риза бола сүйетін. О, бақыт! Бақыт деген ол не нәрсе? Бақыт па, біреу жұлып қолға әперсе? Бақыт ол әр адамның өзінде екен, Бойынан шығады екен шын тебіренсе! Бақыттың өзі – еңбек, аты – еркіндік. Қадірін, не екенін жаңа білдік. Бақыттың орнатайық алтын тауын, Бер еңбек! Бер еркіндік! – деп сілкіндік. Ақылдың ашылды енді бұлтты аспаны Бір жібіп жанымыздың қатқан тоңы! Қайратты таланттың, ақылға бағынған асау күштің, бұрқыраған сезімнің, тегеурінді терең ойдың жемісі бұл! Туған елі өлеңнен құя салған, Алдыңызда отырған мынау Қасым, – дегені де сол. Тұла бойы қып-қызыл шоқтан жаралған, қайырымды, қасиетті адам жасаған үлкен жырдың бір ғана мықты шумағы «Өлмес өмір елеңін жазып жүрмін» деуші еді, ол соны жақсы жазып кетті. Жер атты ұлы планетаның денесін жарақаттауға, оның сүйікті перзенті – адам ұрпағын құртуға құныққан дүние жауларына ашулы, кекті ақын: «Қасиет, күші ұлы Отанның, Қанатын бер ұшқан құстың. Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың, Күллі әлемнің ашу-кегі, Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек! – деп, ақынға бітер қуаттың, өнердің арқасында осы бір ғажайып шумақ өлең арқылы әрбір адамның ұлылығын, жүрегінің сүю күшін, ерлігін айтып берді, біздің жеңу себебіміздің өзін айтып шықты. Осынша ашулы, ызалы ақын өзінің ақындық нәзіктігін де ұмытқан жоқ, атақты әні мен сөзін өзі жазған «Дариға» өлеңінде жау шеңгелінде жараланған өмірді, қансыраған қайран тұрмысты, жоғала жаздап табылған өмірді мұңдана, әлдилей, еркелете, аңсап жырлады. «Дариға» музыкасымен қатар орындал­ғанда, Ұлы Отан соғысының миниатюралық тарихы секілді сезіледі. Мұнда адамның жан құбылыстарының бәрі бар. Қасиетті көз жасы, шынайы мұңы, ашу-ызасы, қаптаган кегі, қайраты – ақтығында жеңудің қуанышы, жан масайрауы, рахат тыныштық лебі ескендей. Қасым өмірінің бір бақыттылығы онда екі бірдей егіз талант тоғысқан. Қасым композитор еді демесек те, күшті музыкант еді. Ол музыканың ең белгілі бес аспабында қатар ойнайтын. Бірде саусақтары астыңғы, үстіңгі шекті қатар үлгіріп, жылжыта басып, домбыраны қоңырлатса, іле-шала құлаштап, омырауына бұлбұл қондырғандай, гармоньды сылқылдатып, бірде дала құшағына созылып аққан бұлақтай сүйкімді сыбызғыны сызылтатын. Осының бәрі қосылып, ақын сарайының әдемілігін, көп сырлылығын, жұмбақ та қызық жан дүниесінің көркін толтырып, ұйыта тыңдатып, жыға балқытатын. Қасым творчествосының қадірлі ықпалы, әсері, тәрбиесі өзінен кейінгі буындардың бәріне де күшті тиіп келді. Осы күнгі ел жақсы көріп, жақсы жеміс беріп жүрген қазақ ақындарының жас күштерінің Қасым ықпалын сезбедім, оған еліктемедім, одан үйренбедім деген бірі жоқ деп сеніммен айта аламыз. Жасыратыны жоқ, соғысқа дейін өз замандастарындай бір ғана тақырыпты, заман тақырыбын, жадағайлау жырлап, жас дәуренін, бал махаббат қызығын өз творчествосында оңаша бүктеп қалдырған Қасым соғыс кезінде бар қуаныш, сүйінішімен, қайғы-мұңымен жарқырап көрінді. Қазір бәрінің орны толды, қызықты, тәтті асыл дәурен жас шағының өлеңі де, жыры да өз орнын алды, жарық көрді. Бұдан соңғы дәуірде Қасым қазақ өлеңінде лирика жанрын мәдениетті, салдарлы дүние поэзиясының қатарына өрлетуде зор еңбек сіңірді. Қасым туралы көп жазуға, көп айтуға, оның қалың оқушысына сіңірген еңбегіне көп тоқталуға болар еді. Біз, өзімізді ақындық қызметке арнаған азаматтар, қазіргі буын, келер буын әр кезде шешініп отыра қалып, Қасымның әдебиет зерттеушісі болмай-ақ та, ол туралы пікірімізді айта аламыз. Қасымның бізге істеген жақсылығының бірі осы. Қазіргі қазақ әдебиетінің қатары екі жүзге жуық адам болғанымен, оның бәрі Қасым Аманжолов емес. Сен ол болмадың деп кінәлау да дұрысқа жатпайды. Әркімнің өз орны, өз өрісі бар, шама-шарқы бар. Әр уақыт бір тілек: жақсы өлең жазсақ екен деген талап Қасым секілді нағыз қайраткер, үлкен ақынды еске түсіргенде, өз тарапымыздан айтылып қалуға тиісті. Шынын айтуымыз керек, өлеңді мақалаға айналдырып, күнделікті шаруамызға жаратудан сол күнделік қана пайда шығады, мәңгілік өнер шықпайды. Мынау – өлең, мынаны оқы деп нұсқағанмен, тыңдаушың оған көнбейді, онан күнделікті жаңалық айтқан хабардың өзі артық. Біз бәрін ел үшін, қоғам үшін істегендіктен, өлең мен өлеңсымақ арасын үнемі ажыратып отыруымыз керек. Мақсат күнделікті газет, журналға өлеңіміз шықса оқылып, нашар болса ұрсылып, кінәланып отырса екен. Әйтпесе, әйтеуір біреуі дұрыс шығар деп, қобырата беруіміз мүмкін. Қасым Аманжолов алпысқа толды. Оның сандаған шығармалары мен аудармалары туралы аттарын атап, егжей-тегжейлеп жату – зерттеу жұмысының міндеті. Кәдімгі бәріміз секілді істеген ісінде кемістік, мін онда да болған. «Мініңді жой» деуге ол арамызда жоқ. Әрі-беріден соң, өмірі арманға толы, тіршілікке құштар ақын: «Шіркін-ай, осы дерттен айықсам, бар істеген жұмысымды қайта бір қарап көрер ем, маған мұның бәрі нағыз ақындыққа әзірлік тәрізді, тіпті қомсынамын», – деуші еді. Қасым Аманжолов өзінің алпыс жасында арамызда болмағанымен, елінің көңіліндс, көкейінде. Оны сол туған елі тіршілігіндс жақсы, тәтті жырларымен бізді разы қылған аяулы азаматымыз, асыл еңбек иесі деп еске алады, қадір тұтады. qazaquni.kz