Талдықорғанда «Көктем Grand» көпсалалы қонақүйі ашылды

Тұңғыш Президент күніне орай облыс орталығының оңтүстік-батыс ауданында орналасқан 16 қабатты әлемдік деңгейдегі «Көктем Grand» көпсалалы қонақүйі ашылды. Оған облыс басшысы Амандық БАТАЛОВ қатысты.

2015 жылдың мамыр айында 2, 16 гектар жерде құрылысы басталған нысанның бүгінгі келбеті көрген жанның көз жауын алады. Қаламызда алғаш рет бой көтерген ғимарат әлемдік деңгейде салынған. Көпқабатты қонақүй көпсалалығымен де ерекше әрі ұтымды болып тұр. Өйткені бұл нысанның алғашқы 8 қабаты бизнес орталығы болса,  қалғаны жатын бөлмелермен толыққан. Бұл тек қонақүй ғана емес, бір жағында 25 метрлік жүзу бассейні, бір жағында 500 орынға арналған мейрамханасы, мәжіліс залы, кеңсе бөлмелері бар нағыз кешен. Стандарт нөмірлері тәулігіне 20 мың теңге болса, люкстары 40 мыңнан басталады. Оған жатын орын, таңғы ас және фитнес бөлмеде шұғылдану жаттығулары кіреді. Аталған жаңа нысанда бүгінгі күні 160 адам жұмыс істеуде.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов  шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер туралы айтып, облыс орталығына заман талабына сай көпсалалы қонақүй салуға мұрындық болған жер жаннаты Жетісудың төл перзенті, жеке кәсіпкер Мұрат Әділхановтың еңбегін ерекше атап өтті.

–  Тұңғыш Президент күніне орай жайдарман жаңалықтар көпшілігімізді қуантуда. Бұл – біздің жетістігіміз бен жеңісіміз. Мемлекет басшысы облысқа келгенде бірқатар жұмысты тапсырды. Жетісуды гүлдендіру мақсатында берілген тапсырманы 16 тарауға бөліп, әрбір тарау бойынша жұмыс істедік. Сол аталған тапсырмалар жоғары деңгейде атқарылды. Облысымыздағы орта және кіші бизнес 2013–2014 жылдары 20 пайызды көрсетсе, 2015-2016 жылы аталған көрсеткішті біз 38 пайызға арттырдық. Мұның барлығы жеке кәсіпкерлердің еңбегі. Алдағы уақытта да туып-өскен жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына біркісідей атсалысып, ел болашағы жолында жақсылық жасауға асығып жүрейік, құрметті жерлестер. Елімізге тыныштық, Елбасымызға амандық тілеймін. Мереке құтты болсын! – деді облыс басшысы.

Қуанышты сәтті жерлестерімен бөліскен «Көктем Grand» компаниясының төрағасы Мұрат Әділханұлы өз кәсібін жаңғыртуға жағдай жасаған Елбасына, ұтымды ұсыныс білдіріп, туған жерді көркейту мақсатында ілкімді істер атқарып жатқан облыс әкіміне алғысын айтты.

Қонақүйдің салтанатты ашылу рәсімі жасалған соң  жиылған барлық қонақ кешенді аралап,  ризашылықтарын білдірді.

Еңлік КЕНЕБАЕВА,

"Жетісу" газеті