АЛЫПТАРДЫҢ АМАНАТЫ немесе Мереке Құлкеновтің «Үрейі» һәм басқалар туралы

img_7138 Біз Алматыдай әсем шаһарда тұрамыз. Мен Мереке ағаны қазір де жиі көріп жүремін. Өзгелерін қайдам, ал мен ол кісінің осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын әдебиетіміздің бірқатар классиктерімен бірге жүріп, інілік ізеті мен сыйластығын танытқандығына да куә едім. Соның бәрінде де сол алыптарымыз ол кісіні үлкендердің тәрбиесін, зиялылығын, өнегесін көрген әрі үлкенді сыйлағыш, ініге ізетшіл азамат деп білетін. Кезінде солардың: «Мерекежан-ау, сенің тәп-тәуір талантың бар, саған енді тапжылмай отырып жазу қажет», – дегендерін де талай рет құлағымыз шалған… Содан бері Мәкең көзге түспей жатса, ол кісі таудың бір тыныш жерінде қамалып алып, жазу жазумен ғана шұғылданып жатыр-ау деп ойлайтын едік. Сол сеніміміздің өзімізді ешқашан алдамағаны тағы шындық… Дегенмен, Мереке ағаны еліміздің рухани үрдісінде жаңа бір қырынан танытып, таудай биік тұлғаға айналдырған кезеңі – республикалық «Ана тілі» апталық газетін басқарған жылдары екендігі ақиқат. Олай дейтін себебіміз, «Ана тілі» газеті бұрыннан-ақ біраз жылдық тәжірибесі бар, әбден қалыптасқан, өзінің атына заты сай, әрі танымдық-тағлымдық мәні ерекше газет болғанмен, бұл басылымның басына жазушылығы мен журналистігі бірдей әрі өмірлік тәжірибесі мол Мереке Әбдешұлы келісімен, оның еліміздің қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени өмірімен байланысы жаңа бір қырынан өрісін тапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барша алаш жұртынан сүйінші сұрай келген талайғы салалық газеттердің бертіндегі тағдыр талайы қалай болғандығын әлеуметтің өзі де көрді ғой!.. Бірақ, Мереке Әбдешұлы бұл басылымды тұралатқан жоқ, қайта оның алдағы жүрер жолын тың соқпақтарға салып, шабысын әбден өзінің бабына келтіре бастады. Мен өз басым бас редактор Құлкеновке «Ана тілін» ел оқырмандарына жаңа бір қырынан танытып, ел зиялыларының әр санын асыға тосып отыратындай оқылымды, жаңалығы мол әрі өмірдің өзіндей шынайы басылымға айналдыруына оның біліктілігі мен тәжірибелілігінің көп септігі тиді-ау деп есептеймін. Зерттеушілер бұл тұрғыдағы өз сөздерін әлі де айта жатар, бірақ, бас редактор Құлкенов бірінші кезекте «Ана тілінің» журналист-кадрларын дұрыс іріктеп, дер кезінде оларға дұрыс бағыт сілтеп, дәл сол кездегі бүтіндей қоғам, қазақ жұртшылығы, тіл жанашырлары мен ел жанашырлары бірдей үміт етіп, асыға күткен зәру мәселелерді дәл уағында орынды көтеріп, соған оқырман-жұртшылықты да батыл түрде араластыра алды. Осы газеттің арқасында мемлекеттік тіліміздің хал-ахуалы мен алдағы болашағы газет ұжымы, не тілші-ғалымдар, әдебиетші-мамандар, тіл бірлестіктері мен әр деңгейдегі тіл комитеттері белсенділерінің ғана емес, қайтсек Тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, қайтсек ұлттық, мемлекеттік мәселеде жұдырықтай болып жұмыла аламыз деп осыншама бас ауыртқан барша қоғамның да кезек күттірмес мәселесіне айналды. Мүмкін, осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын, ұлт газетінің негізін қалап, болашаққа аманат, өсиет етіп кеткен Ақаңдар мен Жақаңдардың көргісі келген ұлт газеті де дәл осындай газет болған шығар?!. Құлкенов басқарған «Ана тілінің» бұл жетістігін сол кезде тұңғыш Елбасымыз бен Үкімет және Парламентті басқарған қайраткер тұлғаларымыз да көрмеді, білмеді деп айта алмаймыз. Мәселен, 2004 жылы «Ана тілі» газетінің бас редакторы Мереке Құлкенов мыңдаған газет оқырмандары атынан тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа шығып, сан тарау салиқалы сұрақтар қойғанда, Нұрсұлтан Әбішұлының оған ықыластана әрі үлкен жанашырлықпен жауап бергені күрмеуі көп мәселенің өзегі әбден пісіп-жетілгендігін де аңғартар еді. Және де, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты Елбасымен болған аталмыш сыр-сұхбат өзінің «өтпелі кезеңінде» тұрған «Ана тілі» газетінің ғана емес, мемлекеттік тілді өзінің жаны, рухы, ділі санайтын бүгінгі тәуелсіз еліміздің рухани-мәдени өмірінің алдағы даму бағытын да айқындап бергендей болды. Сонымен бірге, бұл газет тек мемлекеттік тілдің ғана ауқымында қалып қоймай, тіліміз арқылы тарихқа да, саясатқа да, этнологиямызға да, ғылымға да, әдебиет пен өнерге де кеңінен қалам тербеп, жаңа авторлар тартып, жер-жердегі оқырмандар аудиториясының ауқымын да кеңейте түсті. Біз әлі күнге дейін талқыға салып, мемлекеттік дәрежедегі бір шешімін ала алмай келе жатқан «тіл полициясы», «тіл инспекциясы» дегендердің негізін де алғаш осы басылымның өзі қалап, соның барлық қара жұмысын да осы басылымның бір өзі ғана атқара бастады. Соның бәрінің көптік еткендігіне қарамастан, бас редактор Құлкенов «Ана тілінің» қоғамдағы беделі мен оқырман-жұртшылықтың өздеріне деген үміт-сенімдерін ақтап, газет редакциясының жылма-жыл Тәуелсіздік талаптары негізінде Қазақстанның әр аймағына жүйелі түрде экспедициялар ұйымдастырып, тақырыптық зерттеулермен шұғылданғандығын да естен шығара алмас едік. Жылма-жылғы «Ана тілі» аруы» байқауларының алғаш негізін қалап, оны республикалық деңгейдегі ел мерейіне айналдырып қойған да баяғыдағы атақты редакторлар Қасым Шәріпов, Сапар Байжанов, Сейдахмет Бердіқұлов, кешегі айбыны айдай жерге дейін жететін атақты Шерхан Мұртазаның ұлттық журналисти­камыздағы, журналистикамыз бен мәдени-рухани өмірімізді байланыстырудағы жолын жалғастырып, үлгі-өнегелерін өзінің бойына ілген осы Құлкенов болатын. Әрине, Құлкеновтің баспасөз қызметіндегі бай іс-тәжірибесі, ақ-адал еңбегі, алғырлығы мен бергенінен гөрі, бережақтарының әлі көп екендігі дер кезінде бағаланбай қалды деп те айта алмаймыз. Ол Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері, Президент сыйлығының иегері, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының Құрметті профес­соры да атанды. «Достық» орденімен марапатталды. Ал, 2006 жылы Мереке Әбдешұлы «Қазақ газеттері» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің Бас ди­ректоры – Редакторлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Оның қаламгерлік тұлғасымен бірге, қайраткерлік тұлғасымен жарқырап көрінген тұсы да – осы кез. Мереке Әбдешұлы бұл мекемені үш жылға жуық уақыт бойына басқарыпты. Осы жылдардың ішінде ол өзінің «Ана тіліндегі» бай шығармашылық тәжірибесі мен бұрын көп сырын алдыра бермейтін көптеген шеберлік қырларын бүтіндей «Қазақ газеттеріне» қарасты басылымдардың шығармашылық жұмыстарына батыл түрде енгізе алды. Бұрын да тап өздері деңгейлес өзге басылымдардан кенжелеңкіреп қалмағанмен, «Ана тілі», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль» журнал­дарының жұмыстарында да кәдімгідей бір алымдылық байқалды. Бас директор Құлкенов қағазбастылық пен жиналыс­құмарлыққа онша көп үйір емес екен. Бірақ, ол кезінде осындағы қай редакция­ның да шығармашылық ахуалына айрықша мән берді және бұл жағын үнемі өзінің назарында ұстап отырды. Әр редакцияда ілездемелер уақтылы түрде өткізіліп, ондағы өздерінің жақсы қырынан бағалан­ған материалдар мен олардың авторлары бертінде бірден назарға алынып, кейін олар шығармашылық және материалдық тұрғыдан лайықты түрде марапатталатын жағдайға дейін жетісті. «Қазақ газет­терінің» тарихындағы тағы бір белесті кезең – оның жанынан еліміздегі тұңғыш «Экономика» газеті мен «Үркер» әдеби жастар журналының шыға бастауы болса, олардың да алғаш тұсауын кесіп, сәт сапар тілеген – қайраткер-қаламгер Мереке Әбдешұлы болатын. Қазір тек тәубә дейміз, бұл екі басылымның аяқ алысы жақсы, алдағы ғұмыры да ұзақ болатын түрі бар. Қазақ баспасөзінде алыптар қай кезде де аз болмаған. Бүгінгі жаңаша көзқарас­пен қарағанда, мен еліміз өзінің тарихи Тәуелсіздігін жариялағалы бері, ұдайы ел назарында келе жатқан сондай алыптары­мыздың бірі – жоғарыда біз сөз етіп отыр­ған белгілі жазушы, талантты журналист, драматург, баспагер, қоғам қайраткері Мереке Құлкенов деп білемін. Сонау 90-жылдардың басында елімізде жеке баспа өндірісі жаңа бастау алып жатқанда, соның алғашқы ізашар­лары­ның бірі де осы алғыр, іскер, алда­ғының бәрін күнібұрын ойлап тұратын Мереке аға болғандығын бүгінде біреулері білсе де, біреулері білмейтін шығар?!. Сондағы көп баспалар өздерінің аттарын да естіртіп үлгермей жатып-ақ, жұмыстарын жөндеп жүргізе алмай, мүлдем тоқтап қалғанда, Тәуелсіздіктің алғашқы кездегі дүмпуімен шаршау, қиналу, не кері шегіну дегенді білмей, әу бастағы өздерінің бастаған істерінен үлкен бір нәтиже шығарып, еліміздің Тәуелсіздік дәуіріндегі баспа өндірісінің атын шығаруға атсалысқан санаулы ғана іргелі баспалар болса, соның бірі бүгінде белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Мереке Әбдешұлы Құлкенов басқаратын «Өлке» баспасы деуге толық негіз бар. Бірақ, Мереке аға әу баста өзінің жеке баспасының жұмысымен айналысып жүріп, шығармашылық жұмыстарын да ұмытып кеткен жоқ. Жазуын жазып, «Жалындағы» жұмысын әрі қарай жемісті атқара берді. Бертінде талантты жазушы Мереке Құлкенов аталмыш әдеби басылымға бас редактор болып тағайындалды. Мен бұл кезде «Жұлдыз» журналында очерк және публицистика бөлімінің меңгерушісі болып істейтінмін. Жұмысбасты болып жүріп, бұл кезде мен «Жалынға» бұрынғыдай жиі барып тұруды сәл сиретіңкіретіп кеткен едім, бірақ Мереке аға мені ұмытпапты. Бас редактор болып тағайындалғанының ертесіне-ақ мені өзіне шақыртып алып, «Жалынның» жауапты хатшылығы қызметін ұсынды. Мен жүгіріп келіп, бұл ұсынысты «Жұлдыздағы» бас редакторым, белгілі жазушы Мұхтар Мағауин ағаға айттым. Ол кісі: «Өсіремін деп тұрса, жолыңды қалай бөгеймін? Сапарың сәтті болсын», – деп, ұжымның алдында өзінің ақ батасын беріп, шығарып салды. Шыны керек, мен алғаш «Жалынға» қызметке келген кезде, көпке дейін бой үйрете алмай, өзім іштей біртүрлі болып жүрдім. Бірақ, бұның бәрі де тек уақытша ғана әсер, тек уақытша ғана жағдайлар екен. Мәкең өзі бас редактор ретінде қол қойып шығарғалы отырған алғашқы нөмірін жоспарлаған кезде ұжымды жинап алып, көп ақылдасты. Әрқайсымыздың пікірімізді сұрайды. Содан нөмір жоспарланып, енді жұмы­сымыздың бас-аяғы жинақтала келді-ау деген кезде, бір күні Мереке аға айтты: «Жастардың басылымы дегенмен, осы бізге бір сүйекті материал керек секілді. Әбекеңнің жағдайы қалай екен? Қолында даяр тұрған несі бар екен?» – деді. Ол кісінің Әбекең деп отырғаны Әбділдә атамыз еді. Ол кісінің ана кезде Шығыс елдерінің біріндегі біреулер өзінің жырларына ғашық болып, өлең шығарып, онысы алматылық басылымдарда жарық көріп, бір гулесіп қалғандығымыз ғана болмаса, жалпы соңғы жылдары атамыз­дың есімі көп естілмей кетіп еді. Мәкең сол жағын ескеріп отыр екен. Және де, алғашқы бір реттегі жоспарлаудың үстінде Мәкең маған қарата сөйлеп: – Сен ертең Әбекеңнің үйіне барып, халін біліп, егер даяр тұрған өлеңдері болса, нөмірге береміз деп, сұрап алып келсеңші, – деді. Әбділдә атамыз тау жақтағы жазушы­лардың Шығармашылық үйінің маңайын­дағы жеке үйінде тұрады екен. Ертесіне мен адресі бойынша Әбділдә атамыздың үйін де оңай таптым. Өзінің бүтіндей өмірін әдебиетке, поэзияға берген айтулы тұлға емес пе, енді өзінің жаңа жырлары хақын­дағы әңгімеге атамыздың бірден-ақ іші жылып сала берді. Мереке аға да Әбділдә атамыздың өлеңдер топтамасын редакцияға келген бойда-ақ бірден нөмірге салды. Құдайға шүкір, сол жолғы нөміріміз тіптен жаман болып шыққан жоқ. Оны да нөмір шыққаннан кейін оқырмандарымыз бен авторларымыздың хабарласып, бір­қатарының редакциямызға жиі келгіштеп кеткендігінен де біліп-ақ жатырмыз. Әрі, бір жағынан, Қазақстанның Халық жазушысы Әбділдә Тәжібаевтың сондағы топтама өлеңдері Мәкең қол қойған алғашқы нөмірдің ғана емес, қазақ баспасөзінде айтулы орны бар Мереке Құлкеновтың әдеби басылымның бас редакторы ретіндегі тұсауын да кескен қомақты бір дүние болды. Менің бұл жердегі Мәкең қол қойған алғашқы нөмірден кейін, әдеби орта «Жалынға» ерекше көңіл қоя бастады деп отырған­дығым да тегін емес. Біздің баспаханамыз «Дәуірде» болатын. «Дәуір» баспаханасы Көкбазардың қарсысындағы тоғыз қабатты баспасөз үйінде еді. Бір күні осы баспа­ханаға келе жатып, екінші қабатта Тұман­бай ағамен кездесіп қалдым. Мен «Зердеде» жұмыс істеп жүргенде, біздің Тұмағаң басқаратын «Балдырған» журналымен кәсіподақ ұйымымыз бір болатын. Соған орай, мерекелік дастархандарда екі редакция бір жерден табылып жататын едік. Талай жақсы әңгімесін тыңдадық. Енді көрген бойда-ақ ағамызға сәлем беріп, өзімнің бүгінде қайда жүргендігімді айтып жатырмын. Тұманбай ағам айтады: «Иә, «Жалындарыңды» көріп, оқып жүрмін. Қазіргі бағыты жақсы. Бірақ, бұл «Жалын» бұрын менен өлең сұрайтын еді, қанашама уақыт өтті, ондағылар менен өлең сұрауды қойды», – дейді. «Тұмағаңның өкпелегені қалай?» – деп, кейін бұл ойымды жоспар­лаудың кезінде Мәкеңе айттым. Мәкең: «Тұманбай ағам бұрын осы «Жалынды» басқарған, сондықтан, ол кісінің өкпесі дұрыс. Сен енді ол кісімен тез арада хабарласып, келесі нөмірге өлеңдерін сұрат», – деп, тағы да бір шұғыл тапсырма берді. Кейінгі бір нөмірімізге көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің жаңа топтама өлеңдері шыққанда, журналымыз, шыны керек, тіптен-ақ жанып кетті. Осы алғашқы нөмірлер бас редактор Құлкеновты біршама шынықтырып, алдағы жұмысқа да әбден құлшындыра түсті. Әлі есімде, бірде Мәкең кезекті жоспарлаудың үстінде өзінің осы басылымда бас редактордың орынбасары болып жүрген кезінде-ақ алысты-жақынды шет елдердегі байырғы қандастарымыздың әдеби мұраларын жариялауды тиіп-қашты болса да, қолға алғандарын тілге тиек ете келіп: «Шет елдердегі қазақ әдебиетінің үлкен бір ортасы – мына іргеміздегі Қытайда тұратын бауырларымыз ғой. Солармен бүгінде еліміздің қатынасы да жаман емес. Біздің бүгінгі елімізде өріс алған қазақтануға қосқан бір үлесіміз болсын, біз осы Қытайдағы қазақ қандастарымыздың әдеби ортасымен байланысқа шығып, солардың бүгінде не істеп, не тындырып жатқандықтарын біліп, әдеби мұраларын өз оқырмандарымызға ұсынып көрсек қайтеді?» – деп қалды. Жақсы-ақ іс екендігін өзіміздің де ішіміз сезеді, бірақ, біздің көбіміз енді әлгі жерде олай-бұлай деп, көп ештеңе дей алмадық. Өзіміз ол жаққа бара алмаймыз, әрі Қытайдан келіп, бізге «сіздермен байланыс жасағымыз келеді» деп тұрған жазушы ағайындарымыз да жоқтың қасы. Сонда бұл істі кім атқарады? Бастаған ісіміз орта жолда қалып қойып жүрмей ме? Мәкең айтады: «Осында Қытайдың елшілігі бар ғой, солардың қандай көмегі бар екен? Соны білейік!» – дейді. Елшілікке хатты мен жаздым, тексіміз қазақша, Мәкең соны үстінен бір қарап, жөндеп жіберіп, қол қойды. Енді сол хатты редакцияның жауапты хатшысы ретінде елшілікке мен апарып тапсыратын болдым. Қытай тілін білмеймін ғой, сондықтан, біртүрлі жүрексініп бардым. Сөйтсем, ондағы мамандар орысша сайрап тұр екен. Елшіліктің жасы отыз бес-қырықтардағы мәдениет жөніндегі хатшысы шығып, хатты өзі қабылдап алды. Мен орысшалап мән-жайды біршама түсіндіргендей болдым. «Жарайды, жұмыстанып көрейік», – деді ол кісі. Бірақ, ай өтпей, бізге елшіліктен хабар келді. Олар біздің Бас редакторы­мыздың хатын Қытай Жазушылар одағының басқармасы жанындағы Қазақ әдебиеті ұйымының басшыларына тапсы­рыпты. Ал, ондағылар болса, бүгінде «Жалынның» ұсынысы бойынша әжептәуір жұмыстанып жатқан көрінеді. Біз қуанып қалдық. Мәкең басында Қытайдағы байырғы қандастары­мыздың шығармашы­лығына қатысты қанша көлемде материал келсе де, оны журналға толық күйінде жариялайтын­дығын да бірден-ақ ашып айтты. Көп кешікпей, елшілік арқылы редакциямызға Қытай Жазушылар одағы басқармасы жанындағы Қазақ Жазушылар ұйымының ұзақ жылдардан бергі жетекшісі, сондағы қандастарымыздың арасынан шыққан талантты жазушы, ондаған кітаптардың авторы, аспанасты еліндегі әдеби ортаға ұлы Абайдың шығармаларын қытай тіліне аударуымен де танымал, өзі ханзу тілінде жазатын (бүгінде Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚХР Жазушылар одағының «Қытай жазушылары» журна­лының бас редакторы, Қытай халқы саяси консультативтік кеңесінің мүшесі – С.Х.) Мәжит Акбардың өздері тұрып, өмір сүріп жатқан алып елдегі қазақ әдебиеті үрдісінен жан-жақты мағлұмат беретін әдеби талдау мақаласы­мен бірге, бір топ қазақ ақын-жазушы­ларының көркем шығармалары да келіп жетті. Кейін бұл материалдар бүтіндей бір нөмірге жуық орынды қамтып, басылым беттерінде жарық көрді. «Жалынның» оқырмандары Қытайдағы байырғы қандас­тарымыздың арғы-бергі әдеби үрдісі және Қытай Жазушылар одағының олардың әдеби өміріне қандай­лықты дәрежеде мән беріп отырғанды­ғының қыр-сырымен де алғаш журналды Мереке Әбдешұлы басқарып отырған кезде танысты. Бұл біздің сол кездегі әдеби өміріміздегі үлкен бір жаңалық та болатын, бірақ, Мәкең «біз сондай бір игілікті іс тындырдық» деп, ешқашан бәлсінген емес. Сол баяғы сабырлы қалпынан бір айнымайтын. Мәкең басқарған «Жалынның» есейіп келе жатқандығын, оның жұмысына бүгінгі әдеби үрдісімізді жасап жүрген танымал қаламгерлердің атсалысуы қажет екендігін сол қалам қайраткерлерінің өздері де түсіне бастады. Солар енді өздерінің жылт еткен жаңа бір дүниелерін «Жалынға» ғана әкелетін болды. Дүкенбай ағамыздың дана Абайдың өмірінен жазылған ғұмырнама­лық романы да алғаш кітап болып шықпастан бұрын, біздің басылымда жарық көрді. Қадыр Мырза Әлі бертінде «Тарлан» сыйлығын алатын «Жазмыш» кітабына барар алдындағы жазған публицистикалық материалдарын әкелді. Атақты публицист, жазушы Сапар Байжанов өзінің редакторлығымен аты шыққан Ұзақ Бағаев туралы деректі хикаяты мен мұрағат қоймаларының бірінен тапқан атақты музыкатанушы, композитор Евгений Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» атты қомақты қолжазбасын алғысөзімен бірге біздің осы басылымға шығартты. Бұдан кейін, ақын, драматург Иран Ғайыптың бір көлемді драмалық шығармасы жарық көрді. Осының бәрі «Жалынды» оқырман жұрт­шылыққа жаңа бір қырынан да таныта түсті. Сол тұстағы «Жалынның» жаңаша жұмыс істеп, кешегі нарықтық өмірдің жаңа басталған тұсында сәл тоқыраңқырап қалған әдеби үрдісімізді қайта жаңғыртуға деген ұмтылысын мемлекеттік дәрежедегі үлкен қызметтерде жүрген үлкен жазушыларымыз Әбіш Кекілбаев пен Төлен Әбдіков те байқап, бертінде біздің бөлімдердегі жігіттердің хабарласып, басылымға өздерінің жаңа бір дүниелерін ұсынуды өтінген тілектерін қимай, екі бірдей үлкен жазушы ағамыз да әлгіндей үлкен қызметтен қолдары босамай жүрген соң, әрі қапелімде олай-бұлай деп тағы ештеңеге уәде ете алмай, өздерінің ерте­ректе жазып, әлі еш басылымға ұсынып, ешбір кітаптарына енгізе қоймаған, яғни, өздерінің үйдегі жеке мұрағаттарында ғана сақталған шағын жанрдағы туынды­ларын ұсыныпты. Бұл шағын әңгіме, новелла­лардың кезінде Құлкенов басқарған «Жалынның» жалындай түсіп, оқырман жұртшылықтың алдындағы абырой-беделінің арта түсуіне айтарлықтай септігі тигендігін қалайша ұмытарсың?!. Мен Мереке ағаның алыптардың аманатына асқан жауапкершілікпен қарайтындығын да сол кезде анық аңғардым. Мәкең «Жалынды» басқарып отырған жылдарында атақты Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» атты роман-эссесін төкпей-шашпай, басылым­ның қатарынан бірнеше сандарына жариялады. Мен бұрын «Жұлдызда» істеп келгендіктен, кезінде ұлы Әуезовтің де «Абай жолы» роман-эпопеясының даяр болған бөлімдері нөмір сайын «Жұлдыз» журналында жарияланып, оның ұзақ уақытқа дейін созылғандығын жақсы білетін едім. Ұлы Зекеңнің «Менің Әуезо­вымының» да әсері сондай күшті болды. Зекеңнің роман-эссесі аяқталған соң да, Мәкең журналдағы Әуезов рухының ізін суытқысы келмей, «Менің Әуезовым» айдарымен ұлы Әуезовты көрген, кезінде ол кісінің шәкірті болған, дәрісін тыңдаған бірқатар ірі қаламгерлеріміздің де есте­ліктерін жариялап отырды. Біз Алматы­дағы әдеби ортаға ол кісіден біршама кейіндеу келсек те, жақсы білеміз, жазушы Құлкеновті қалың қазақ оқырманына талантты жазушы ретінде танытып, қалыптастырған орта – «Қазақ әдебиеті» газеті. Ол осы газетте қызмет жасап, өзінің шығарма­шылық биіктеріне көтеріле алды. Мәселен, алғаш осы газетте жарияланып, бертінде Мәкеңнің бірнеше жинақтарына енген «Үрей» әңгімесі көлемі жағынан өте шағын дүниелердің қатарына жатар еді. Ал, енді өзінің көтерген жүгі жағынан… Алғашқыда ол оқырмандарға тіршілікте жиі кездесетін қарапайым ғана бір оқиғаны сөз еткендей болып көрінетіндігі рас, бірақ, осында зерделі оқырман үшін ойланып-толғануға дейін жетелейтін көптеген мәселелер тоғысып жатыр. «Түннің бір уағында подъезден құлақ тұндыратын ащы дауыс естілді». Әңгіме осылай басталады және барлық сюжеттік желілер де осыдан тарқайды. Ал, олай болса, Құлкеновтің әңгімесінің басындағы «құлақ тұндырған ащы дауыстың» жетегі бізді енді қайда алып барар екен? Бәлкім, сіз бұл жерде «ойпыр-ай, алдағы бір шытырман оқиғаның шеті әлден-ақ шығып тұр екен ғой» дерсіз. Жоқ, оқырман, сіз енді әлгі бір түн түнегін түрген «ащы дауысты» естіп, подъездің дәлізіне қарай шыға келген ұйқылы-ояу тұрғындарды көресіз. Бәрін де өздерінің түн ұйқыларынан тік тұрғызған жаңағы ащы дауыс. Ол әлдеқалай подъезге кіріп кетіп, енді кейін қарай шыға алмай тұрған бала мысықтың даусы еді. Жоқ, енді бұл жердегі әлгінде ғана «құдды емшектегі нәрестенің әлденеге мазасызданып, қолды-аяққа тұрмай шыңғырып жылағаны сияқты» мысықтың даусы да далада қалады. Жазушы бұл жерде әлгі бір ащы дауыстан шошып оянып, әлде соны естігелі бері жөндеп ұйықтай алмай, дәлізге қарай шыға келген көршілердің әрқайсысының ішкі толғаныстары мен ішкі жандүние­леріне үңіледі. Өйткені, сол тұрғанда, олардың әрқайсысының да әлгі бір ащы дауыстан алған өз қауіп-қатері мен үрейлі, мұңды сезімдері тағы бар. Әсіресе, бұл жердегі үрей тым басым… Осы бір үрейлі ой-толғаныстар мен сезім арпалыс­тарының кезінде кейіпкердің болмыс-бітім, мінез-құлық, олардың әрқайсысының тағдыр талайы да айқындала түседі. «Үрейдің» сонау сексенінші жылдары жазылып, жарық көргендігін ескерсек, бұл үрей тек бір подъезд тұрғындарының ғана бойларындағы үрей емес, бүтіндей қоғам­ның бойындағы үрейлі сезім емес пе екен деген ойымыз да өзін ақтай түсер еді. Социалистік қоғамның әбден өзінің шегіне дейін жетіп, Кеңестер одағындағы аз ұлттардың рухын таптай бастаған тұсында содан кәдімгідей бір қауіп етіп, халайыққа ескерту жасау үшін бұдан асырып айту, не бұдан артық батылдық жасап, мұндай тақырыпқа қалам тербеу де мүмкін емес еді. Ал, «Үрейдің» авторы соған барыпты. Жалпы, жазушы ағамыз өзінің «Үрей» атты кітабындағы қай-қай әңгімесінде де астарлап жазумен бірге, суреттеп жазу, кейіпкер әрекеттері мен олардың қимыл-қарекеттерінің өзінен де сырлы сезімдер туғызып, оқырман жүрегін барынша бау­рап әкетуге үлкен мән береді. «Жаңбырдан кейіндегі» Мәрзия кейуананы ұзақ уақытқа созылған азапты ойлардан кейін, бір-ақ сәтте төсегінен тік тұрғызып, бұрынғы күйеу баласының үйіне қарай дедектетіп ала жөнелетін ұлы күш – не күш? Баспадағы өлеңдерін шығартпай отырған редактор қызға салақұлаш етіп хат жазып, бүтіндей сырын ақтарып отырған жігіттің бойындағы мұқалмайтын жігердің арғы жағында тағы не жатыр? Олардың алғашқысында бойында шындыққа көз жеткізбей, жаны тыншымайтын ақ-адал ана жүрегінің пәктігі көрініс тапса, екіншісіндегі жанған от – ғашықтық сыры мен жүрек лүпілі еді. Жазушы осыны лиризмге толы, әрі өзінің жібектей жұмсақ, жылы сөздерімен әдемі түрде жеткізеді. Ал, «Қылкөпірдегі» суреттеулер ше? «Үй ішін жайлаған болмашы жарықтан кітап сөресінің үстіндегі балауызға өкшесін көтере ұмсынып тұрған балғын қыздың талдырмаш денесі байқалды» деген сөйлемдерден кейін сенің ол әңгімеден көз айыра алуың мүмкін бе? «Топ-томпақ бейкүнә еріндері мен үшкірлеу келген жұқалтаң қыр мұрны, жанарында балауыздың сәулесі ойнаған қой көздері, кеудесіне құлаған тоқпақтай қара бұрымы бір-бірімен жараса қалыпты» деп, қазақ бойжеткенін иненің көзінен өткізгендей қылып, әспеттейтіндігін қайтерсің?!. «Қайран қазақ арулары-ай» дейсің, осындайда!.. Осындай әдемі суреттеулер «Жазылмаған хабар» әңгімесінде де бар. «Әдіре қалғыр шаштың әлегі ғой, аш беліне түсетін қос бұрымын жиып әкеліп, желкеге түйемін дегенше сағат тілі тоғыздан асып кетеді» деген сөйлемді, оның арғы жағынан өзі әдемі, әдемілігіне сай күтімі де бір басына жетерлік қазақ қызының мұқияттылығы мен пысықтығына да сүйсінгендей боласың!.. Ал, осындағы «әсіресе, көктем шыға кеудесі ойық көгілдір көйлегін киіп, шашын иығына төгілте бос жіберіп, көшеге шыққанда, ашқарақ көздердің біразға дейін соңынан қалмайтынын сезінудің өзі неге тұрады!» деген сөйлем айшықты суреттеу мен суреттің өзін сезімге айналдырудағы шеберлікті де байқатпай ма?!. «Соңғы күн» әңгімесіндегі кейіпкерлер – ауыл адам­дары. Солардың бойларындағы іс-әрекеттерінен ауыл философиясының өз жұмбақтарын да аңғарғандай боласың. Өмір қандай қатал, бірақ, ауыл адамдары өздерінің бойларын­дағы жібектей болып ескен мінездерінен, адамгершілік, мейірбандық қасиеттерінен еш ажырай алмайды. Бәлкім, солардың қалайша қаскүнемдіктің құрбанына айналып шыға келгендігін сезбей қалатындықтары да сондықтан шығар?!. Жазушының «Ақ­көңіл», «Мазасыз түн», «Кенже», «Қош­тасу», «Ескерткіш», «Өрттен кейін» әңгімелері мен «Жібек жолы», «Таң самалы», «Үрей», «Ғашық» прозалық кітаптарына енген басқа шығармалары да – осындай шымыр да, шиыршық атқан дүниелер. Ондағы кейіпкерлер де өзіндік дара мінез, кісілік қалпы, адамгершілік болмыс-бітім, сыршыл сезім, аңқылдаған ақ-адал жүрек лүпілімен-ақ есіңде ұзақ уақытқа дейін сақталып қалады. Құлкенов, сөз жоқ, көпқырлы қаламгер. Мүмкін, оның өмірлік тәжірибесі, талғампаздығы мен ойшылдығы жүрегін әр кезде әрқалай толғандырып, қаламын батыл-батыл қимылдатуға да жетелейтін шығар?!. Бірақ, жазушының 2007 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жібек жел» әңгімелер, толғаулар кітабына енген «Біз­дің қоғам» публицистикалық-филосо­фиялық толғамдары оның ұзақ жылдық ізденістері мен толғаныстарының жемісі деуге лайықты. Біз осы қоғамда өмір сүріп, қоғамдағы болып жатқан жаңалық, өзгерістерді өз басымыздан кешіп, күнде­лікті солардың әрқайсысына өзіндік бағамызды беріп, бірде қатты разы болып, бірде әлдеқандай бір өкпе-назымызды, ренішімізді сездіріп жатсақ та, қаламгер ретінде бүтіндей қоғамның болмыс-бітімі, оның аяқ алысы, осы қоғамдағы өмір сүретін адамдар, шенеуніктер, әр деңгей­дегі басшылар, әкім-қаралар, қазанның басында отырғандар, ересектер мен жастар, ана-аналар, кейінгі ұрпақ тағдыры, елдің болашағы хақында кең ауқымды ой толғап көрдік пе екен? Айтсақ айтқан да шығармыз, әлдебір материал­дарымыздың ішінде кіжінгендей болып отырып, жазған да шығармыз, бірақ, соны енді жүйелеп, тұтастай бір қоғамның болмыс-бітімі ретінде алға тарту жазушы Құлкеновтің ғана еншісіне бұйырыпты. Құлкеновтің бұл еңбегін жазғанға дейін және одан кейін де қоғамдағы толғақты мәселелер, жазушы­лар, тұлғалар хақын­дағы ұсынған очерк, мақала, эсселері де бір төбе. Осының бәрі келіп қосылғанда, қаламгер шығармашы­лығының молдығы мен салмақтылығын да анық көрсетер еді. Қаламгер жаны зерттеуге құмар, ол қазақ үшін, халық үшін қажетті, елге ортақ ой айтуға тұратын дерек-детальдарды анықтап, ақиқатына жеткенше, ізденуден еш танбайды. Оның Шығыстың шынары – батыр қыз Мәншүк туралы «Аққан жұлдыз, қыршын тағдыр» деректі әңгімесі осылайша дүниеге келгендігі анық. Ең қызығы, жазушы халайыққа бұрыннан таныс жәйттерді қайта қаузап жатпай, батыр қыздың шыққан ортасы, оны тәрбиелеген отбасы, ата-ана, бүтіндей әулет хақындағы қызықты ойларды алдыңа тартады. Осы тұстағы оның «Өнер адамдары жиі-жиі бас қосатын берекелі үй Мәметовтер шаңырағы болыпты. Бейімбет Майлин, Халел Досмұхамедов, Мұхамед­жан Тынышбаев, Ахмет Жұбанов, Құдай­берген Жұбанов, Мәриям Хакімжанова, тағы басқа ақын-жазушылар елге, жерге мәдениетке қатысты ортақ әңгіме айтып, жарасым тауып жүріпті» дегендей сөйлемдерін тебіренбей, толқымай оқуың еш мүмкін емес. Ал, «Ұлттың бақыты немесе мен білетін Шерағаң» мақаласында ұлттық әдебиетіміздің белді бір өкілі, тәлімгер-редактор туралы өзі білетін жәйттерді ортаға сала келіп, оның «Ай мен Айша» роман-эссесіндегі Айша образына арнайы тоқталады. «Қарапайым қазақ әйелі». Және де, ол жәй ғана кейіпкерге айналған әйел заты емес, алып Шерханның өзін дүниеге әкеліп, аналық ақ сүтін беріп өсірген әзіз жан!.. «Айша анамыздың елге, жерге, балаға деген махаббаты, қажымас қайсарлығы, нәзік сезімі, өмірдің өзіндей қарапайым даналығы біз білетін Шер­ағаңның бойынан табылатын ұлы қасиет­тер емес пе?!.» деп те толғанады. Бұл тұрғыда Құлкенов өзінің кеңдігімен, әдебиеттегі тұлғаларға биік әдеби өлшем, биік өре тұрғысынан қарай білетіндігімен және өзінің осы бір сирек те ірі қасиетімен тағы да ерекшелене түсер еді. Ұзақ жылдық зерттеу, зерделеу тәжірибесі оның тарихи деректердің сырына тереңірек үңіліп, деректерді заман, уақыт талабына сай сөйлету және тарихи деректер рухынан тұлғалардың өміріне қатысты сыр аңдатуға да үйретіпті. Қаламгер қарымын танытатын сондай бір сүбелі жұмысы – «Есіл ердің бірі Халел Дос­мұхамедов» деректі әңгімесі. Бұнда да біз жазушының  Тәуелсіздік дәуірінде ардақты алаш ақсақалы Халел Досмұхамедов туралы алғашқылардың бірі болып қалам тербеген­дігін ұмытпауымыз керек. Жазушы бұндағы әңгімесін Халел ағамыздың тарихи тұлғасы кеңестік дәуірдегі тарихи шығармаларда біршама бұрмаланып жазылғандығынан бастай отырып, енді Тәуелсіздік дәуіріндегі бүгінгі таным-түсінік, бүгінгі жас ұрпақтың есінде мәңгі сақталып қалуға тиісті тарихи тұлғаның шынайы болмысын анықтайтын, соған біршама көмегі тиетін мұрағаттық деректер мен қайраткер-қаламгер шығар­машы­лығындағы айшықты, танымдық мәні ерекше дүниелерді бөле-жарып айтады. Жазушының соңғы жылдары Америка сапарынан жазған «Көк мұхитты көктей өтіп» көлемді очеркі мен әр кезде елдің ортақ мәселелері хақындағы әңгімеге белсене араласып, туған жер, туған елдің қазына-байлығы, іргелі өндірістік орындар, жер дауы, мемлекеттік тілдің болашағына қатысты ой, пікір білдіріп («Мен айтпасам» атты топтама мақалалары) отыруы да азаматтық пози­циясы мен тыншымайтын қаламгер екендігін аңғартар еді. Ал, Махам­беттің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Махам­бет» кітапханасы сериясымен шыққан 20 томдық кітап пен «Махамбет елі» кітап-альбомын үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) даярлауда және «Букеевской Орде – 200 лет» жобасы бойынша жарық көрген 6 томдық кітаптың жалпы редакция­ларын басқарды. Публи­цисти­калық «Қазақ­стан» кітабы, «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» пьесаларының авторы. Шығармалары бірнеше шет тілдеріне аударылған. Осындай үлкен қаламгер, қайраткер тұлға, өзің аға тұтатын азаматтың шығармашылығы хақында сөз етіп отырып, оның отбасындағы сүйікті жар, ардақты әке, мейірімді ата екендігін тілге тиек етпеу мүмкін бе?! Алдыңғы толқын ағалардың тәлім-тәрбиесін көп көрген адам, шынында да, бөлекше қасиеттерге ие болып келеді. Ондай адамдар көп асығып-аптықпайды, бірақ, өзінің аяғын анық басады. Жазғанын бірден басылымға ұсынбайды, бірақ, оқырманын риза ететіндей шаруаларды ғана тындырады. Осындай кесек бітім – Мереке ағаның бойындағы тағы бір танымал қасиеті. Мен талантты да, білікті жазушы Құлкеновтің де шығармашы­лығының өзіне ғана сай келетін алтын кілті бар деп есептеймін. Сол қастерлі кілт ашылған күні, бұйыртса, ағаның тағы бір сүбелі дүниесін тұшынып оқып, рухани әлеміміздегі шөлімізді де қандыратын шығармыз. Олай болса, таланттың жүйрік тұлпары тек алға қарай жүйтки берсін деп тілейік! Серікқали ХАСАН, жазушы. qazaquni.kz